Автобекеттегі берекесіздік

жолаушылардың мазасын алып тұр

 

5.jpg

Ауылда туып-өсіп, қалада тұрған соң жиі жолаушылауымызға тура келеді. Ойламаған жерден хабар келіп жеткенде пойызға билет таба алмай жайлы автобуспен баруды ойлап, қаладағы автобекетке келеміз. Бұрын еліміздің оңтүстік бағытына қатынайтын автобустар қала шетіндегі «Алтын орда» базарындағы автобекеттен шығатын еді, енді қаладан қашық «Үш қоңыр» автобекетіне ауыстырып жіберіпті. Бұдан үш-төрт жыл бұрын жолаушылар мен автобус жүргізушілері шулап жүріп «Алтын орда» автобекетіне келіп еді, қайтадан қаладан қашықтатып жіберіпті.

Жол азабын тартып жүрген жолаушылардың оған көнбеске шарасы жоқ, тағы да арып-ашып сарсаңға түсіп жүр. Қаладан шыққан жолаушы көлік тығынынан әупірім деп шығып «Алтын орда» базарына жетіп, сол арадан шағын автобусқа ауысып отырады. Жиырма орындыққа лайықталған автобустың ішіне 40-45 адамды сірестіріп толтырып алғанша жүргізуші орнынан қозғала қоймайды. Қарт кісілер: «Қарағым-ау, жүрсеңші енді, ауа жетпей тынысымыз тарылып барады» дегеніне қарамастан ақша құлқынын тескен жүргізуші адам әбден тығыздалғанша селт етпейді. Белі қайқайған автобус бір кезде орнынан ыңырана қозғалып, үлкен жолға түседі.

Шағын автобус шопырларының бұл әрекеті жол қозғалысы ережесінің тәртібіне де сәйкес келмейді. Осылайша  жолаушыны бей-берекет толтырып алып, жол апатына ұшырап немесе өртеніп кетіп, талай адамның өмірі қиылған тосын оқиғалар автобус жүргізушілеріне сабақ болмаса керек. Шағын автобустың терезелерін ашып, пысынаған жолаушылар терлеп-тепшіп «Үш қоңыр» автобекетіне жақындай бергенде жүргізушінің: «Автобустан түсерде жүктеріңізге абай болыңыздар!» деген ескертуінен секем алып қалады. Айтқандай-ақ, автобекеттің ауласына келіп кірген шағын автобус тоқтаған мезет сырттан жүгіріп келген оншақты жас жігіттер есіктен қысылып-қымтырылып шыққан жолаушылардың қолында жүктеріне жармасты. «Қайда барасыз? Таразға ма, Шымкентке ме? Жайлы да жаңа автобустарға алып барып жайғастырамыз!» деген жап-жас жігіттер жол азабын тартып келген жолаушылардың алды-артын орап кес-кестеп жүргізбей қойды. «Қарағым, көзім бар, аяғым сау, қай автобусқа отыратынымды өзім білемін. Алдын-ала автобус жүргізушімен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, келісіп те қойғанмын. Сендер жолымызды бостан-босқа бөгеп тұрсындар!» деп жөнімізді айтқанда екі жігіт көздері шатынап бізді жақтырмады. Сол арада: «Сөмкемде неңіз бар, өзіме қайтарыңыз!» деген жас қызға араша түсуге де тура келді. Ауланың бұрышында тұрған ауданға қатынайтын автобусқа жеткенше талай жас жігіт жолымызды кес-кестеп, қолымыздағы сөмкеге жармасты. Өзіміз мінетін автобусқа келіп демімізді бір-ақ алдық. Автобекетте қаптап жүрген жігіттер осы төңіректегі ауылдардан келген жұмыссыз жастар мен қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері екен. Автобус жүр-гізушілері оларға жолаушыларды көптеп тартқаны үшін азын-аулақ ақша беріп әбден жаман үйреткен екен. Болар-болмас ақша үшін әлгі жас жігіттер жолаушылардың қол жүгін тартып алып, күштеп авто-бусқа отырғызып жіберуден де тайынбайды. Жан-жақтан адам жиналатын көпшілік орнында қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген бірде-бір жанды кезіктірмейсіз, бей-берекет бассыздық пен жүгенсіздік дәл осылай күнде орын алып жатады. «Үш қоңыр» о баста үлкен сауда орталығына арналып соғылса керек, жолаушыларға мәдениетті түрде қызмет ету жағы кемшін соғып тұрғаны бірден байқалады.

Сіз оны айтасыз, кешкілік мезгілде Алматының орталығындағы халықаралық «Сайран» автобекетінде де дәл осындай жағымсыз көріністер орын алып жатады. Ақшаны мол қамтып қалуды ойлаған автобекет басшылары жаппай бассыздықты көріп-біліп жүріп, тым-тырыс қала береді. Осындай көрер көзге ерсі көрінер жәйттер үлкен мәдениеттің ошағы – Алматы қаласының атақ-абыройына нұқсан келтіріп жатқа-нын автобекет басшылары ойлап та жатқан жоқ. Егер қаладағы автобекеттен жолаушылап шыға қалсаңыз, сақ болғаныңыз жөн, ағайын!

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Алматы ақшамы



Ұқсас тақырыптар