Алматы көшелеріндегі кәріз қақпақтарының қайда кеткені белгілі болды

1.jpg

Алматы полициясы қала көшелеріндегі кәріз қақпақтарының қайда жоғалып кеткенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматылықтар осы мәселеге қатысты жолдың ортасындағы ірі қалалық магистральдарда су ағатын арналар мен кәріз құбырларының аузы ашылып, үңірейіп жатқан фотолары мен видеоларын әлеуметтік желілерге жариялады.

Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасының мәліметіне сәйкес, мүліктік қылмыстары үшін бұған дейін де бірнеше рет сотталған 24 жастағы Аңсар Алишердің кәріз люктерінің қақпақтарын ұрлау бойынша жеті фактіге қатысы бары анықталды. Барлық материалдық дәлелдер уақытында алынғандықтан, ол ұрланған заттарды сатып үлгермеген. Күдікті сотқа тартылды.

«Шойынның қара металл қабылдайтын орындарда ерекше бағалы екені баршамызға мәлім. Сондықтан бірінші кезекте барлық металл қабылдайтын кәсіпорындар тексерілді. Және тексерістен кейін күмәнді заттарды қабылдаған тұлғаларға қатаң жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасалды. Әдетте ұрылар түнде қимылдайды. Мұндай қылмыс түрі - басқа жақтан келген, жеңіл жолмен ақша табуды көздейтін адамдардың әрекеті. Және олар коммуналдық кәсіпорындарға, ең бастысы - қала тұрғындарына  айтарлықтай зиян келтіріп жатқанын ойына да алмайтын секілді», - деп хабарлады Алматы ІІД-нің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, полициядағылар қара және түсті металл қабылдайтын пунктерді жіті қадағалау туралы да хабарлады. Іс жүзінде ұрланған автомобиль аккумуляторларын өткізу жағдайлары жиі кездеседі.

«Мен кәсібімді екі ай бұрын бастадым. Аккумулятор қабылдаймын, бірақ люктердің қақпақтарын мүлде алмаймын. Батареяларды әкелгенде міндетті түрде ұрланған-ұрланбағанын сұрап аламын. Қазір мен ұрланған тауарларды сатып алу арқылы қылмыстық жауапкершілікке тартылуым мүмкін екенін түсіндім. Бұдан былай күдікті нәрселермен байланысқым келмейді», - дейді Алматы қаласы Бекмаханов көшесінде объектісі бар 32 жастағы кәсіпкер.

Алматы қаласының полициясы азаматтарды өздерінің азаматтық ұстанымдарын белсенді түрде көрсетуге, сондай-ақ кәріз люктерінің қақпақтарын ұрлау және оны сатып алатын орындар туралы кез келген ақпаратты дереу мына телефондарға хабарлауға шақырады: 254-40-07; 8-707-500-59-06 немесе 102. Шынайы ақпарат үшін сыйақы беріледі.



Ұқсас тақырыптар