«Қытайдың қазір ештеңеден қыңбайтын түрі бар»

сайрагул.jpg

Фото: azattyq.org

Мезі болсаңыздар да мейлі. Тағы да Сайрагүл, тағы да Қытайдағы қазақтар мәселесіне көңіл бөлсек. Бейресми ақпараттың хабарлауынша, қазір Қытай жағы Сайрагүл Сауытбайды қайтсе де қайтарып алу үшін небір қитұрқы әрекеттер жасап жатқан көрінеді. Сайрагүл Қытайда алаяқтық жасап, жұрттан пәленбай жүздеген мың доллар алып кетті деп қолдан арыз ұйымдастырып жатыр деген хабар тарады. Егер, расымен сондай арыздар жазылса, Сайрагүлдің ісі халықаралық саяси реңкін жоғалтып, Қытайдың ішкі ісіне айналады. Беттестіру, қылмыс орындарын көрсету сияқты қылмыстық протоколдарды орындау үшін Сайрагүлді Қытайға беру керек болады. Бұл қулықты жүзеге асырмаудың жалғыз жолы - осы ақпаратты сот ісін жүргізіп жатқан судьяларға, Қазақстан Республикасы Жоғары Сотына, адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйымдарға алдын-ала ресми түрде ескерткен жөн. Оның жолын заңгерлер біледі және жасайды деп сенейік. 

Қытайдың қазір ештеңеден қыңбайтын түрі бар. 2014 жылы Мұхтар Құл-Мұхамедтің туысы - Жұмадан Жарқынбек деген бауырымыз елге оралып, 2016 жылы азаматтық алған. Оның әкесі Қасымбай Жарқынбек азаматтық алып үлгермей қалыпты. Ақсақал 2017 жылы мамыр айында визасын ұзарту үшін Қытайға барады. Сол жерде ұсталып, "саяси үйрену" лагеріне қамалған. Дерек көздерінің хабарлауынша, Мұхтар Құл-Мұхамедтің кіші шешесі Қалихан Жатқанбайқызы мен Жарқынбектің шешесі Орынхан Жатқанбайқызы туған апалы-сіңілі болып келеді екен. 

Соңғы күндері Қытайда қазақты тұтқындау бұрынғыдан да жылдам қарқын ала бастады. Күні кеше Күнес ауданында 18 қазақ тұтқындалған. Енді сақшылар әр ауылдан 10 адамнан тұтқындау туралы тапсырма алыпты. Яғни, енді Қытай билігі қазақтың жасы мен жынысына қарамастан түрмеге тоғыта бермек, тоғыта бермек. Арасында іздеушісі жоқ қаншама адам бар. Олар туралы ақпарат жинау өте қиын болып тұрған көрінеді.


Тоқтар Жақаш

Facebook-тегі парақшасынан



Ұқсас тақырыптар