Алакөлдің тазалығына қосымша 390 млн теңге бөлінді

1.jpg

Айдынды Алакөлдің Алматы облысындағы жағалауының тазалығын қамтамасыз етуге 390 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл ақшаға «Алакөл-тазалық» коммуналдық шаруашылығы күл-қоқыс жинайтын заманауи техника алмақ, дейді ҚазАқпарат тілшісі.

Алакөл ауданы басшыларының мәліметінше, қазірдің өзінде көлге келген демалушылар саны 1 млн-нан асқан. Ал шипалы көл жағасынан тәулігіне 8-10 тонна қоқыс шығарылады. «Алакөл-тазалық» коммуналдық мекемесінің қызметкерлері Ақши ауылында 12 шақырым, Көктұма ауылында 3 шақырым жағажайды күніне үш рет жүріп өтеді. Қолмен жиналған қоқыс арнайы жәшіктерге төгіледі. Ал жәшіктерден арнайы көліктер 5 шақырым жерде орналасқан полигонға шығарады. Қазіргі таңда шаруашылық қарамағында 10 жұмысшы және 5 техника бар. Алдағы уақытта олардың қатарын жаңа, заман талабына сай көліктер мен қосымша жұмысшы күші толықтыра түседі, дейді Алакөл аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Нұрпейісов.

Жергілікті билік жағажайдағы тазалықты қамтамасыз етуге бар күшін салып жатқанымен демалушы қауымның күл-қоқыс төгу мәдениеті сын көтермейді. Әсіресе өз бетімен жабайы түрде демалуға келетін халықтың қалдыратын тұрмыстық қалдықтары жағалаудың сәнін кетіреді. Қоқыс жинап жүрген жұмысшылардың айтуынша, жағажай бойында 40 контейнер орналасқан. Бірақ кейбір қонақтар сол жәшікке жетпей, отырған жерінде қоқыс қалдырып жатады.

Ырғайты ауылдық округінің учаскелік инспекторы Ерік Оралбаевтың мәліметінше: «Тек осы жылдың екі айында 50 әкімшілік хаттама толтырылған. 12 айыппұл салынып, 38 ескерту жасалған. Ал бір азамат 5 тәулікке қамалған».



Ұқсас тақырыптар