Жоғары сұранысқа ие жеті мамандық

2.jpg

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс 20 мың грантқа көбейді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бойынша білім беру гранттарының саны үстіміздегі жылы 53 000-нан асты.

–Елбасы бастамасында бекітілген жоғарғы білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – (Сүлейман Демирел атындағы) СДУ университетінің қызметіне де ерекше серпіліс әкелді. Білім гранттары санының ұлғаюы –  жоғарғы білім беру саласына әрі адами капиталдың дамуына зор үлес қосты. Қазақстанның түкпір-түкпірі мен шалғай аудандарындағы талапкерлер тегін білім алу үшін бақ сынасып, өз күштерін дәлелдеп көрді, – деген пікірде СДУ президенті Мейірбек Мәжитов.

Биылғы жылы СДУ-ды таңдаған мемлекеттік грант иегерлерінің саны екі есе артты. Егер 2017 жылы  мемлекеттік грант бойынша оқу орныныа 560 студент түссе, биыл грантқа ие болған 1168 түлек СДУ студенті атанды. Олардың қатарында ҰБТ-дан ең жоғарғы ұпайға ие болған алматылық Шиара Құдайбергенова да бар, ол СДУ бизнес мектебіне қабылданып, «Қаржы» мамандығын таңдады.

 Өз кезегінде, СДУ қабылдау комиссиясының сарапшылары сараптамалық талдау жасап, талапкерлердің арасында трендке ие болған мамандықтарды анықтады. Сараптамаға сәйкес, жоғары сұранысқа ие жеті мамандық үздік топқа енді.

Мамандықтар тізімінің алғашқы сатысында  «Ақпараттық жүйелер»  бейіні көш бастап тұр. Бұл мамандықты  290 болашақ IT кадрлары таңдап,  СДУ-дың Инженерлік және жаратылыстану факультетіне қабылданды, бұл ел бойынша  грантқа ие болған  талапкерлердің  20 пайызын құрайды.  Сонымен қоса, конкурста ең төмен өту ұпайы –97 болды. Айта кеткен жөн, соңғы екі жылда «Ақпараттық жүйелер»  мамандығы білім беру саласында тәуелсіз қазақстандық агенттігінің рейтингі бойынша бірінші орында тұр.

 113 талапкер өз таңдауын жаңа педагогикалық «Химия-биология» саласына жасады, бұл мамандыққа ең төмен өту ұпайы – 81  құрады. Пайыздық тұрғыдан алғанда бұл Қазақстан бойынша жалпы грант иегерлерінің 48 пайызын құрайды. «Химия-биология» саласының басты артықшылығы – ғылымның толығымен ағылшын тілінде оқытылуында. Жаңа педагогикалық мамандық Елбасының үштілділік саясаты аясында оқу орнында бір жыл бұрын ашылған әрі бұл күні талапкерлер арасында жоғары сұранысқа ие.

Биылғы талапкерлердің зор сұранысына ие тағы бір мамандық – «Екі шет тілі». (Two foreign languages). 95 болашақ лингвист өз таңдауын осы мамандыққа  жасады.  Бұл жалпы оқуға түсушілердің 15 пайызын құрайды, өту ұпайы -119.

Сондай-ақ,«Халықаралық қатынастар» мамандығы бұл күні де өте жоғары сұранысқа ие. Егер бүкіл мемлекет бойынша бұл бағытқа барлығы 47 грант бөлінсе, оның ішінде 13 грант иесі, яғни, 30 пайызы СДУ-ды таңдады.

30 пайыз, яғни 98 талапкер «Математикалық ғылымдар» бағыты бойынша  еліміздің беделді профессоры Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті атануға ниет білдірді, олардың өту ұпайы– 80. 22 талапкер «Қаржы» мамандығын таңдап,  СДУ Бизнес мектебінің студенті атанды, бұл жалпы талапкерлер санының 20 паызы, талапкерлердің өту ұпайы – 123. Бизнес мектебінің ерекше артықшылығы – түлектерге Халықаралық АССА сертификаттарын тағайындауда,  бұл бітірушілерге қосымша қызметтік құзірет береді. Сонымен қатар жас мамандар 14 сертификаттың ішінен 9 –на және еңбек нарығында зор бәсекелестік қабілетке ие болады.

Көшбасшылар «жетілігінің» соңғы тізімін «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы алып тұр. Бұл мамандыққа биыл 274 грант иесі түсті, бұл жалпы грантқа түскен талапкерлердің 18 пайызын құрайды, талапкерлердің өту ұпайы – 87-ден жоғары.

 СДУ сарапшылараның пікірінше, үздік 20 мамандықтың арасындағы тренд атанған бағыттардың рейтингі осындай.

–Заманауи әлеуметтік-экономикалық жағдайда оқу орнының дәрежесі мен білім беру сапасы талапкерлердің берген бағасымен анықталады, сонымен қатар түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуымен сәтті мансап құруына да байланысты.  СДУ жастардың талабына сай білім деңгейін дамытуда жан-жақты күш салуда. Осы мақсатта білім ордасы әрдайым оқу бағдарламасын нарық талабына сай халықаралық деңгейде жетілдіруде, – дейді  СДУ президенті Мейірбек Мәжитов.

Еркін ҚАЛДАН

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар