Сәбидей сенгіш Тұрахан апа

460410.jpgӨмір естелігімен қымбат. Театр және кино актрисасы Тұрахан апа (Сыдықова) ешкімнің сыртынан сөз айтқанды білмейтін жаны таза адам болатын. Жауапкершілігі сондай мықты, жұмысына өте адал, көпшілік саxнасынан ешқашан қалып көрмеген кісі еді. Апа қазақ көрерменіне кино арқылы танылды. Өзімен-өзі елеусіздеу ғұмыр кешіп, өсек-өтіріктен бойын аулақ ұстаған жан. Бірде досым Санатты қойылымға шақырып, билеттерін кассаға қалдырып кетпек болдым. Кассада істейтін Ләйлаға қашанда самбырлап кіретін әдетіммен: «Ләйла!» – деп дауыстағаным сол еді... 
– Не көрінді сонша айғайлап? Ақырын сөйлемей ме екен... Кісі отыр екен демейді, – деген Тұрахан апаны көрдім.
– Ой, апа, кешіріңіз сізді байқамадым, – дедім. 
Сөйтсем ол кісі кассадағы телефонмен сөйлесіп отыр екен: «15-і дейсің бе? Ол күні спектакль ғой менде. Күндізгі 12? Жарайды. Қобызыңды ала кел деймісің... Азамат та келсін дейсің бе? (Азамат деп отырғаны баласы). Адрес...». 
Сол кезде кетіп бара жатқан маған:
– Тоқта, Бекжан, жазып алшы, – деді де, тұтқаның ар жағындағы адамның айтқанын қайталай бастады. Жазып жатырмын. «Каменка ауылы. Северная көшесі, 102 (әлде 112 деді ме, ұмытыңқырап қаппын). Сағат 12... Түсіндім», – деп телефонның тұтқасын қойып, мекен-жай жазып берген қағазды алды.
38727316_2151069855152200_6240667474853888000_n.jpg

Бір аптадан соң – тура сол «Қожанасыр тірі екен...» қойылымы болатын күні көлігімде жайнамазым қалып қойып, соны алып келу үшін сыртқа шықтым. Тұрахан апа да келе жатыр екен. Алғашқы Қожанасыр қойлымында көпшілік саxнасы бар болатын, ол кісі сол көпшілік сахнада ойнайтын. Амандастым. Бір кезде тура бір апта бұрынғы кассаның алдында болған әңгіменің есіме түсе кеткені.
– Тұрахан апа, тоқтаңызшы, қолыңызды беріңізші, – дедім. 
– Оны қайтейін деп едің? – деп апа қолын бергісі келмеді.
– Беріңізші енді , – деп қолын алып, тамырын ұстадым. Апам таңдана қарап қояды. Мен болсам:
– Каменка ауылынан келе жатыр екенсіз ғой. Северная көшесі, пәленінші үйде болыпсыз. Азамат апарған екен. Қобызыңызды ала барыпсыз... – дедім.
– Сен оны қайдан білдің? 
Ол кісінің таңғалғанын көрсеңіз сонда!
– Рас, сонда болдық, – деді артынша.
– Тамыр ұстаймын ғой. Тек ешкімге айта көрмеңізші мұны, – деп 
қойдым мен де қарап тұрмай. Апаның бір апта бұрынғы оқиғаны ұмытып кеткеніне көзім анық жетті. 
– Бекжан, сен мұныңды қалай жасырып жүрсің? Мынауың сұмдық қой! Тіпті мекен-жайды анық, үйдің нөміріне дейін дәл айттың. Сен мұны бұлай қалдырмауың керек. Жүрші бөлмеге, – деді. Мен намаз уақыты кіргенін айтып едім:
– Намазыңды оқығаннан кейін маған жолығып кетші, – деген апама қарап:
– Жарайды, – дедім күліп.
Ара-тұра Гүлсім деген костюмер апайдың бөлмесіне кіріп шай ішетінім бар еді. Намазымды оқып біткен соң солай қарай кетіп бара жатып, Тұрахан апамды тағы кезіктірдім. Мені күтіп жүр екен. Көре сала бөлмесіне жетелеп әкеп, қолын қайта ұсынды. «Тағы не айтарың бар» дегендей бетіме қараған апамның тамырын ұстағансып отырып мен де: «Ермек Тұрсынов xабарласып, киноларыңызды «Оскарға» ұсынылып жатқан фильмдер тізіміне қосамыз деп айтыпты ғой», – дедім. Мұны естіп ол кісі тіпті қайран қалсын! Таңғалғанынан отырған диванына шалқалай кетті. Сөйтсем, шынында да, әлгі екі аралықта апаға Ермектің өзі звондап, осы жаңалықты жеткізіпті. Ал мен бұдан мүлде бейxабармын. Кезекті «сандырағым» да тура келіпті.
– Мынауың керемет қой! Бекжан, Азаматты шақырайын, тамырын ұстап көрші. Өзінің жолы болыңқырамай жүр соңғы кезде, – деп бастырмалатты сосын.
– Қазір спектакль басталады ғой, апа...
– Ертең жұмысқа нешеде келуші едің? – деп қоймайды ол кісі де.
– Ой, апа, репетицияға келем ғой. Бір сағат ерте келейін онда, – дедім ақырында. 
Өзімді күлкі қысып әрең тұрмын. Бері шыққан соң Гүлсім апайға айтып беріп, екеуміз әбден күлдік. Бірақ жартылай ашық тұрған есіктен Тұрахан апа соның бәрін естіп тұрыпты. «Әй, шешек-ай!» – деп тұра қуды. 
Сәбидей сенгіш, баладай аңғал Тұрахан апаның да өмірден өткеніне төрт жыл болыпты-ау... Тұрағыңыз пейіштен болсын, апа!

Бекжан ТҰРЫС, актер. Фэйсбуктегі парақшасынан алынды.


Ұқсас тақырыптар