Айдынды Алакөл биыл 1 миллионға жуық туристі қарсы алмақ

8.jpg


Алматы облысындағы айдынды Алакөлде соңғы төрт жылда  туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар қарқын алды. Нәтижесінде нысандардың саны 92-ден 182-ге дейін артты. Бүгінде мұнда демалушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9-10 мамыр күндері жұмыс сапарымен Алматы облысында болып, Алакөлдегі бірқатар туристік нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарларына мән берді.


9.jpg


«Алакөл қазақстандық туристер ең көп баратын жер болуы керек. Дәл елдің ортасында, Алматыға да жақын, Қарағанды, Астана, Балқаш, Жезқазғанға да жақын. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетімен байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды. Алакөл демалыс аймағы алдағы екі жыл ішінде адам танымастай өзгереді. Демалушылардың саны 400 мыңнан 600 мыңға дейін  өсті. Ал биыл 1 миллионға дейін адам келейін деп отыр», - деді Елбасы Алакөлге сапары барысында.   


10.jpg


Алматы облысының әкімі Амандық Баталов атап өткендей, соңғы жылдары өңірде туристерге қызмет көрсету көлемі қарқын алуда, бюджет кірісі артты.

«Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге өсті. 2018 жылы мұны 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 миллиард теңгеге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты», - деді өңір басшысы.  


11.jpg


Айта кету керек,  Президент  2014 жылы Алматы облысына жасаған сапарында жаңадан тағайындалған Алматы  облысының әкімі Амандық Баталовқа нақты  міндеттер жүктеген болатын. Әсіресе, туризмді дамыту қажеттігіне баса назар аударылған еді. 

Елбасының тапсырмасынан кейін облыста  туризм саласын дамытудың  кешенді жоспары дайындалды. Алдымен  Мемлекет басшысы атап өткен Алакөлге басымдық беріліп, ауқымды жұмыстар қолға алынды. Мақсатты пайдаланылмаған көл жағалауы анықталып,  мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер телімдері заманауи демалыс кешендерін салуға ниетті кәсіпкерлерге берілді. Қажетті инфрақұрылымдар да тартылды. Теміржол байланысы да орнатылды. Ақши ауылында жаңадан салынған теміржол вокзалының ғимараты биыл ел игілігіне беріледі. Облыс әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының келісімі нәтижесінде Астана мен Алматыдан пойыз қатынай бастады. Алғашқы 6 вагон Ақши ауылының жанындағы №13 бекетке  келді. Алыстан ат арылтып келген туристерді аудан жұртшылығы бар сән-салтанатымен қарсы алды. Көл жағалауындағы  Ақши ауылында 600-ден аса адам тұрады. Елді мекенде бұрын соңды учаскелік пункт  болмаған. Республика бойынша Алматы облысында ғана қолға алынған бірегей жоба арқалы ауылға баспана мен полиция пункті біріктірілген ғимарат салынды.


12.jpg


Науқастарға жәрдемдесер ауылдық амбулатория да жаңадан тұрғызылды. Мекеме қажет қондырғылармен жабдықталып, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілді.

Облыс басшылығы әуе қатынасын ретке келтіруге де күш салды. Бірінші кезекте ескірген әуежай күрделі жөндеуден өткізілді. Әуе компанияларымен келісім жасалып,  Астана мен Талдықорғаннан Үшаралға ұшақ қатынай бастады. Субсидия беріліп, билет құны арзандатылды. Мемлекеттік көмектің арқасында 25 жыл бойы қаңырап бос тұрған әуежайдағы тіршілік қайта жанданды. Бүгінгі күнге дейін әуежай 10 мың адамға қызмет көрсеткен. Алакөл көліне келуші  туристер санының артуына байланысты қосымша тағы ұшақтар алынады.


13.jpg


Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткендей, көл жағалауында ең алдымен, сервиске мән беріледі.  

«Бүгінгі таңда бізде бес жұлдызды екі демалыс орны  жұмыс істеп тұр. Үш, төрт жұлдызды қонақ үйлер саны көп. Біз енді он адамға арнап демалыс орнын салатын болсақ, бірінші кезекте сервиске  мән береміз. Себебі  көлдің шипалы суына демалуға келген адамға барлық қолайлы жағдай жасалуы керек», -  деді аудан басшысы Әлібек Жақанбаев. 


14.jpg


Қазір Алакөлде туристерге жоғары сапалы қызмет көрсететін еуропалық стандарттағы демалыс орындары жұмыс істеп тұр. Солардың бірқатарын Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жолғы сапарында жеке аралап көрді.

«Гранд Вилла» демалыс орны 1 гектар жерге орын тепкен. Мұнда жанға жайлының бәрі бар - Еуропа және шығыс тағамдарын дайындайтын мейманхана, балаларға арналған ашық және жабық алаңдар, бассейндер.  


15.jpg


«Біздің  кешен Алакөлдегі туризмді дамыту мақсатында салынды. Отандық және шетелдік туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетеміз. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды  жұмыспен қамтитын боламыз. Мұнда суға шомылу маусымы кезінде шамамен 100-ден аса адам еңбек етеді», - дейді «Гранд Вилла» демалыс орны директорының орынбасары Владимир Ли.

Ал Елжан Әбдірахманов есімді жергілікті кәсіпкер «Alakol resort» атты туристік нысанның құрылысын 2015 жылы бастап, былтыр аяқтаған. Бір мезетте 400 адамды қабылдай алатын орталық өткен жылы 40 мың туристке қызмет көрсетті. «Alakol resort»-тың  жалпы аумағы - 6 гектар. Соның тең жартысына ғана құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қонақүйлер мен бассейндер, мейманхана және бірнеше SPA-монша салынған. Жаттығу залдары, оңаша тынығу орны да  қарастырылған. Алдағы уақытта ауқымы ұлғайтылып, еліміздегі ең ірі туристік орталыққа айналмақ.

16.jpg


Ұқсас тақырыптар