Баһадүр бабалардың байырғы әскери рәміздері

Баһадүр бабалардың байырғы әскери рәміздері

 
Байырғы әскери рәміздер – әскери белгі ретінде қолданылған ертедегі рәміздер. Олар түрлі әскери мағыналар мен ұғымдарды білдірген. Байырғы әскери рәміздер: 
1) киелі рәміздер; 
2) әскери дәреже және лауазым белгілері; 
3) түрлі айырым белгілері деп бөлуге болады. 
Ертеде әскер қосындары соғысқа өздері табынатын киелі бейнелерді әскери рәміздік белгі ретінде көтеріп шыққан. Олар ұрыста күш беріп, жеңіске жеткізеді, қауіп-қатерден қорғайды деп ырым еткен. Ондай бейнелер металдан соғылып, алыстан көріну үшін қанық түсті матадан тігілген әскери туға жапсырылып, оның жоғарғы жағына қасиетті аңның құйрығы байланып, тігінен не көлденеңінен ағаш сапқа бекітілген. Туда әскердің киесі, күші болады, тудың құлауы әскердің жеңілуі деп түсінгендіктен, әрбір жауынгер, бүкіл әскер туды сақтауға, қорғауға міндетті болған. Әр әскер қосындарының туы өз түсімен ерекшеленген. Бүкіләскерлік ту үлкен, үшбұрышты етіп жасалады. Ту алыстан айқын көріну үшін ашық көк, қызыл, сары, жасыл, ақ түсті маталар, кейде бір туда екі-үш түс бірдей қолданылған. Қазақтарда ақ түс тазалықтың, әділдіктің, қызыл түс ерліктің, жасыл түс жаңғырудың, өркендеудің нышаны болған. Жазбаша, ауызша әдеби деректерде Қаракерей Қабанбай батырдың ақ туы, Абылайдың жасыл туы болғаны айтылады. Бұрынғы кездері арнайы әскери киім болмағандықтан, өз әскерін жау әскерінен айыру үшін жауынгерлер дулығаға және найзаға түсті айырым белгі таққан. Түсті матадан тігілген айырым-белгілер найза мен баскиімнен басқа, жеңге, иыққа да тағылуы мүмкін. Мысалы, Кенесары сарбаздары мұндай белгілерді киімнің жеңіне таққан. Байырғы әскери белгілер қатарына хандардың, патшалардың, қолбасшылардың дәреже белгісі ретінде баскиімге, дулығаға тағылатын құстың қауырсыны — жығаны, аттың тұрманына тағылатын шоқты да жатқызуға болады.
 
Мезгіл ақпарат агенттігі

Ұқсас тақырыптар