Елімізде некесін ерте қиюға асығатын бойжеткендердің қатары артуда

1.jpg

Тіпті, жылына 3 мыңға жуық оқушы қыз ресми түрде тұрмысқа шығады екен. Ал оның тең жартысы сүйген жарынан зорлық-зомбылық көреді, дейді мамандар. Ерте неке қиюдың ертеңі қандай болмақ? Бұл мәселеге қатысты мамандар не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Ақ бантиктің орнына ақ орамал! Бүгінде 15 пен 18 жас арасындағы бойжеткендердің шамамен  5 пайызы некеде тұр. Тіпті оның басым бөлігі күштеп күйеуге берілген. Мұндай зерттеуді  Біріккен Ұлттар Ұйымының халықты қоныстандыру қоры жүргізіпті. Ең сорақысы, жыл сайын 3 мыңға жуық қыз бала шарасыздан тұрмысқа шығып жатса, оның 50-60 пайызы отбасы тарапынан қысым көруде екен. 

Бесіктен белі шықпаған бойжеткендердің отбасылық  өмірге жолдама алып жатқаны алаңдатпай қоймайды. Мәселен, биыл 25 мамыр күні мектептен түлеп ұшқан бойжеткеннің жаңа отбасының табалдырығын аттап жатқан видеосы қоғамның қызу талқысына түсіп, әп-сәтте ғаламторды шарлап кетті. Ал, 17 жасында тұрмысқа шыққан танымал дизайнер, бүгінде бес баланың анасы Гүлнара Қасым жастардың мектеп табалдырығын аттамай жатып ерлі-зайыпты атануына қарсы. 

«Негізінде ол дұрыс емес. Ол мама болуға ерте. Жастық шағын, толық қабылдап сол сәттерден өту керек. Өмірдің жағдайларын түсінбейді» - дейді дизайнер Гүлнәр Қасым. 

АХАЖ бөлімінің мамандары, жасөспірімдер арасындағы неке қию көрсеткіші жыл сайын өсіп келе жатқанын растайды. Мәселен, биылғы жеті айдың ішінде  Астанада 16 -17 жастағы 11 бойжеткен жаңа өмірге жолдама алған. Ал 2017 жылы 17 жас отбасы некесін заңдастырған. Мұндай қадамға кейбір жастар амалсыздан баратын көрінеді.  

«Аяғы ауыр немесе ортақ балалары болған жағдайда. Бізде ондай жағдайлар болды. Қыз бала аяғы ауыр болған 15 жаста, 16 жасқа дейін тіркей алмадық. Ортақ балалары болғандықтан некелерін қидық» - дейді қалалық АХАЖ бөлімінің маманы Назира Искакова. 

Жалпы имамдар кәмелет жасқа толмағандардың ерте некеге тұруға асығатынын жасырмайды. Мешітке мұндай ұсыныстар  жиі келіп түседі. Тіпті, 9-10 сынып оқушыларын ақылға шақырып, неке тек ата-ананың рұқсатымен ғана жүргізілетінін айтып, ескерту жасаймыз, дейді. 

«Жас қыздар тұрмысқа шығып жатады. Ақылы толмаған, сезімге беріліп кетеді, одан кейін жарты жылдан кейін тастап кетеді, бала ғой, мына бойжету керек. Жауапкершілікті сезіну керек, талақ деген оңай нәрсе емес» - дейді наиб имам Нариман Исенов.

Осылайша, Біріккен ұлттары ұйымының дерегіне сүйенсек еліміздегі  арулардың сегіз пайызы 18 жасқа толмай ресми немесе бейресми некеге отырады екен. Ал оның бес пайызы өзінен жоқ дегенде 10 жас  үлкен ер азаматпен шаңырақ көтереді.  Бірақ, көп ұзамай мұндай жас отбасылардың дәм-тұзы жарпаспай, ажырасып тынады. Себебі, олардың басым бөлігі отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайын болмай шығады,- дейді мамандар.



Ұқсас тақырыптар