Хорватия және Қазақ футболы

4.jpg

Әлеуметтік желіден байқап отырмыз. Жұрттың көбі тегінің түбіне "ИЧ" жалғапты. Өйтпесе қазақ бола ма. Үп еткен жаңалықты өзімдікі деп танып, оңай олжаны малдану мүлде жақсы қасиет те шығар. «Оқжетпестің» ойынын көрмейтіндер «Хала, Реал» деп өзінше әуе жайылып, «Қыранға» көзін салмайтындар «Барселона» байрағын босағасына сүйеп қойса, «е, еліміз өркениет көшіне ерген шығар», - деп қана ойлаймыз.. Егер, ерінбесек...

Хорватияның финалға шығуы – таза ерлік! Оң қолды жүрек тұсына апарып, құрмет көрсетуге тұратын! Бапкерің Златко Далич секілді, қазір. Домогайын да, өзгелерін де жусатып, өргізетін. Жүзі жылы. Ақылы әлпетіне көрік беріп тұр. Қазақ болса, иманжүздіге балаушы едік. Елін жақсы көреді. Өте жақсы көреді. Патриот деуші ма едік. Далич қып-қызыл патриоттың өзі! Команда қайрағы! Қалай қайрайды! Соғыс көрген, намысты өрген ұрпақты қайрап, қайрап команда жасап алды да, енді жолыққанын ұрып, жығып жүр. Жігіт! «Чиро» секілді. Мирослав Блажевич деуші едік қой. 

Жайратып, футбол ойнамаса да, кез келген матчты жайнатып жіберетін қарым бар. Оны білдік. Сауаттылық деген түсінік бар. Бүгінгі Хорватия футболды барынша сауатты ойнап жүр. Оларда бұған дейін де футбол ия, футболшылар болды. Давор Шукердің өзі неге тұрады. Роберт Ярни ұнаушы еді. Нико Кранчар да есте. Қайсы бірін түстейік. Өзіндік мектебі бар өлке.

Қазақ елінің мұндай биікке шығар шамасы бар ма? Иекті қолмен сауып отырып, сан ойланған сәттер бар. Жауабын іздеп ше. Табылады да, табан астында ғайып болады. Ол үшін көп іс тындыру керек. 

Алдымен, анау легионер деген бәледен арылған жөн. Бапкер тасығанды да тоқтата алсақ. Содан шығатын мүйіз болса, ұстап көруге келетін заман өтті ғой.

Ол да емес. Өз футболымызды түзеуге ниетті кісі керек. Әр өңірде. Әкімдер футбол әміршісі атанудан жалықса шіркін... бөлінген қомақты қаржы сол аяқдопты өрістетуге ғана арналса.. әйтпесе шаршатты... бітпейтін қарыздар.. сіздерді қайдам, ана команда мұнша қарыз екен дегенді естігенде орнымыздан атып тұрамыз... тәп бір сонша теңгені өзіміз жоғалтып алғандай... ертігіге өзек сылтаулар.... бәленбай милллион қарыз.. Және кімге дейсіз ғой. Сырттан келгендерге... Бір кілтипанның бар рас қой... Кілтипан кілті ашылғанша омалып отырғанымыз, отырған.

Жібі түзу бағдарлама бар еді. Сәрсенбек Келжанов пен Бауыржан Сәрскенов сынды ағаларда. Екеуі де о дүниелік. Жоспарлары жүзеге аспады. Негізі өте сауатты жазылған.. оны жүзеге асыруға ешкім асықпады.

Бірді айтып, бірге кетеміз.. бәлкім бірдеңе білетіндіктен.. бәлкім дым түсінбейтіндіктен.. Надандықтың да белгісі шығар, түсініктің тарлығы дегендей...

Бір өкініш. Немесе ... бұл - өкініш... Қолдан келетін шаруаны реттеуге мүмкіндіктің жоқтьғы... Айтылар, қалар... Кімнің құлағына сырға болып, тағылсын... Кім тақтырады, ә?

Бір үміт... Әлі де буын ауысқан шақта әлгі бір жоспарлар жүзеге асатын болар... Үміттен күдер үзуге болмайды ғой.. Қандай едің, ел футболы.. Әр өңірдің өз командасы болды.. әр команда сапында өз жігіттеріміз өнер көрсетті... ешкімнен кем ойнамайтын... өңір басшылары кең ойлайтын...

«Горнягың» қайда, Хромтау? «Болатың» қайда, Теміртау? «Лашының» қайда, Қаратау? "Ілең" қайда, Өтеген батыр ауылы? «Ақбұлағың», қайда Талғар? «Сұңқарың» қайда, Қаскелең? Сұңқылдаған қарт жанкүйерді көрдік.. «Халаны» қара деп түсінбейтін... «Іле-Сәулетті» ғана қабылдайтын... Ол ескі адам. ИЧ ті де тегіне «тегтеп» алмайтын... Оны ешкім түсінбейді...

Әлемдік футбол дағдарысқа тап болған мына заманда Баян Бадағұлов, Талғат Байсуфинов, Тілеухан Тұрмағамбетов, Марат Есмұратов, Ғани Қайназаров, Асқар Қожабергенов деңгейлес ойыншылармен де талай шаруаны шешіп алар едік... олардың ізбасарлары да көп еді ғой...

Еліңде жиырма шақты ғана командаң қалды... Еліңде легионерлер толып жүр.. Олардың агенттері қазынаңды торып жүр.. футболшы әкімдер әлгі футболшылар мен агенттердің «жемі» болып жүр... Жолың болсын, біздің футбол... Сенің бағыңа да біреу туды ма екен, осы?

Амангелді  Сейітхан

Facebook-гі парақшасынан алынды



Ұқсас тақырыптар