ҰҚК: Қазақстандық банктерді хакерлік шабуылдардан әзірге Ресей құтқарып келеді

3.jpg


Банктердің ақпараттық жүйелеріне вирустық шабуылдардың күшеюі болжанып отыр. 12 cәуірде Астанада кибершабуылдарға тосқауыл қоюға арналған форумда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Мемлекеттік техникалық қызметіндегі зиянды кодтарды зерттеу зертханасының жетекшісі Олег Биль осылай мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олег Бильдің айтуынша, мемлекеттік емес және мемлекеттік сектордағы ірі ұйымдардың ҰҚК-ның көмегіне жүгінбей келеді.

«Мемлекеттік емес сектордағы ірі ұйымдар біздің көмегімізге жүгінбейтіні өкінішті. Сонымен қатар мемлекеттік ұйымдар да өздерінің проблемаларымен бізге келмейді. Өткен жылы дәл осы шарада бірқатар болжамдарды айтқан болатынмын. Мысалы, банктерге жасалатын шабуылдарға тоқталсам, бұл тұрғыда клиенттер, ішкі процестер, постерминалдар, банкоматтар, сауда нүктелері секілді барлық секторлар қамтылды. Болжамым дәл келіп, осы қатерлер Қазақстанға келді. Біз білеміз, еліміз банктеріне қатерлі шабуылдардың бірі орын алды. Осы орайда бұл шабуылдың өсімін болжап отырмыз. Әзірге, бізді Ресей құтқарып келеді. Неге? Себебі оларда әлсіз қорғалған ұсақ банктер өте көп. Сондықтан хакерлер салыстырмалы түрде біздің ірі банктерге шабуыл жасауды қажетсінбей тұр», – деді Олег Биль.

Оның айтуынша, қазір хакерлерге ақша төлесе, олар кез келген кәсіпорынның ақпараттық жүйесін бұзуға шамасы жетеді.

Дереккөз: 7kun.kz


Ұқсас тақырыптар