Дархан Қыдырәлі: Алаш әскерінің құрылған күні - мерекеге айналуы керек

20171004082034876_big.jpg


Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Алаш әскерінің құрылған күнін мерекеге айналдыру керектігін атап өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат».

«Біздің тарихымыздағы ақтаңдақ беттері көп. Берік Әбдіғалидің кітабы (Войско Алаш - Алаш әскері) - соның орнын толтыратын, олжа салған сүбелі еңбек болды деп есептейміз. Бұл туындының біздің оқулықтарымызға жаңалық ретінде енер тұстары көп», - дейді Дархан Қыдырәлі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Алаш әскері: тарихтан тағылым» тақырыбындағы дәрісте.

Түркі академиясының президенті жиында халық қалаулылары мен генералдар отырғандықтан, еліміздегі әскери оқу орындарында «Алаш әскері» кітабы оқытыла бастайтынына үміттеніп отырғанын жеткізді.

«Түркияның осы жерге бірнеше өкілі келіп отыр. Түркия өзінің Қарулы күштерінің тарихына «Түркия Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғаны - біздің дәуірімізден бұрынғы 120 жылдары, яғни Мөде қағанның кезі» деп жазып қойған. Демек, Түркияның Қарулы күштері өзінің негізін 2000 жылдан бұрын бастайды. Біз кейде өзімізді бұрынғы әдетпен 23 ақпанда құттықтап жатамыз. Алаш әскерінің құрылған күні біздің арамызда бір мерекеге айналуы керек деген бір ойымыз бар», - дейді ол.

Дархан Қыдырәлі сонымен қатар, жалпы, Алаштану - Алаштың 100 жылдығымен шектелмейтінін тілге тиек етті.

«Алаштану Тәуелсіздікпен бірге басталды. Отандық тарихымыздың ол тақырыптағы зерттеулері 100 жылдық аясында жаңа белеске көтерілді. Сондықтан, бір жарқын көрінісі - осы кітап», - дейді ол.


Ұқсас тақырыптар