Өзбекстанда Қазақстан іздеу салған 26 қылмыскер ұсталды

2.jpg


Қазақстан мен Өзбекстан Ішкі істер министрлері Қалмұханбет Қасымов пен Пулат Бобожонов кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен іс-шара барысында екі елдің ішкі істер органдарының қылмысқа қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылын нығайту, шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, практикалық тәжірибе алмасу мәселелері, сондай-ақ заң шығару қызметі талқыланды.

«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны барлық қызмет саласында көрініс табуда. Сондай-ақ, ішкі істер органдары арасындағы ынтымақтастықтың да өзіндік тәжірибесі қалыптаса бастады. Біздер екіжақты, сонымен бірге бірнеше тарап болып та, дәлірек айтқанда ТМД және ШЫҰ аясында да бірлескен іс-шаралар атқарамыз, көптеген проблемалар Ішкі істер министрлері кеңесінің отырыстарында талқыланады», - деп атап өтті Қ.Қасымов.

Қазіргі уақытта шекаралас өңірлерде бірлескен Іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Бірлескен іс-қимылдар нәтижесінде бірнеше ауыр қылмыс, қауіпті қылмыскерді іздестіру және құрықтау операциялары сәтті орындалған болатын. Бұған қоса, қылмыстық істер бойынша нақты құқықтық көмектер де көрсетілді.

Бүгінде екі ел арасында бірлескен іздестіру жұмыстары жолға қойылған. Мәселен, өзбекстандық әріптестердің сұрауы бойынша 2017 және ағымдағы жылы Қазақстан аумағында 200 қылмыскер іздестірілді. Өзбекстан территориясында Қазақстан жағы іздестірген 26 қылмыскер анықталып, ұсталды.

Кездесу барысында Қалмұханбет Қасымов екіжақты ынтымақтастықтың болашағына, шекаралық қылмыс, экстремизм және терроризмге қарсы күрес бойынша шаралар қабылдау және барынша тығыз жұмыс байланыстарын жолға қою мәселелеріне кеңірек тоқталды.

Кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан Ішкі істер министрліктерінің Үйлестіру тобын құру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Аталған топтың құрамына министрліктердің бейіндік қызметтерінің бірінші басшылары сайланды.

Казақстандық делегация басшысы екі елдің ІІМ-нің Үйлестіру тобы екі тараптық ынтымақтастықтың пәрменді механизмі болып табылатынын және жедел-қызметтік жұмыстың әртүрлі мәселелері бойынша шаралар қабылдау және жедел қарауға көмектесетінін атап өтті.

Іс-шара аясында Қазақстан мен Өзбекстан ІІМ бейіндік қызмет басшыларының екі тараптық кездесулері өткізілді.


Ұқсас тақырыптар