Алаш автономиясы туралы жаңа кітап жарық көрді

4.jpeg

Орал қаласында алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді.

- Алаш тарихын зерттеу ісі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Дәметкен Досмұханқызы Алаш қозғалысы Батыс бөлігінің тарихын тереңдете зерттеп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұртшылыққа бүгін ұсынылып отырған монографиясы да өте құнды, - дейді филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр.

Оқушылар мен студенттер қауымына оқулық ретінде пайдалануға да болатын бұл еңбек Күнбатыс Алашорданың 100 жылдығына орай шығарылған. Кітапта Алашорданың алғашқы мемлекеттік құрылымы – «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкімет пен 1918 жылы құрылған Күнбатыс Алашорда үкіметінің атқарған қызметі, тарихтан алатын орны құжаттармен баяндалады.

Сондай-ақ Жаһанша Досмұхамедовтың өмірбаяны, саяси қызметі туралы құнды мәліметтерге қоса, Батыс Алашорданың елу қайраткері өмірбаяндық мәліметтер, сирек суреттер басылған.

- Бұл еңбекті жазуға бес жыл уақыт кетті. Былтыр Алаш қозғалысына 100 жыл және Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдық мерейтойына орай Жымпиты-Мәскеу, Жымпиты-Семей экспедицияларына шығып, бірқатар құжат тапқан едік. Оның бәрі осы жинаққа енгізілді. Жаһанша Досмұхамедұлының Мәскеуде Бутово полигонында жерленгенін анықтадық. Монография негізгі үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда ХХ ғасырдың басындағы елдегі саяси ахуал және Алаш қозғалысының тарихнамасы баяндалады. Яғни, Қазақстан, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінің сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайы толығымен берілген. Екінші тарауда Жаһанша Досмұхамедовтың өмірі мен атқарған қоғамдық қызметі кезең-кезеңімен алты бөлімге бөлініп көрсетілген. Осы кітапта Күнбатыс Алашорда тарихына қатысты көптеген құжаттық деректерді сол күйінде бердім. Бұл құжаттық деректер негізінен Орынбордан, Уфа директориясынан, Мәскеу, Алматы архивтерінен, тұлғалар тарихы туралы Президенттік архивтен алынды. Сондай-ақ, өзіміздің облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған құжаттар да пайдаланылды, - дейді кітап авторы.


Ұқсас тақырыптар