Ерлі-зайыпты Храпуновтарға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды

8.jpg


Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның зайыбы Лейла Храпуноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық бюросы іс-материалдарымен танысу басталғанын жариялады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

«Алдын ала тергеу амалдары барысында Қазақстан Республикасынан тысқары жүрген және тергеу органына келуден жалтарған Лейла және Виктор Храпуновтардың, Айяр Ілиясовтың және олардың Қазақстанда жүрген көмекшілерінің қылмыстық әрекетін саралауға мүмкіндік беретін жеткілікті дәлелдер қолға түсті», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, осы жылдың 15 ақпанында Ұлттық бюро Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 208-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа жарияланым арқылы ерлі-зайыпты Храпуновтар мен Айяр Ілиясовты 26 ақпанға дейін жауап алуға келу керектігі туралы хабарлама таратқан болатын. Алайда олар белгіленген уақытта келмеген және келуге кедергі келтірген себептері туралы да ескертпеген.

Бұдан кейін Ұлттық бюро оларды тағы да БАҚ арқылы жауап алуға шақырып, Виктор Храпунов, оның жұбайы Лейла Храпунова және олардың туысы Айяр Ильясовты 20 наурызға дейін келуге міндеттеген. Алайда олар тағы келмей, келуге келтірген себептер туралы ескертпегені белгілі болды.

Қазіргі уақытта қылмыстық процестің барлық қатысушылары ҚПК-ның 294-бабына сәйкес, тергеу амалдарының аяқталғаны туралы ескертілген. Қылмыстық іспен танысқаннан кейін іс-материалдары прокуратураға жолданады.

Еске салайық, Виктор Храпунов пен оның зайыбына бірлесіп ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған жетекшілік етті деген айып тағылуда.

Дереккөз: ҚазАқпарат



Ұқсас тақырыптар