Кейіпкерін сүймей, елін сүймейді

1517546702_article_b_1500_.jpeg

К.Станиславскийдің әйгілі жүйесінде «кейіпкержандылық өнері» және «кейіпкерсындылық өнері» деген терминдер бар. Қазақ киносындағы жасалып жатқан көп дүниелер осы анықтаманың соңғысы іспеттес. Қандай ұлттық кейіпкер болсын образының ішіне ендеп кіре алмайды, тек сырт бейнесін кейіптейді. Ханы «хан сынды», қарасы «қара сынды», баласы «бала сынды», данасы «дана сынды». Жан жоқ. Характер жоқ. Түйсіну жоқ. Себебі, бұл бейнелер (ұлттық бейнелер) авторға (режиссерге) таныс емес. Сырт келбеті ғана елес береді. Онда да бірлі-жарым орыстілді авторлардың түсірілім, жазба картиналары арқылы ғана. Сол арқылы долбарлап кейіптей береді. Тарихи фильм болса, алқа-қотан отырғызып, кеңес құрғызады, атқа мінгізеді, қымыз ішкізеді, қамшы ұстап, сақалдарын саумалатып, ыңырантып кеңес бастатқызады. Қайта-қайта аттарын кісінеткізіп, қыздарын жарқабаққа отырғызып ән салдырады. Заманауи фильм жасаса, тіпті сорақы, тіпті мемлекетіңді, ұлтыңды танымай дүдәмал күй кешесіз. 

Ж.Аймауытовтың «Күне­кей­дің жазығы» атты повесін еске түсірейікші. Сондағы қа­зақ қоғамы. Тұрмысы. Танымы. Еті­ңізге жақын көйлек, жаны­ңызға жақын кейіпкерлер міне, сонда. Сондағы жалғыз қызының ұзатылу тойына жалғыз қой таба алмағанында шаруасы жоқ, бар тірлікті еті тірі әйеліне ите­ріп салып, кешкі астан кейін от басында омалып қалған Күне­кейдің қамсыз әкесі мен ын­жық ағасының бейнелері мен Б.Соқ­пақбаевтың «Балалық шаққа сая­хат» повесіндегі жалқау, шала сауатты әкенің образының бояуы қандай қанық! 

М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­ман-эпопеясындағы кесек-кесек образдарды былай қойғанда, қиям­пұрыс Қиясбайдың бейнесі қандай? Ұлттық типаждар ғой бұлар. Бұл бейнелер неге бү­гінгі қазақ киноларында бедерлен­беген? Бұл мінез ғой? Мінезсіз шы­найы (ұлттық) бейне туа ма? Болмаса, Жүсіпбектің «Қарт­қожа» повесіндегі «көн шалбары құйрығына қатқан, таң атпай бүрсеңдеп, күзгі жабағы жүні қалып кеткен тоқтыдай сирағы си­диған» бала молда бейнесі ше? Ғаламат сурет емес пе? Бұл суретті қашан танитын боламыз? Болмаса, мұрнынан сорасы ағып, отбасына күншілік жерден боранға ұшып дән тасыған әкесінің бейнесі ше? Бұл әкенің ғана емес, заманның бейнесі емес пе? Бұларды оқымай, танымай қалай қазақты тануға болады? Қа­лай халқымыздың қасіретін тануға болады? Осыларды алды­мен өз көкірегімізге қотарып алмай, киномыздағы ұлттық кейіп­керлеріміздің көкіректеріне жан құя аламыз ба? 

Қазақ әдебиетіндегі қатталған, сұрып­талған, жоғарыда біз бетін қалқып, шет жағасын ғана шал­ған типтік бейнелер галереясын жоғалтуымыз – ұлтымызды жоғал­тумен бірдей. Ол бейнелер кинотуындыларда бояуын көшірмей көрініс табуға тиісті. Себебі түсінікті, әрине, ұлттық кино­өнімі бейнелерінің ұлттық бояуы қанық болмай, туынды ұлттық дүние деп танылмайды. Ал жас ұрпақ өзінің типтік бей­не­лерін танымай, ұлтын танымайды! Кейіпкерін сүймей, елін сүймейді!

 Әлем киносындағы мойны озық, шығармалардың да дені әдеби негізге ие, ұлттық коло­ритке бай. А.Тарковский орыс­тың ғана емес, шеберлігімен, өзіндік қолтаңбасымен әлемді мойындатқан режиссер екен­дігіне ешкімнің дауы жоқ болар. Кино сан түрлі өнердің синтезі дегенді мойындағысы келмей, кинотуындының өзіндік тілін іздеп, шарқ ұрған ғұлама «Уақыттың таңбалануы» деп аталатын киноның жүйесіне негіз­делген еркін еңбек жазды. Бұл еңбегінде автор кино өнерін әдебиеттен де, театрдан да, живописьтен де, музыкадан да азат, дербес өнер ретінде қарастырып, соңында мүмкін кино өнері – уақыттың есте қалуы – таңбалануы болар деген ой тастайды. А.Тарковский ол ойының дәлелі ретінде осыдан жүз жылдан аса уақыт бұрын түсірілген ағайынды Люмьерлердің «Пойыздың келуі» кар­тинасын мысал қылады. Еш­қандай боямасыз, ойынсыз, шын­дыққа негізделу арқылы ғана эффект берер картина. Яғни мұндағы негіз – шынайылықта. Тарихи бояуда. Бүгінгі күн ертең тарихқа айналады. Ал біздің бояуымыздың түсі қандай? Біз уақытты таңбалап жүрміз бе, жоқ, әлде арзан водевиль құрап, тарихтың бетін шимайлап жүрміз бе? 

Жә, дейік. Сол әдебиетті кинодан бөлуге лайықты талпыныс жасаған А.Тарковскийдің фильм жасаудағы сүйенері – туған ұлты­ның өрнегі жатқан әдебиет еді. Оның ең алғаш 1962 жылы түсі­ріліп, сол жылы Венеция кино­фес­тивалінде «Алтын арыстанмен» марапатталған «Иванның балалық шағы» фильмі жазушы В.Богомоловтың «Иван» повесінің желісімен жасалған-тын. 

Кейінгі жылдардың өзінде азуын айға білеген «А» класындағы кинофестивальдерінің жеңімпаз фильмдері әдебиеттен алыс қон­баған. Мысалы, 2011 жылы Вене­ция кинофестивалінде «Алтын аюды» ұтып алған ресейлік А.Сокуровтың «Фауст» фильмі Гете­нің осы аттас поэтикалық дра­масының бірінші бөлімі негізінде жасалса, 2012 жылы Берлин кинофестивалінде «Алтын аюды» қанжығасына байлаған ағайынды итальяндық режиссерлер Паоло мен Витторн Тавианилердің «Це­зарь өлуге тиіс» фильмінің негі­зінде Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарь» драмасы жатыр еді.

 Менің неше көрсем де жалық­пайтын, шыншылдығымен жан баурайтын, кішкентай шаруа адам­дарының қатпарлы өмірін қарапайым зерделей көрсеткен бір фильмім бар. Ол – даңқты қытай режиссері Чжан Имоудың «Цю Цзюй сотқа береді» туындысы. Бұл фильм 1992 жылы Венеция кинофестивалінде «Алтын аюды» жеңіп алған еді. Фильмдегі кейіп­керлердің шынайылығы олар­дың типтік ерекшеліктерінің айқындығында еді. Өзің күнде оқып, көріп, кездестіріп жүрген қарапайым ауыл тұрғындарының бейнелері бар мұнда. Бір қарағанда Дулат Исабеков, Тынымбай Нұр­ма­ғанбетов, Сұлтанәлі Балға­баев пен Мархабат Байғұт шығар­малары кейіпкерлерінің құлық-әрекеттері де шаң бергендей бо­лады. Зерттей келе, жаныма жа­қын осы туындының да негізі әде­биет екенін білдім. Қытай жазушысы Чен Юаньбиннің «Вань отбасындағы ауыртпалық» новелласы жобасымен жасалыпты. Әрине, әдебиетте кескінделген тамырлы, анық бейнелер экранда нанымды көрінбек. 

Тізе берсең көп енді. Біз­дің бай қазақ әдебиеті де әлем назарын өзіне аударар кинотуын­ды­ларға негіз болуға әбден лайық. Сөзім қуатты шығуы үшін бір дәлел келтірейін. 2007 жы­лы Халықаралық Еуразия кино­фестивалі аясында Берлин кинофестивалі жүлдегерлерінің көрсетілімі болды. Оның қата­рын­да сол жылғы «Алтын аю­дың» иегері, қытай режиссері Ван Цюананның «Туйдың ұза­тылу тойы» атты дүниежүзі ки­но­сыншыларының ықыласына бөленген шығармасы бар екен. Сол фильмді көруге аңсарым ауды. Қатты қызықтым. Оған бір себеп, жақсыны көрмекке деп даңқты шығармаға деген қызығушылық болса, екінші себеп, алдында ғана фестиваль бағдар­ламасын парақтап отырып, осы фильмнің қыс­қаша мазмұнын оқыған едім: Алыс моңғол жерінде бір отбасы қой бағады екен. Отағасы әлдеқалай жағдайда мертігіп жатып қалады да, малға қарау машақаты түгелімен Туй атты келіншегінің мойнына артылады. Оған үйдегі екі баланы қосыңыз. Отағасы шаруаға жарамай, арып-ашып, тұрмысы тарылған Туй күйеуі мен екі баласын асырау үшін келісіммен басқа бір күйеуге шықпаққа бел байлайды. Міне, осы тосын сюжет мені фильмді көрмей-ақ баурап алған еді.  

Сол уақытта ақыры көре алмадым ол фильмді. Білмеймін неге екенін, әйтеуір ыңғайы келмеді. Бірақ сюжеті көкірегімде жатталып қалды. 

Арада бір-екі жыл өткен соң Бейімбет Майлиннің шығар­ма­ларын парақтап отырып, өзім «мек­тепте оқытты ғой» деп аттап кете беретін «Күлпаш» атты әңгімесіне назарым түсті. Оқы­дым. Сосын таңқалдым. Мен оны мектепте оқыдым деп малданып жүрсем, оқулыққа арналып ықшамдаған ба, әлде басқалай ойлары болды ма, Күлпаштың төнген ашаршылықтан күйеуі мен баласын асырау үшін көрші ауылдағы әйелі өлген ауқатты адамға күйеуге шығатын тұсы кесіліп алынып тасталған екен ғой. Сосын, әрине, шығарма қуатынан, жаныңды дүр сілкіндірер сю­жеттік бұрылыстан адаланып, ашар­шылықтың қорқынышты бір суреті ғана болып қалған. 

Мені ерекше таңқалдырғаны – «Күлпаш» пен «Туйдың ұзату тойы» фильмі сюжетінің ғажап ұқсастығы еді.  

Сосын фильмнің өзін де көруге тура келді. Сол. Сол сюжет. Сол оқиға. Тек дәуірі басқа. Кейіп­керлері өзге. 

Сосын Бейімбеттің ұлылығына қуандым. Осындай әлемдік дең­гейде үздік шыққан фильмнің желісі біздің қазақ топырағында баяғыда-ақ «шимайланып» тас­талғанына шаттандым. Сосын біздің әдебиеттің еш елдің өнер туындыларынан артық болмаса, кем түспейтініне көзім жетіп масайрадым. Масайдым.  Сосын өкіндім...

Данияр САЛАМАТ, 

драматург, режиссер

Егемен Қазақстан



Ұқсас тақырыптар