Бүгін қасиетті Рамазан айы басталды

2.jpg


Бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Ораза 17 мамырдан 14 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ораза тұту - игі мұсылман қауымының бес парызының бірі. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы - бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді.

Оразаға ниет: «Алла Тағаланың разылығы үшін таңнан күн батқанға дейін мүбәрак Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!»

Жамағат назарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметтері негізінде Ораза айында мән берер мәліметтерді ұсынамыз:

- Пiтiр-садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейiн беруге болады. Еліміз бойынша әр адамға 300 теңге.

- Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіледі.

- Қасиетті «Қадір түні» маусымның 11-інен 12-сіне қараған түні болады. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран кәрім оқылады, жамағатпен дұға жасалады.

- 15 маусым (жұма) күнi Ораза айт мейрамы басталады. Ораза айт күндері дәстүрлі түрде мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру, т.б.) жарыстар ұйымдастырылады деп күтілуде.

- Жүкті, омырауда баласы бар немесе хайыз, нифас кезіндегі әйелдерге, жолаушыларға, науқас жандарға ораза ұстау - парыз емес.

- Сапарда жүргендерге ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы - ауыз бекіту.

Айта кетейік, Рамазан айының қарсаңында Бас мүфти Серікбай қажы Ораз кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға шақырды.

«Рамазан - жақсылық айы. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады». Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырамын. Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз», - деп атап өтті Бас мүфти.


Ұқсас тақырыптар