Маңызды мерекелік шараларға неліктен қыруар қаржыға шетелдік жұлдыздарды шақыруға құмармыз?

2.jpg

Соңғы жылдары елімізде өтетін ауқымды шаралар мен маңызды меркелерге шетелден жұлдыздар шақыру сәнге айналды. Аттай қалап алдыратын олардың Қазақстанға тегіннен-тегін келе қоймасы белгілі. Мәселен, жуырда Елордада өтетін халықаралық кинофестивальге Анжелина Джоли келуі мүмкін деген ақпарат бұрқ ете қалды деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы. Ол үшін жер жаһанға мәшһүр актриса миллион доллар талап еткен көрінеді. Онсыз да елімізде шешілмей жатқан мәселелер толып жатқанда бұл неғылған дарақылық? Бұған отандық әншілер мен сарапшылар не дейді?

 «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің ұйымдастырушыларының қолымызда қаражат не қолдаушымыз болса, Америкадан Анжелина Джолиді алдырғымыз келеді деген пікіріне қоғам осылайша наразылық білдіруде. Бар мәселе ол актрисаны шақыруға кететін сомада болып тұр.

"Мәселен, Анджелина Джоли бізге келу үшін бір миллион доллар сұрады. Әрине біз оны шақырғымыз келеді, алайда ондай қаражат бізде жоқ. Одан да көп сұрап отырған әртістер бар".

Әндері 7 тілге аударылып, көпке танылған Марат Омаров елімізде ауқымды шаралар болса, шетелден әртіс әкелуді доғару керек деп отыр. Себебі, бізге нақты керегі ол емес. Халықтың дені өз өнерпаздарымызды бағалайды дейді.

«Неғып біз оларды шақыруымыз керек? Оның үстіне қомақты ақша төлеп оны. Жәй емес, үлкен әртістерді шақырып. Қаншама мыңдаған, миллиондаған ақшалар кетіп жатады. Одан да өзіміздің Қазақстандағы көптеген копбалалы отбасыларға, қайырымдылық концерттеріне отандастырымыз шақырып жатады. Біз ешқашан да қарсылық жасамаймыз» - дейді әнші Марат Омаров.   

Талғам мен талап бір мәселе. Бұдан бөлек оның қаржылық жағы бар. Сондықтан экономист мамандар концерт пен фестиваль ұйымдастыру елдің имиджін көтереді деп сылтаурататын уақыт өткенін алға тартады. 

  «Егемендік алған кезде бәлкім дұрыс болған шығар. Қазақстанды көрсету керек болды, еліміздің мәдениетін өзгелерге паш ету керек болды. Ал қазір, бюджеттің өзі жұтаң. Мұнайдың бағасы түсіп бара жатыр. Елімізде әртістерден басқа әлеуметтік мәселелер жетеді мысалы үшін» - дейді экономист Ерлан Сайыров.

Түрлі мәдени шаралар мен мемлекеттік маңызы бар мерекелер сайын миллиондаған қаражат жұмсау әдетке айналған уақытта әр саланың мамандары бір ғана кеңес беріп отыр. Ол  бюджеттің қаражатын оңды-солды шашпау. Себебі, елімізде онсыз да қордаланған мәселелер жетіп артылады. Ал аты әлемге әйгілі Джоли сынды актрисалардың бір келіп, қызыл кілеммен жүріп өткені проблемаларды шешіп бермейді».


Ұқсас тақырыптар