Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ. АҚКЕКIЛ

АҚКЕКIЛ

әңгiме
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ
 
Түзде туған соң түз тiршiлiгiн, оның әр алуан құбылысын кiм-кiм де сағынатын шығар. Саяқ жүрiп, боз далада еркiн көсiлгендiктен бе, бiр кезеңi бiр кезеңге жалғасатын сақара бұған ғанибет дүние болып елестейдi. Ер жетсе де бала сияқты аңсары ауады да тұрады. Соған қарағанда жас ұлғайғанмен, көңiл шiркiн сәби қалпында қалатын болса керек. 
Сан-салалы өмiр оны етене жақын малшы арасынан бiрте-бiрте алшақтата бердi, соңыра біржола қол үзiп кеттi. Томаға тұйық дала дидары бұған қаладан келдi деп тосырқай қараса, Шоқан жатсынып, жатырқаған емес. Қайта, жолы түссе қойлы ауылға бiр соқпай кетпейдi. Бүгiн де сол әдетiне басып, жайлау төрiнен табылды. Бiрақ, бұрындағы, өздерi малда жүргендегiдей емес, сай-саланың әрi тайып құлазып тұрған тәрiздi. Әйтеуiр, түз ажарын өзiнен басқа ешкiмге сезiлмейтiн бей-жайлық билеген. Тау-тас, тұма – бәрi қимастарынан айрылып, қаралы күй кешкен iспеттi. 
 
Түс әлетi. «Газ-53» машинасы үйге тұмсық тiрей тоқтап, Шоқан қораптан секiрiп түстi. Есiктiң алдында ағасы күле қарсы беттеді. 
– Кеп қалдың ба, Шоқантай?  – Бетiнен сүйiп, кеудесiне қысып, арқасынан қақты. Осы сәтте кабинадағы мал дәрiгерi Ұзақ та:
– Ассалаумағалейкум! – деп, қос қолын шопанға ұсына бердi. Ыдырыс Шоқанды құшағынан босатып, Ұзақтың сәлемiн алды. 
– Күнiм-ай, келдiң бе?  – Қазандықтың қасындағы Тыныштық шешесi де мұны көре салысымен алыстан айналып-толғана елпiлдей жүгiрiп, дәп бiр кiшкене баладан да әрмен еттi. Қарындастары шұрқырап, мойнына асылды. Үшеуiнiң де бетiнен кезек сүйiп, сол шат-шадыман қалпында киiз үйге кiрдi.
Кең жайылған мол дастархан жасаулы тұр. Ұзақтар шайға қарамай, әлi барар жердiң алыс екенiн айтып, аттанып жүре берген. 
Ыдырыс қойды өрiстен жаңа әкелiп, түстенейiн деген беті екен. Шоқан келгенге ағасы мен тәтесiнiң көңiлi ағыл-тегiл. Мiнезi ауыр, көп сөйлемейтiн отағасының өзi жадырап, тұйық қалпынан жаңылғандай. 
Әкесiнiң iнiсi Ыдырыстың шаңырағындағы осы бiр жылы шырай Шоқанның қасаңдау қабағындағы кiреукенi барынша сейiлтiп жiбердi. 
Бетiнде қаймағы қалқып, қоңыр күрең шай жеттi. Дастарханның бiр бүйiрiн ала шынтақтай жайғасқан Ыдырыс ағасы:
– Жүдеп қалыпсың ғой бозарып, жағдайың қалай? – деді бұған назарын бөгеп.
– Жақсы, аға. – Жігіт жымия үн қатты. 
Бұрындары күннен қошқылданған кескініне әбден көзі үйренген, енді жел мен ыстық шалмай бозаң тартқан өңін жүдеулік деп жорыса керек.
– Алматыдан қашан келдiң? 
– Бiр жұмадай болып қалды. 
– Дөкей-дөкей ірi бастықтарды көрiп тұрасың ба?
Шоқанның езуіне тағы да күлкі үйірілді.
– Апаңның денсаулығы мықты ма?
– Жақсы. Жақында жылқы зауытына жұмысқа орналасыпты.
– Далаға үйренiп қалған, ауылды тосырқап жүрген болар, – деп, Тыныштық тәте де сөзге араласты. – Оның үстiне мынадай ыстықта етекте қалу деген қиын-ақ. 
– Әрине, қиын ғой жыл сайын жайлаудың төрiн жайлаған адамға. – Ағасы қызу қостап қояды. Бiр кезде:
– Әлгi «Саңқайдан» хат бар ма? – деп, Шоқаннан кейiнгi әскерде жүрген Әлiмбектi сұрады. Әлiмбектiң жаратылысынан әжесiне тартып, мұрнының ұшы шалқақ бiтiп, таңырайып тұратындықтан Ыдырыс оны әуелден «Саңқай» деп еркелететiн.
– Иә, өткенде суретiн алдық.
– Е-е, ел iргесi аман болса, ертең-ақ ауылға оралар. Бiздiң Ержан да суретiн салыпты, бөлiмшенiң командирiмiн дей ме, бiрдеме дейдi…
Шоқан әңгiменiң бетiн басқаға аударды.
– Аға, үш жылдан асып барады екен, жайлау қызығын көрген емеспiн. Кейде түсiме кiредi.
– Е-е, батыр-ай, атты сағындым де. Байыз тауып үйде отыра алмай, берi тартқан екенсiң ғой. – Күнге тотыққан қызыл-күрең өңi құбылып, сәл жымиды да, сүт қатқан қою шайын сораптай бердi. Аз-кем үнсiздiктен кейiн қайта сөзiн жалғады:
– Қойлы ауылда ауыз толтырып айта қоярлықтай өзгерiс жоқ, бұрынғы өзiң көргендегiдей. Бiздiң тiрлiк сол, дәупай күреңмен күнделiктi қой соңындамыз. Малға қарайлаған соң не жаңалық болсын. 
Шай iшiлiп, дастархан жиналды. Шоқан сыртқа шығып, құрысқан денесiн жазды. Шөп биыл да бiтiк өсiптi, масатыдай құлпырып, көздiң жауын алады. Түстiкке өрiстен келген отар су жағалай бытырап, жусап жатыр. Мына құнарлы жердiң шүйгiнi жаңа пiскен май шелпектей болса керек, бырт-бырт үзедi. 
Алып-ұшқан көңiлі үзеңгіге аяқ артпай басылатын емес. Керегенiң ұшында iлулi тұрған жүгендi алып, тұма басындағы шыбындаған аттарға беттедi. Алыстан көз жiберiп, осы үйдiң бас аты Шиқасқаны iздедi. Бөгелек тидi ме, ығы-жығы айқасқан үш-төрт қыл құйрықтының бергi жақ шетiндегi шолақ қара тай пысқырынып, орны жайсыз болғандай суды шалпылдата үйездеген жылқылардың келесi қапталына шыға бердi. Сол-ақ екен, торы төбелдiң шоқтығына басын асып тастап, құйрығымен екi бүйiрiн кезек сабалаған Шиқасқа назарға шалынды. «Тосыннан төбе көрсеткен кiм бұл өзi?» дегендей құлағын тiге бейсауат адамға жатсына қарады да, ежелгi танысы екенiн бiлдi ме, қайта бей-жайлыққа түстi. Жайлауға келгелi арқасына шыбын қонбаған тәрiздi – жарылғалы тұр. 
Он шақты қадамдай қалғанда «құр» деп дауыс шығарды да ептеп жақындай берiп, қолын созды. Нәтiнде жуас ат селт еткен жоқ. Жүгендеп, жайдақтай ырғып мiндi. 
Шоқан келген бетте үй iргесiне сүйелген ер-тоқымды Шиқасқаға ерттедi. 
Қаршадайынан ат құмар боп өскенiне әбден сыралғы Ыдырыс оның әлдеқайда қамдануының тегiн емес екенiн бiлсе керек:
– Ал ендi, Шиқасқаның басын бұл жолы қайда тартып, қайда тiремексiң? – деп, ескiлеу қалпағын маңдайына қарай сырғытып, желке тұсын болмашы қасыды. Өңiнен күлкi табы бiлiнедi, көзiнде – сұрақ.
– Көз көрген, дәмдес-тұздас болған әйемнiң құрдастарына, шәй деспей сыйласқан жора-жолдастарына сәлем берейiн деп, аға. 
Қалада сән үшiн киген кроссовканың ер үстiне аужал болмасын аңдады ма, киiз үйде күйбеңдеп жүрген әйелiне отағасы:
– Тыныштық-ей! – деп дауыстады. – Төсектiң астында жатқан етiктi Шоқанға бер. Әйтпесе, анауымен аяғын үзеңгi жеп қояр.
Жап-жаңа былғары етiктi киiп, мамаағашқа беттедi. Жирен ат басымен әуре, тынымсыз бөгелектейді. Айылды тартып, ерге қонды. Мiнiс көрмей, көбе боп қалған Шиқасқа жеңiл басып, қотаннан ұзай бердi. 
Бала кезден таныс жер көптен көрмесе де көзiне оттай басылды. Мынау астаудай ғана шағын өзектi Ойжайлау деп атайды. Аумағының тарлығына қарамай суы – мол, жерi – от. Ел етекке көшкенше шөбi бiр бiтпейдi, төскейiнде мыңғырған мал жатса да жұтаң тартқан жер емес. Өзi тағы да айрықша көңiлдi, шат күндерден бiр арылмайды. Ерулiк, той дегендерiң бiрiн-бiрi iлiп әкетiп, жалғасын тауып жатады. Ондай жиын болған соң, көкпар тартылмауы мүмкiн емес.
Сондағы ұлан-ғайыр халықты, шұбырған көкпарды есiне алғанда сәби көңiл ме, жоқ құштарлықтан туған қомағай көңiл ме, желдей есiп, Шоқан тақымын қысып қалды. Осыны күтiп келе жатқандай жирен де ытырылып жөнелдi. Ат жағдайы мәлiм – етi ауыр. Қазысы жыртылар деп, көп ұзамай амалсыз тiзгiнiн тартқан. Оның үстiне ауыл арасында жөн-жосықсыз шабуылдау көргенсiздiктiң белгiсi. Ысылмаған жануар аз жер шапқанға танауы делдиiп, ентiгiп, мойнынан, қолтығынан шып-шып тер шығып үлгерiптi.
… Сонау бiр жылдары аты шулы Ақкекiл атпен Шоқан «Қызылдың» иiнiнен жерi тастақты болса да, көкпарды Ойжайлау төрiне бiр-ақ жеткiзген. Екi ортадағы құз бен шыңда талай қылқұйрықты болдырып, жолда қалды. Қазтабандылар бетiмен жер басқандай болып тасырқады. Үмiтiн үзбеген аз ғана топ көкпар соңынан iлескен…
Аяқ астынан ауылға сап етiп келген лақтың пұшпағынан ұстап қалмақ ниетпен, бүкiл жайлау ошарыла шықты. Ауыл адамдары алаңсыз ойнап, қызыққа батты. Қияпат дода шиеленiсе түстi. 
Алдыоңғардың Жұманы көк атына үш айылды қатар тартып, көкпарды тақымына орап басып, дүйiм жұртты елемей елiредi. «Осы тартыстарыңмен менен ала қоям деп тұрсыңдар ма?» дейтiндей.
Жастық пен қайрат шiркiнiң не жасатпайды, бұны көрiп Шоқан жанып салды. 
– Кел, байқастап көрейік.
Ақтабан торы атты тебiне жақындаған ол лақтың алдыңғы сирағынан алып, таралғының ортасынан мейлiнше молынан өткiзе тақымына басты. Әбден кәнiгi астындағы Ақкекiл де баққаны осы тәрiздi қос тiзесiн бүге, шiрене түстi. Орап басқанның аты орап басқан, қаншалықты тақымы тастай сiрессе де лақ үзеңгi баудың арасынан сыдырылып, шығып бара жатты. Сирақтан ұстап қарысқан қос қолы қылтасына кептелдi. Саусақтары барып сiрi қайысқа жаншылды. Бiрақ Шоқан әлеует күш жанына батса да тістеніп, жiберер көрiнбейдi. 
Бақса, қарсыласының да халi мүшкiл, қып-қызыл боп долыра түтіккен. Қолдары болмашы қалтырайды, әлi қашса керек. Мiне, екеуiнiң арасы алшақтағандай, лақ сымша тартылған. Жұман бұдан ары көпке шыдай алмады. Қанша тiсiн тiсiне қойып тырысқанымен Шоқан да, торы ат та соңғы күшiн сарқа жинап, көкпарды суырып әкеттi. 
Құрсаудан құтылған жануар тыңнан қосылғандай жұлдызша ағып, дөңдi асып жоғалды.
Халық арасында үлкен қашан да кiшiге сыншы. Сералы қария күллi жұртты қызыққа қандырған Шоқанның өнерiне тәнтi болды.
– Е, көке-ай, тарамысша тырысып өзi қарулы екен ғой. Қалай-қалай қимылдайды, жаңа бiздi шыбын шаққан құрлы көрмей тұрған зiңгiттей Жұманды ат-матымен аударып кете жаздамады ма? Торы ат та пырақ, неше құзды соңына тастап, қара суды терiс ағызып шауып келсе де болдырар сыңайы жоқ.
Бұл кезде Шоқан батасын алайын деп көкпарды, iргеде ғана тұрған әкесiнiң құрдасы Қанапияның үйiне тастап едi. Әрi сол үйде осы кеш үлкендердiң қасында әңгiме дүкен құрып, отырмақ та ойында болған.
Қас қарайған. Апақ-сапақта қайдан екенi белгiсiз, бейтаныс он шақты атты сау етті. Келгендер қысқа ғана амандық-саулық сұрасты. Бәрi бiлектерiн сыбанған, намысты қолдан бермей, жайлауларынан жырақ, лағып кеткен лақты қайта алып қайтпақшы. Қанапия қария:
– Қараңғылық қоюланып келедi, жаман айтпай жақсы жоқ, жығылып мертiгерсiңдер. Кешке дейiн ойнадыңдар – жетер, көкпар қалсын осында. Қазiр сойып, кемпiрге қуырдақ жасатамын. Келген екенсiңдер, түсiңдер, қонақ болыңдар, – дедi бәйек қағып.
Бейтаныстардың iшiндегi жауырыны күжiрейген қалың қара мұрттысы астындағы шабдарын тебiнiп, алдыға ұмсынды.
– Ақсақал дұрыс қой бәрi. Ниетiңiзге рахмет! Көкпар өзiмiздiң ауылдан шықса да, пұшпағына да қолымыз тимей арманда қалдық. Содан соң әдейiлеп iздеп келiп тұрмыз. Ал сiздiң мына сөзiңiзден кейiн маңдайымызды тасқа соғып алғандай болып…
Өзге жiгiттер де мұртты қараның сөзiн iлiп әкетіп:
– Ақсақал, берiңiз ендi. Опынған көңiлдi ең құрымағанда тақымдасып басайық та. Есемiз кетiп-ақ тұр, – деп, тұс-тұстан даурығысты. 
Қарияның есiне өзiнiң де талай сандалып көкпар iздеген жастық шағы түстi ме, иi жiбiп, «жарайды, алыңдар» деп, лақты қотаннан ұзатып барып, ортаға тастады. «Абай болыңдар» деген сөздi де айтып үлгердi.
Қырқысқан доданы ешкiм де бұзып-жарып кете алмай, бiр орында айналды да тұрды. Жаңағы шабдар мiнген еңгезердей жiгiт лақты тақымына басып, ер үстiнде шiрене шалқайған. Дәл бiр осыда өшi кеткендей құшырланады. Оған Жұман да жан-тәнiн салып, жабысып жатыр. Бiрақ шабдар атты қарулы, қалай болса да басымдығын танытты. Оңы да, солы да бiр екенiн батыл қимылы аңғартады.
Ойжайлаудың әйгiлi додашысы Уәли:
– Қап, көкпар келетiнiн бiлген жоқпын, әйтпесе күрең атты мiнер едiм. Мына құнанда не қауқар бар дейсiң? – деп өзiне-өзi кейiп, санын соғады. Әле-сәле түкiре бередi. Сiрә, iшi күйiп бара жатса керек. 
– Жетекте атты, жетекте!  – Бөтен біреу екiлене айқайлады.
Ол кезде айналаны әбден қараңғылық басқан-тын. Белгiсiз бiреу шабдарды жетегiне алды да, керектi жағына тартты. Ендi ойжайлаулықтардың салпақтап еруi ғана қалды. Әркiм келiп бiр жұлқып өтедi, шабдар аттының тақымы – тас шеге, мiз бағатын емес. 
Шоқан торы атты жел жақта ұстап, бiреуiнiң оңаша шығуын күттi. Бiрiн-бiрi жетелеген топ Ойжайлаудың қақ төрiне келдi. Шабдар аттың да, иесiнiң де жаны жоқ сықылды, дырылдата сүйреп барады. Ендi мына қайқаңнан көтерiлсе бiттi, қайта оралуы қиын. 
Бiр кезде әлдекiм:
– Құлжа, барсың ба? – деп барқырай дауыстады. Әлгi күжiрейген мұртты болса керек.
– Бармын!
– Кел, жақында мында.
Шоқан да бағдарлап, «кiм екенiн көрейiн» деп таяна бердi. Сол-ақ екен, атқан оқтай саңлақтанып бiреу жеке кеттi. «Қуғаныммен жете аламын ба?» деп дүдәмал ойда тұрды да, лажсыз тақымын қысты. 
Жаңағы әп-сәтте арқан бойы жер ұзап алған, атының шабысы перен. Екi орта біртін-біртін алшақтап бара жатқан тәрiздi. Ендi Шоқан көкпардан күдерiн үздi, бiрақ Ақкекiлдiң қаншалықты әлi бар екенiн бiлгiсi келдi де, тежемедi. Бiр абұйыры әлгi беймәлiм салт атты қара жолдың табанынан аумай құйғытады.
Ай әлi тумаған, тастай қараңғы түн. Тек сол қараңғылықты елемей, болат тұяқтар ғана жердiң төсiн тынымсыз төмпештейдi. «Көктөбеге» жақындағанда Ақкекiлдiң бауыры жазылып, өзiн еркiн сезiнгендей, аяғын жеңiл ала бастады. Әуелден-ақ осыны күткен Шоқан «шү-у, жануар!» деп, жалына жабыса түседi. Жайлаудың салқын самалы беттi шарпи кеудеге ұрып, оның үстiне аттың екпiнi бар, көзiнен жас парлады. Аралары қайтадан бiрте-бiрте жақындап, алшақтық қысқарып келе жатқан сияқтанды. Екеуiнен басқа тiрi пенде жоқ. Тек жолда кездескен шопан үйлерiнiң иттерi ғана әудем жерге шабалана жарысып барады да, «қой, бiраз ермек жасадық, болар ендi» дегендей қалып қояды. 
Дүбiр таянған сайын ананың әтүйiрi қашты. Қайта-қайта жалтақ-жалтақ қарай бередi. Әне-мiне дегенше, Ақкекiл құйрық тiстестi. «Иә, сәт!» дейдi iшiнен Шоқан.
Жол бұралаңдап әкелiп, оларды қайқаңға тiредi. Бұл – Ешанқан марқұм отыратын жұрттың бергi жағындағы қия бет. Бұдан асса, жеткiзбей кетуi әбден мүмкiн. Әйткенмен, аттар да титықтаған, жанұшыра ышқынады. Қаракөктi иесi қатты қыстап жiбердi ме, әлде сойқан шабыс күшiне тидi ме тiк өрге келгенде барлықты да қалды. Сол сәт торы оған тура байлап қойғандай жеткен болатын.
Шоқан да ұмсынып барып, шабандоздың алдындағы өңгерулі көкпарды солқ еткiзiп жұлып алды. Аттың басын керi бұрып, өз еркiне жiбердi. Лақты оң жақ иығына лақтырып тастай салды. 
Ақкекіл дауыл тұрғызып, бар пәрменімен ағады.
Әуелгiдей емес, еңсесi көтерiлiп, көкірегі күмбірлей жөнелді. 
Ұзап шыққаннан кейiн қуғыншы жоқ екенiн бiлген соң, торыны тежеген. Етi қызып алған жануар ауыздықты қарш-қарш шайнап, аузынан ақ көбiк шашады. 
Кешеуiлдеп ұясынан көтерілген ай жердi алакөлеңкеге бөктiрдi. Түнгi ерке самал өн бойыңды аймалап, сүйкiмдi күй кештiредi. Тау баурайынан құлап аққан бұлақ даусының бiр сарынды сарылы құлаққа еркiн естiлiп тұр. Сонадайдан шопан үйiнiң жарығы әлсiз болса да «мен мұндалап», түн түнегiн тiлiп өтiп, буалдыр сәуле шашады. Аракiдiк ерiне үрген барпылдақ төбеттердiң керенау үнi де, қараңғылықтың қойнауына сiңiп жоқ болады.
Осы бiр маужыраған түнде засырықтан өтiп кеткен көкпарды алып оралған Шоқанның көңiлi көтерiлiп, кеудесiн қуаныш кернедi. Торы ат әлi шабыс тiлеп, аяғын алшаңдай басады. Тақымын қысса болды, желдей еспек. Ол да жеңiс туының өз жағында екенiн бiлетiндей.
 
… Осының бәрi бiр сәтте көз алдынан тiзбектелiп елес боп өттi. Сондағы көкпарды «Қызыл» жайлауынан Ойжайлауға алып келiп, одан «Аюақырғанға» таяп қалған жерiнен қайта қайырғаны – көкiрегiнде жырдың қызықты хикаясындай шертiлiп келе жатты. Одан берi де ұлы дүбiрмен ат сабылтқан талай көкпарлар өттi ғой, шiркiн. Тек Ақкекiлдiң ел аузына iлiне бастағаны содан кейiн едi. 
Былтыр қыста Шоқанның әкесi кенеттен қайтыс болған соң бағымындағы отарды көмекшiсi Жетпiсбай қабылдап алған. Қазiр әкесi мiнiп жүретiн ақпа бозжорға да, әйгiлi Ақкекiл де соның қолында.
Жетпiсбай Шоқандарға аралас-құралас, ежелден жекжат. Ауыл-аймақ төбелерiне көтерген сыйлы азамат.
Шиқасқаның басын сол үйге бұрды. Алдынан шәуiлдей үрiп кiшкене ала күшiк шықты. Атағаштағы байлаулы бозжорға «келдiң бе?» деп, оны танығандай мойнын бұрып, оқыранып қойды. Салған бетте Шоқан аттан қарғып түсiп, бiрден бозжорғаның мойынын құшты. Жануар селт етпедi. Шексiз рахат күй кешкендей көзiн жұмып, мамаағашта мүлгiп тұра бердi. Балалығының ең бiр қызықты шағы осы аттың үстiнде өткендiктен бе, Шоқанның жүрегi алып-ұшып, мазасыз тарсылдады. Екi көзi жасаурап, кiрпiгiн қағып қалса шарасына iркiлген сағыныш жасы құйылып кетердей.
Алыпқашты алақұйын күй билеп қанша тұрғаны белгiсiз, арқасынан бiреу қаққанда барып селт етiп, ұйқысынан оянғандай болды. Жетпiсбай екен, төс түйiстiрiп амандасты. Ол Шоқанның қолынан шылбырды алып, қазықбау шалып байлап жатып:
– Шоқантай, жiгiт емессiң бе, сонша егiле берiп не болды? Тәңір жаратқанын өзi алды. Ешкiм де бұл пәниде жалғанды жалпағынан басып жүре алмас, әйтеуiр – бiр өлiм. Қайта ол кiсi өлмек емес, сендер бар емессiңдер ме өренiн жалғастырар, – деп, жігерлендіре сөздi түйдек-түйдек ағытты.
«Сиымсыз қылығым әбестеу көрінді-ау?» 
Екіұдай күй билеп, қысыла үйге кiрдi. Ақжарқын мiнездi Алтынжамал елпектеп, хал-жайын сұрап жатыр. Көңілін мұң жайлаған мейман соның бәрiне самарқау тіл қатып, мең-зең күй кешiп отыр. Жүрегi езiлiп барады: «бiздiң жұрт, бiздiң қой… бiздiң… ең асылы әкесі жоқ».
Алтынжамал бетiнде майы қалқыған сары қымызды сапырып кесеге құйды. Күштiлiгi сонша, жаңағы бiр-екi сапырғанға шырт-шырт сынып, сүйкiмдi иiсi мұрын жарып барады.
Тонның iшкi бауындай жақсы көретiн ағаның шаңырағында бұлай шырқы бұзылып үнсiз томсаруды сөкет санап, оны-мұныны сұраған болады. Жайлаудың қызықты күндерiн сағынып келгенiн жасыра алмаған.
Жетпiсбай Шоқанның жүрегi сазып, көкірегіне құса мен сағыныштың қабат ұйысқанын топшылап, әрi қарайғы әңгiменiң сәл де болса іркілгенін қаламады.
– Ой, Шоқан, ел жайлауға көшiп-қонып бiттi. Мына «Қора» жайлауының аузында келесi сенбiде сүндет той өтпекшi. Соған баралық, шақырып кетiп едi. Демалыста жүр екенсiң, оның ендi той-дүрмексіз сәнi кiре ме? – деп, өзiн-өзi құптап, көтерiле сөйледi.
Әлгiндегiдей емес, жiгiттiң жүдеу көңiлi марқайып, тұла бойы ширап сала бердi. «Әкең өлсе де, әкеңдi көрген өлмесiн» деген осы екен-ау деп те ойлады iшiнен. 
– Ақкекiл қайда?
– Жаратып жатырмын, қазiр бетегелi бетте арқандаулы тұр.
Тезiрек сыртқа шығып, торы атты көргiсi келдi. Тiл үйiрген салқын қымыз да жүрмей қалды. Соңғы шыныны асығыс жұтып, асып-сасып:
– Атқа барайықшы, аға! – дедi.
– Әй, Шоқан-ай, ат десе iшкен асыңды жерге қоюшы едiң, әлi сол мiнезiңнен арылмапсың-ау. «Қалаға кетiп, бәрi ұмытылды ма?» деп жүрсем…
Екеуi дастархан басынан көтеріліп, есiкке бет алды.
Жетпiсбайдың қолын артына айқастыра ұстап жүретiн әдетi едi, сонысынан қазiр де жаңылмады. Әрі, асықпайды-ау сабазың. Шоқан оның жайбасарлығына шыдамай, ұшып кете жаздап келедi. 
Алыстан Ақкекiл де көрiндi. Тектi жылқының тұрысы да бөлек бола ма, сонадайдан басын тiктеп ұстаған қалпы екеуiне аса келiстi порыммен қарады. Бұрын да кермеде тұрғанда құлағын тiгiп, аңырып алысқа көп қадалушы едi. Екi көзi мөлдiреп, әппақ кекiлi маңдайына төгiлiп, ұлы дүбiрдi күнi бұрын сезiп, тынышы кететiн…
«Адамнан да естi едi-ау жануар. Қазiр жат қолында жүргенiн сезе ме екен? Бiр кез өгейсiп, мәпелеп күткен әкемдi де iздеген болар. Ол сенiң ақ кекiлiңдi «нысана» деп қасиет тұтып, сылап-сыйпайтын. Дүйiм жұрттың арасында дүркiрете атағымды шығарған сен едiң, бәлкiм менi танырсың…»
Сол сәт денесiн ақпанның аязы қарып өткендей тiтiркендi. Көзiне лықсып ып-ыстық жас кеп қалды. Ерiксiз мөп-мөлдiр меруерт моншақтар бетiнiң ұшымен бiр-бiрiн қуалай домалап, үзiлiп түсiп жатты…
 
***
 
Бiр-екi күн Ыдырыс ағасының үйiне қонды да, Шоқан етекке қайтты. Бiраз демалуға да болар едi, бiрақ жалғызiлiктi шешесiн ойлады: «Әлiмбек әскерде, мен каникулда көмектеспегенде, қашан қолқабыс беремiн? Есiктiң алдында салынып бiтпей жатқан кiлет анау… Осыны бiле тұра қыдырып жүру…» Асығыс жиналғаны да сол едi.
«Газ-53» бағанағы қара жолдан шығып, Ешкiөлмес тауының бауырындағы асфальтта ызғып келедi. 
Машина қорабына жайғасқан Шоқан қатты жылдамдықтан өңiрiн елiре жұлмалаған желдiң өтiне қарсы қарап отыра бердi. «Шiркiн, Ақкекiл шапқанда да осындай боран тұрғызушы едi-ау». Жүрегi алып-ұшып, көңiлiн әлдеқандай лекiген қуаныш биледi. Жүйрiк ат туралы ойлау да адамға желiк бiтiредi екен.
 
***
 
Той болар күн таянған сайын Жетпiсбайдан дегбiр кетiп, торыны айналсоқтап мың рет сылап-сипаған. Күмiс кекiлi үкiдей үлбiреп, бiр дүрмектiң жақындағанын сезiнiп, жайылуды доғарды. Арқандап қойса ары-бері тынымсыз айналып жүрiп, арқанды шиырып тастайды.
Жетпiсбай бұл атты сырттай бiлгенмен, мұншама естiлiгiнен бейхабар едi. Ендi соны аңдап іштей сүйсiндi әрi таңданды. «Тiл жоқ, әйтпесе кейбiр адамыңнан да ақылды шығар-ау» деп те ойлады.
Той болатын күнi Ақкекiлге көршiсi Оразханның төртiншi сыныпта оқитын Мәдiбегiн мiнгiзiп, таңғы салқынмен «күндiзгi ыстыққа ұрынбайық» деп жүрiп кеткен. Жол бойы Мәдiбектi бәйге ережесiмен таныстырумен болды. «Қорықпай шап, жұтынып тұрғанымен басы сондай жұмсақ. Шү-у дегеннен жiберiп алма, екi айналым қалғанда тiзгiндi босат та тиыш отыр, қалғанын Ақкекiл өзi бiледi. Содан кейiн атты жел жақта ұста, жанамаласып шапқанда қасыңдағы аттан алшақ жүр». Тағысын-тағы, осы тақiлеттес ескертулер…
Бұлар той иесiнiң үйiне жеткенде, ауыл маңын қара құрым нөпір басып тұр екен. Кермеде үкi тағылған, жабу жабылған бәйгi аттары да бар. Бiрден торыны таныған жұрт:
– Қыпшақбай марқұмның аты келе жатыр, – деп, ду ете қалды. Топ алдынан басын шұлғып тастап, аяғын кербездене басып Ақкекiл өтiп бара жатты. Етi де ояз емес, қаншырдай қатып алған. Нағыз бабында-тын. Оның әр қадамын бақылап тұрған ел сұқтана қарайды. Бiр қызығы үстiнде жабу да, кекiлiнде үкi де жоқ едi. Қыпшақбай марқұмның өзi солай алып жүретiн, ат шабар алдында ғана ақ бәтестен бiлтелеп жыртып алып, кекілі мен құйрығын буып байлайтын.
Кiшi бесiн кезiнде қалың жұрт дүрлiгiп, «Бәйгiтөбеге» қарай бет алды. Жетпiсбай да солардың бiреуi болып, қасында Мәдiбек бар, кетiп бара жатты. Ендiгi ақыл айтып, тәптiштеп жатудың артық екенiн бiлiп, үнсiз бiресе атқа, бiресе баланың қас-қабағына қарай бередi.
Елдiң алды шоғырланып, төбенiң басына шықты. Сәйгүлiктердiң ер-тоқымдары сыпырылып, жабулары алынып, жалаңаштанды. Жетпiсбай да шеткерiрек барып, Ақкекiлдiң ерiн «иә, аруақ» деп сыпырған-тын.
Жануар бұрынғыдай мамаағашты жұлып әкетердей тықыршымайды. Қым-қиғаш халыққа аңырып қарап, селт етпей бiр орында қалшиып қалыпты. Кекiлi мен құйрығын байлап, сауырынан сипағанға да елең етпедi. «Иә, тәңiрiм, қолдай көр!» деп, Жетпiсбай баланы жайдақ атқа көтерiп мiнгiздi.
Iрiктелiп бәйгi аттары ортаға шыға бастады. Олардың iшiнде көпшiлiкке танымал – Алдыоңғардың  белгiлi жиренi, Қапалдың қара аты бар. «Ильич» колхозының сарыбауыры да осында. Қалғандары бұрын көзге түспеген белгiсiз жылқылар, бас-аяғы елу үш ат болды. Кiрешi балаларды жер жағдайымен таныстыру үшiн бәйгi төбенi айналып алып жүрдi. Күнгей жағында ескi жұрт бар екен, қазан-ошақ қазылған шұңқыр ма, әйтеуiр, ойдым-ойдым нәрселерi көп. Өзi ойпаңдау жерге орналасқан, жотадағыларға көрiнбейдi және быжырқай-быжырқай тас. 
Осы тұсқа келгенде кiрешi атшабар балаларды тоқтатып:
– Мынаны кеңiнен айналып өтiңдер, әйтпесе жығылып мерт боласыңдар, – деп ескерттi де, алға тартты. Шығысқа қарай бұрылғанда өр, соған тырмысып шыққан сайын ел анық көрiнедi.
Аламан бәйге алдында елу үш атты тiз қатар тұрғызып, кiрешi:
– Бiр айналым – төрт шақырым, жетi айналасыңдар! – деп, тамағы қарлыққанша айқайлап хабарлады. Сосын астындағы қаракерiн тебiндi де, бiр шетке ығысып, қолындағы жалаушаны сiлтеп кеп қалды. 
Осыны күтiп, шыдамсызданған сәйгүлiктер жер әлемдi дүр сiлкiндiрiп, жосылып кеп бердi. Болат тұяқтар дала төсiн ұрғылап, шаңды аспанға атты. Үйме-жүйме топ ә дегенше төбенi бiр айналып тастады. Екiншiсiн еңсерiп, үшiншiсiне кеткенде, алдыңғы шоғырдың қатары сейiлiп, тiзбектеле бастады. Тiптi, бiрлi-жарымы қатардан шығып та үлгердi. 
Ақкекiлдi тежеп ұстаған Мәдiбек алдына тоғыз атты салып, оныншы болып келедi. Ол кiшкене едi, әйтсе де атқа мiнуге мығым. Ұмсына түсiп, тақымын қысып алған, тебiне берсе аттың өкпесiн соғып тастайтынын бiледi.
Торы ат әлi терлей қойған жоқ, құлағының түбi ғана дымданыпты. Төртiншi айналымға өткенде алдындағыны басып озды. Ол байқұстың төрт аяғы төрт жаққа кетiп, бүкiл денесiн қара тер көмiп шатқаяқтап барады. Ендi көз жiберiп бақса жирен де, қара да, сарыбауыр да iлгерiде екен. Оқ бойы жер ұзап,ең алда белгiсiз шаңқан боз жосыла дөйітеді.
Ақкекiл бiртiн-біртін топтан үзiлiп қалған үш сәйгүлiктi соңына тастады. Шабысы бiр қалыпты, әлi еркiн жазыла алмай кiбiртiктейдi. Сонда да Қапалдың қарасымен құйрық тiстестi. Мiне, Ақкекiлдiң басын жiбер деген межеге де жеттi, көмбе әйтсе де алыс. Мәдiбек тақымын қысып, «шү-у, жануар!» деп сипай қамшылады. Тұсаудан құтылғандай Ақкекiл бүктетiлiп-жазылып, көсiлiп ала жөнелдi. Бой алдырды ма, қара ат сол кезде-ақ кейiндеп қала берген. Көп ұзатпай жирен мен сарыбауырды да қуып жеттi. Олар бiраз бiрiн-бiрi оздырмай тайталасып баққанмен, торының адуынды шабысына шыдамай, өкпелерi қабынып, аңқалары кептi. «Жүйріктің озуы оңай, қалуы – қиын» деген осындайда айтылса керек.
Ақкекiлдiң мойны ендi терлей бастады. Мәдiбектiң жанарында iзгi үмiттiң ғана жасыны бiлiнедi. Алдында екi-ақ ат: шаңқан боз бен ала аяқ. Ала аяқ жылқының не жирен екенi, не күрең екенi белгiсiз, қара тер басқан. Ақкекiл де көмбенің таяу екенiн ұғатындай бар өресiн сала шымқайды.
Ала аяқ ат арқан бойы жерде кетiп барады, одан сәл iлгерiде – шаңқан боз. Екеуiнiң де аяқ тастасы жiтi, шабыстары үрдiс. Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрiктер. Солай болса да «жүйрiктен жүйрiк шықса төрт аяғы тыпырлайды» дегендей, торы жақындаған сайын екеуi де тырбың-тырбың етедi.
Алтыншы айналымның батыс жағынан өтiп, шығысқа қарай бет бұрып, қайқаңға iлiнгенде екi аттың да тынысы тарылып, сансырады. Ақкекiл қастарынан еркiн зулай басып озып, соңғы айналымға дара шықты.
Бәрiн бақылап тұрған Жетпiсбайдың қуанышында шек жоқ: «Қасиетiңнен айналайын Қыпшақбай, сенiң аруағың қолдады-ау» дейдi өзiне-өзi күбiрлеп. Өз атына өзi сүйсiндi, «жиырма бесiншi шақырым, әлi дөйiп барады».
Ақкекiл тағы да өрен жүйрiктiгiмен дүйiм жұртты тәнтi еттi. 
– Қыпшақбай жарықтық бiлiп жатқан болар. 
Оны бiреуі қоштай жөнелді.
– Өлген адамдар бәрiн көрiп тұрады дейдi ғой. 
– Атының тұяғының дүбiрiн сезiп, не де болса орнынан бiр аунап түскен шығар, марқұм.  – Енді әлдекiм өз төтелі пайымын жасырмады.
Бұл кезде Ақкекiл соңындағылардан бiр шақырымдай ұзап алған, төбенiң күнбатысына қарай ойысты. Әлгi тастақты ескi жұртқа да таяй түсті, тiптi тұсына іліндi. Сөйткенше болмай, қайдан екенi белгiсiз үш-төрт ит ерткен беймәлім салт атты тұмағы мен тонының шалғайы далақтай айқайға басып, қарама-қарсы жырадан атып шыққаны. Аяқ асты болған құбылыстан үркiп, шошынған ат табан жолынан ауытқып, қазылған ордан секiре-мекiре быжырқай тасқа барып ұрынды. Мәдiбектiң тiзгiн тартқанына дес бермедi. Арынын баса алмай Ақкекiл жықпыл-жықпыл тастың тiк жарлауыт жерiне кеп қалды. Қарсы алдындағы биiктiгi керегедей жардан бар пәрменiмен тау текеше бiр-ақ ырғыды. Өз салмағына өзi ие бола алмай, мойны астына қайырылып төрт аяғы көктен келе жығылды. Тура бел омыртқаға көлденең жатқан көк тастың қылыштай қыры тидi. Оқыстан ышқынған аянышты дауыс ауаны тiлiп өттi. Ет қызулықпен бiрден тұрып кетпек едi, артқы аяқтары икемге көнбедi, ит сияқты шоңқиып отырып, қайта жығылды. Бiр ұмтылды, екi ұмтылды – тұра алмады.
Мәдiбек ат үстiнен жұлындай ұшып, қара жерде дөңбекши ыңырсыды. Сәлден соң басын көтерiп едi, зәресi зәр түбiне жеттi. Шекесiнен аққан қан бетiн жуып, шимандай жасаған. Оң жақ иығын, бiлегiн оңдырмай тас жаралаған. Жұқа көгiлдiр көйлектiң жеңi дал-дал. Тас жырған жердiң бәрiнен қан шып-шып сыртқа тепкен.
Атшабар бала тұлпарын көргеннен-ақ өзiн ұмытты. Ақкекiл тұрам деп далбасалайды да, әлi жетпей басын жерге соға қайта құлайды. Қолтығы, шабы дiр-дiр етедi. Мойнын да тас оңдырмай паршалап тастапты. Мөлдiр қара көзiнен ақық жасы домалап үзiлiп түседi. Екi бүйiрiн соғып, солқылдай дем алады. Жаны қатты қиналды ма, жоқ әлде соншалықты дүлдүл болса да, мүсәпiрге айналғанын ендi сездi ме, ащы оқыранды.
Жаңағы бейсауат жүрген бейтаныс атты iзiм-ғайым. Ендi не iстерiн бiлмей бала абдырай аңырды. Бір кездерде:
– Ойбай, Мәдiбек, мертiккеннен саусыңдар ма?! – деп өңi қашып, түтiгiп кеткен Жетпiсбай бозжорғадан домалай түсiп, тұра ұмтылды.
Бiр уыс бүрiскен бала мен есiк пен төрдей боп сұлаған атты көрiп, кездейсоқ бәлеге ұшырағанына ендi анық көзi жеттi. 
Жетпiсбайды танығандай Ақкекiл тағы да кеудесiн көтерiп тұра берiп, сылқ етiп қайта құлады. Иесi бел омыртқаның үзiлiп кеткенiн айтқызбай бiрден ұқты.
Бұл кезде үйме-жүйме халық та жиналып қалып едi. Торы әлi де алысып жатыр. Абыр-дабыр дауыс естiлгеннен кейiн бе, қайта-қайта кiсiнейдi.
– Жануар-ай, қор болыпсың-ау. Қай жүзi қара екен, бәйгi атының алдынан қарсы шыққан, – дейдi кiрешi қынжылып.
– Кiм ол, танисың ба? – деп, бiр топ жiгiт Мәдiбектiң қасына жиналыпты.
– Бет-әлпетiн көре алмадым, Ақкекiл жалт берiп үрiккенде-ақ басымен алысып кетiп едiм. Алды-артыма қарауға мұрша жоқ, ақыры мына жардан ұшып кеттiк.
 – Қап, әттеген-ай, ә-ә! – Тұрған жiгiттер ашуға мiнiп, ызбарлана түксидi. 
Баланың ештеңе бiлмейтiнiн аңғарған жұрт, мазалай бермей, жарасын таңып, жуындырып, жақын жердегi шопан үйiнiң бiрiне аттандырды. 
Қас қарайды. Жыртылып-айрылған қалың ел тарап, бес-алты-ақ адам шошаяды. Ендi торының мал болмайтынын бәрi бiлiп тұр. Әне-мiне пышаққа iлiнетiн шығар, бiрақ ешқайсысының қолы батып барып бауыздай алар емес.
Осы мезетте малшыларды аралап жүрген Ұзақ келе қалды, қасында Сағи. Атты көрдi де көп ойланбастан санитарлық былғары сөмкеден әлдене іздеді. «Не iстейiн деп жүр?» дегендей жiгiттер үрейлене қарайды.
– Бүйтiп жанын қинағанша, бағана-ақ бауыздап тастайтын адамсыңдар ғой. Бәрiбiр мал болмайды. Келiңдер, тұрмаңдар, көмектесiңдер! – дедi Ұзақ бұйыра сөйлеп.
Апыр-топыр қыл шылбырмен Ақкекiлдiң аяғын байлап, жiгiттер тырп еткiзбей ұстап, үстiне қонжия мiндi.
Жетпiсбай бұл сұмдықты көргiсi келмей, терiс айналған. Бәрiн естiп, жаны түршiктi. Тасқа шапшып сарылдай аққан қан жүрегiн шым-шым еткiзiп, өне бойын тiтiрентiп өттi. Қиылып кеткен кеңiрдек «қош бол» дегендей, қор-қор етедi. Жетпiсбай күйiнiп «Обалың болса, Ақкекiл, арам ойлыға болсын. Бүкiл жұрт лағнет айтты ғой, көгермес ол, көгермес!» дейдi күйiне күбiрлеп. Көз шарасына жас тұныпты. Ендi бiр сәт мең-зең күйде қалды.
 
***
 
Кiлеттiң сыртын сылағанға цемент керек болып, түске дейiн соның әлегiмен жүрдi. Түс ауа прорабтан төрт-бес қап цемент алып, машинаға тиедi. Шопыр сол өздерiн жайлауға алып барып қайтқан Сағи, бұрыннан таныс жiгiт. 
Көңiлi жай тапты ма, ыңылдап әндеттi. Машина Қызылағаштың қысқа-қысқа көшелерiн қиып өтiп, көлденең кездескен үлкен көшеге түстi.
– Әндеткенiңе қарағанда көңiлдiсiң ғой, Шоқан. – Сағи күле көзiнiң қиығын бұған тастап, түк-түк бiлегiн сипады.
– Осы цементке бола екi күн жұмыс тоқтап қалды, сандалмаған жерiм жоқ, – дедi iсi тынғанына жайдарылана. 
– Сен шаруаң бітіп қуансаң, мен шаршап келемін. Күндi – күн, түндi – түн демей жүремiз, ұйқы басып отырғаны, – деп Сағи ендi әңгiменi басқаға бұрып, өзi жайлы айтты.
– Түнде ұйықтамап па едiң?
– Кеше жайлауда Жетпiсбайдың аты өлiп, соны сойысып, түнделетiп етiн осында, орталыққа әкелдiк.
Шоқанның жүрегi дiр етiп, iшi-бауыры қалтырап қоя бердi. Жұлып алғандай:
– Қай аты?! – дедi.  – Даусы қырылдап шықты, түрi де бұзылып сала бердi.
Сағидың қаперiне келер ештеңе жоқ:
– Бәйге торысы. – Ол аттың былтыр ғана бұлардiкi болғанын мүлде ұмытқан.  
Шоқан тiс жармады, астыңғы ернiн қымқыра тiстеп, бiр нүктеге қадала қарап, қимылсыз қалыпты. Көз алды буалдырланып, өзегiн өртеген өкiнiш оты iшiн күйдiрiп барады. «Жылға жетпей, сен де әкемнiң артынан жөнелген екенсiң ғой» дедi жасқа булығып. Өңешiне қайдағы бiр запыран кептелдi, жүрегi лоблитындай. Көзi қарауытып, басы айналды.
 
... Үштөбе стансасы. Отарба келер уақыттан сәл кешiгiп жеттi. Иiн тiрескен жолаушылар қол жүктерiн көтерiп, вагонға жармасқан. Бес-ақ минут аялдайтын жүрдек пойыз асығыс орнынан жылжыды. Ендi бiрде доңғалақтарын сарт-сарт соғып, ұзап бара жатты.
Купедегi Шоқанның көңiлi әлем-тапырық. Ақкекiлдiң ажалы әкесiнiң қазасынан кем соқпады. Әлдекiмге деген өзегiнде өшпендiлiк оты лаулайды. Қабағы қабарып, жақ жүнi түксиiп кеткен. Мең-зең күйде отыр. 
Дәл қазiр сағындыра жетелеп келген Ойжайлау өңiрi көңiлiнен бiржолата өшкендей.
Жаңбырдың алғашқы тамшылары терезенi тырс-тырс ұра бастады. 
Шоқан ауыр күрсiндi…  
 
1987 жылғы мамыр.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ
 
 

Ұқсас тақырыптар