«Нұрлы жер» бағдарламасы тоқтатылды. Неге?

9.jpg

Мемлекет басшысы биыл наурыз айында «Бес әлеуметтік бастамасын» жариялағанын білеміз. Соның біріншісі – еліміздің әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету үшін «7-20-25» бағдарламасы. Жаңа бағдарлама аясында жұмыс істейтін әрбір қазақстандық жеңілдетілген шартпен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Атап айтсақ, несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызына тең болады. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін ипотека мерзімі 25 жылға дейін созылады делінді. 

Бірақ, бұл бағдарламаның жүзеге асырылуы қазіргі қолданыстағы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жұмысына еш кедергі болмайды деген еді сала мамандары. Қайта осы бағдарламаға оң бағыттағы өзгерістер енеді деп сендірген. Күні кеше Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы жүзеге асқанымен, тұрғын үймен қамтудың бұрынғы бағдарламалары тоқтап қалмайды. Қайта «Нұрлы жер» бойынша баспана алудың бастапқы жарнасын 30 пайыздан 20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Құрылыс құнын арзандату да жоспарда. Биыл банктер құрылыс компанияларына 70 млрд теңге несие бермек» деген болатын.

Ендігі түсініксіз жайт, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несие беруге құқылы екінші деңгейлі банктер қазіргі уақытта қаржыландыруды тоқтатқан. Алматыдағы «Центр Новостроек» деп аталатын мекеме осы бағдарламамен несие алушыларға құжат ресімдеуге көмек көрсетеді екен. Олардың айтуынша, мамыр айынан басынан бері екінші деңгейлі банктерге жіберген өтініштерге әлі де жауап берілмеген. Бұған дейін, несие беру, яки бермеу туралы шешім бар-жоғы үш жұмыс күнінде белгілі болып отырған.

Осы тұста, «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде жаңа салынған пәтерлерді қажырландырып келген «БанкЦентрКредит» АО берген хабарламада көрсетілген Жекелей несие беру басқармасының (Управление розничного кредитования ОРБ) маманы Арай Қабдунасоваға қоңырау шалдық.  Өзін кредитный офицер деп таныстырған маман: «Нұрлы жер» бойынша несиеге пәтер алу үшін құжат қабылдаудың соңғы күні – сейсенбі, 5 маусым.  Осы күннен кейін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының жүзеге асырылуына орай «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несие беруді тоқтатамыз», – деп қысқа қайырды. Демек, банктер расында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдауды доғаруда. Сонда, Жеңіс Қасымбектің «тұрғын үймен қамтудың бұрынғы бағдарламалары тоқтап қалмайды» дегені қайда қалды?

Асыл ТҰМАР

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар