Айбын ТӨРЕХАНОВ: Азыққа қатысты өндірістің барлығы болашағы зор бизнес жобалар

Айбын ТӨРЕХАНОВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик:

Айбын ага.jpg

Азыққа қатысты өндірістің барлығы болашағы зор бизнес жобалар

– Айбын Әдепханұлы, ауылшаруашылығы саласы – білгенге нағыз байлықтың көзі ғой. Ендеше әңгімемізді мал өнімділігін биотехнологиялық жолмен жақсарту жұмыстарынан бастасақ. Осы негізде қандай шаруалар атқарылып жатыр елімізде?

– Қазақ халқы ежелден табиғат заңдылығын орынды пайдаланып, мал өсірудің ұтымды әдісін игерген. Жыл бойына табиғи жайылымдарды барынша пайдаланып, кейбір қаһарлы қыс айларында ғана қара мал қолдағы жемшөпке қараған. Қазіргі заманауи малшаруашылығын қарқынды дамыту үрдісінде, өкініштісі, ежелгі бабалар әдісінің ескерілмеуі. Бүгінгі таңда, сұрыптау барысында негізінен малдың өнімділігіне назар аударады,  оның жайылымға бейімділігі сияқты мәселе ескерілмей қалып жатыр. Осындай біржақтылы сұрыптау нәтижесінде  мал өнімділігі діттеген межеге жете алмай жатады.Өйткені, біз малшаруашылығын қарқынды жолмен дамытамыз дегенмен, іс жүзінде көбіне, жайылымды барынша пайдалануға ұмтыламыз. Бұл мәселе, селекция үрдісіне қатысты орын алған олқылық. Қазіргі ғылым дамыған заманда мал өсірудің биотехнологиялық әдістері малшаруашылығын дамытудың негізгі тұтқасы. Биотехнологиялық әдістердің кеңінен қолданыс тапқаны қолдан ұрықтандыру, бұл салада мамандар жеткілікті. Екінші әдіс, ол эмбриондарды салу арқылы төл алу. Бұл әдіс Қазақстанда құлаш жая алмады, көбіне ғалымдардың араласуымен немесе арнайы мамандардың шақырылуымен іске асып жатыр. Биотехнологиялық әдістердің басқа жолдары, мысалы, аналық жасушалармен жұмыс істеу,  бізде экспериментальды деңгейден аса алмады. Кеңес кезінде малды қолдан ұрықтандыру партия бақылауында болғандықтан, сиыр шаруашылығы мен қой шаруашылығында біраз жұмыстар атқарылды, оның нәтижесі де болды. Өтпелі кезеңнің қиын жағдайында осындай ұтымды әдістен қол үзіп алдық. Мысалы, сүтті сиыр шаруашылығында қолдан ұрықтандыру аксиома ретінде қабылдану керек, ал бүгінгі таңда, шағын шаруашылықтар табынында бұқа жүргенін көзіміз көріп жүр. Егер малшаруашылығы өнімінің 80 проценттен астамын шағын шаруалар қауымдастығы өндіретінін ескерсек, сүт өндірісінің табандап бір орында жылжымауының себебі де осында. Етті бағыттағы сиыр шаруашылығында, малды қолдан ұрықтандыру кеңес дәуірінде,көбіне, асылтұқымды шаруашылықтардақолданылған еді, осы ұстаным жалғасын тапса мал өнімділігінің өсуін жеделдете алар ек. Қой саласына тоқталсақ, қолдан ұрықтандыруды кеңес дәуіріндегідей жаппай жүзеге асырған жөн. Бұл шаруаның еш қиындығы жоқ, қошқарды күйекке дайындау ғана қосымша шығын талап етер, дегенмен оның қайтарымызор болатынын түсінген абзал. Шаруа жалқаулыққа жол бермей, ісіне  бекем болса болды. Бүгінгі таңда, мал өсіруде биотехнологиялық әдісті  ұтымды пайдалану өзекті мәселе. Мысалы, асылтұқымды сүтті және етті бағыттағы шаруашылықтарда көбіне бір жынысты ұрықты қолдану арқылы асыл тұқымды тайыншалардың санын арттыруға болады. Эмбриондарды тасымалдау арқылы генотипі  бағалы бұқашықтарды өсіруге болады. Ал, қатардағы шаруашылықтарда қолдан ұрықтандыру арқылы малдың тектілігін арттырып, тұқым қуалайтын белгілердің таралмауына және басқа да аурулардың белең алуына тосқауыл қоюға болады.Өкініштісі сол, осы ұтымды шешімдердің іс жүзінде игілігімізге толықтай жарамай жатқаны.  Елімізде атқарылып жатқан шараларға келсем, жоғарыда келтірілген әлемге әйгілі ұтымды ұсыныстардың басшылыққа алынып, жүйелі түрде іске аспай жатқаны. Иә, бір жынысты ұрықпен ұрықтандыру да, эмбриондарды тасымалдау да шаруашылықтардың жеке бастамасымен қолданысқа енген, бірақ, осы бағытта мемлекеттік қолдаудың әлсіздігі, мамандардың дәрменсіздігіненжәне селекциялық мақсаттың айқындалмауы іске тосқауыл болып тұр. «Бір жол бар, ұзын да болса қысқа...» дегендей, мақсат қысқа уақытта мал өнімін молайтып, ет экспортын қамтамасыз етеміз деген мақсатпен, көбіне, сырттан мал сатып алу арқылы діттеген межеге жету.Республикалық тұрғыдан маласылдандыру жұмысында жүйесіздік орын алып отыр, әсіресе, ұрпағы бойынша бағаланған аталық малдардың әлеуетін толық пайдалану ісіне енжарлық танытылуда. Сонымен, мал өнімділігінің өсуіне тұсау болып тұрған мәселе, маласылдандыру ісіне мемлекеттік көзқарастың тұрақсыздығы және асылтұқымды малға халық игілігі ретінде көзқарастың қалыптаспауы. Қорыта айтқанда, «асылтұқымды малдың қадір-қасиетін қашырсақ, шаруада береке болмас» дер едім.

– Еліміздің аграрлық әлеуеті жоғары. Кең-байтақ жеріміз, жазиралы жайылым, жайқалған егіс алқабымыз бар, шүкір. Бірақ та неге ауылшаруашылық саласы экономикамыздың локомотивіне айналмай отыр? Әлде қолдау жетіспей ме?

– Қазақстан аграрлық мемлекет. Елбасының жолдауларында да аграрлық әлеуеттілігімізді оңтайлы пайдалана отырып, экономикалық қуаттылығымызды арттыруды мақсат тұтқанмен, іс жүзінде оның орындалуы мақсаттан алшақ жатыр. Аграрлық мемлекет болған соң, қолдағы бар байлықты барынша оңтайлы пайдалану керек. Егін шаруашылығын дамытуға жер жеткілікті, осымен қатар еліміздегі табиғи жайылымдар мал шаруашылығын өркендетудің резерві екенін ескерсек, осы екі саланың әлеуетін орынды пайдаланып, әр қайсысының қажеттіліктігі мүмкіндігінше өзара толықтыру арқылы өтелсе, ұтатынымыз мол болатыны анық. Іс жүзінде егін шаруашылығы өз бағытымен, малшаруашылығы өз бағытымен жүргізілуде. Екі саланың мүмкіндіктерін барынша үйлесімді пайдалануға бағытталған шаралар іске толық қосылмай тұр. Мысалы, сиыр етінің экспортын қамтамасыз ету үшін, тек етті бағыттағы сиыр саласын дамытуды қарастырған біржақты саясат болар еді. Осы мақсатты кешенді орындау үшін, алдымен сүтті сиыр шаруашылығын қарқынды әдіспен дамыту арқылы қалалардың маңына шоғырландырған абзал. Сүтті сиыр саласы жұмыс орнын береді, малазығы өндірісін өркендетеді және ішкі нарықтағы сүт өнімдеріне деген сұранысты өтейді. Сонымен бірге, елді мекендер маңында орналасқан екпелі жайылымдар мен егістік алқаптар мал азығы дақылдарын өсіруге қарастырылып, қолдағы барлық малдарға қажет жем-шөп базасын қалыптастыруға мұрындық болады. Ал, еліміздегі табиғи жайылымдарды барынша пайдалану үшін, жайылым түріне орай етті бағыттағы сиырларды, қой саласын және жылқы шаруашылығын жоспарлы негізде дамытуды қарастырған тиімді. Жайылым шөбінің құрамына қарай және ауа райы ерекшелігінеорай әр  өңірдің әлеуеті ескеріліп, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының  барлық салалары өзара үйлесімділікпен ұйымдастырылса шаруаның табысы артып, мемлекеттің есебі түгел болатыны анық. Қазіргі таңда, ауылшаруашылығында салааралық үйлесім ескерілген,бір мақсатқа жұмылдырылған саясат қалыптаспады, әр  сала өз   мүмкіндіктерінше дамуда. Сондықтан да, мемлекеттік қолдау да әр саланың бәсекелестігіне орай қарастырылған. Мемлекеттік қазынадан бөлініп жатқан қомақты қаржы көмегі құмға сіңген су сияқты, нәтижесі де мардымсыз болып тұр. Қазақстанда ауылшаруашылығының әлеуеті орасан зор, біріншіден,  игерілген егіс алқабы да, табиғи жайылымдар да ішкі нарық сұранысын толығымен қамтып, экспортқа өнім шығаруға мүмкіндіктері мол. Екіншіден, бізде өндірілген өнімді өткізетін  нарық та жанымызда, мысалы, Қытай және Ресей рыногы көптеген өнімдерді басқа континенттен тасымалдауда. Кеңес дәуірінен Қазақстан экономикасының қыр-сырын жақсы меңгерген Елбасы осы мүмкіндікті ескере отырып, ауылшаруашылығын экономиканың локомотивіне айналдыруды мақсат етіп қойды. «Ештен кеш жақсы демей ме», Елбасының тапсырмасының да орындалатын уақыты келер.

– Жалпы біз сырт елдерге азық-түлік экспорттау дегенді көп айтамыз. Анығында біздегі ауылшаруашылық саласы өзіміздің ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете алып отыр ма?

– Өте өзекті мәселе, мүмкіндігіміз мол екені рас, ал ісіміз мардымсыз. Біріншіден, өсімдік және мал саласындағы өнімділік деңгейі әлі де төмен, ал өнім өндіру технологияларының заманауи талаптарға ілісе алмай жататыны шындық. Екіншіден, өнімді өңдеу саласының дамуы шабан. Сонымен, өнімділік төмен болса, өнімнің өзіндік құны жоғары болып, өнімнің бәсекелестік қабілетін түсіреді.  Өңделмеген өнім шикізат ретінде халық тұтынысына ие емес. Осы факторлардың барлығы біздің отандық өнімдердің ішкі нарық сұранысында өз орнын иелене алмауына тұсау болып тұр. Қазіргі таңда, ішкі нарықта сүт өнімдеріне, ет өнімдеріне сұраныс толық өтелмеді. Өйткені, сүт және ет өңдеу саласының заманауи көшке ілесе алмауы, ішкі нарықта экспорттық тауарлардың етек алуына жол ашты. Экспорттық өнімдерді ығыстырып шығару үшін, қарқынды дамитын, мысалы, құсшаруашылығын жедел өркендетсе, ішкі сұраныс та өтеледі, шетелге мал етін де жөнелте аламыз. Ал, сүт саласында өңдеу мәселесін түбегейлі шешсек, сүт өнімдері экспортына жол ашылады. Өсімдік шаруашылығындағы жағдай біршама дұрыс, бұл бағытта да сындарлы саясат болса, ішкі нарықтағы бау-бақша өніміне деген сұранысты толығымен өтеп, шетелге өнім шығару /мысалы, ұн, өсімдік майлары және т.б./ еш қиындық тудырмайды. 

– Шетелден асыл тұқымды ірі қараны қымбат бағаға сатып алғаннан гөрі олардың эмбрионын, яғни ұрығын арзан бағада әкелуді жөн санайсыз. Солай ғой? Неге? 

– Шетелден асылтұқымды мал асыраймыз ба, жоқ әлде әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, асылтұқымды аталық малдардың ұрығын немесе эмбриондарын әкеліп, мал тұқымын жақсартамыз ба деген сауал саясат аясына еніп кеткен сияқты. Әлемдік тәжірибеде, ұрық асылтұқымды аталық малдан алынады, ал эмбрион тектілігі өте құнды аналық мал мен генотипі бағаланған аталық малдардан алынады. Сондықтан, шетел асып келген ұрық пен эмбрион сапасына күмән келтіру қисынсыз. Әрине, кейбір елдерде саудагерлік мақсатта эмбрион өндіру жолға қойылған, оны ескерген жөн. Осындай жәйт, асылтұқымды мал әкелгенде де ескерілгені абзал, өйткені, коммерциялық мақсатта тұқымды мал өсіру саясаты бар. Сондықтан, асылтұқымды мал мен тұқымды малды ажырата алатын маман қажет. Өкініштісі, қазіргі таңда, елімізде асылтұқымды малдың қасиетін түсіріп алдық. Заң солқылдақ, мамандар тапшы, республикалық палаталардың жұмысы атүсті болып тұр. Маласылдандыру саясатын малтұқымдары бойынша республикалық палаталар үйлестіріп, оның даму бағытын, мүмкіндіктерін анықтап, қажетті тұста бағытын бағамдауға мұрындық болу керек еді, бірақ, олар асылтұқымды малға тек құжат берумен шектеліп қалды. Асылтұқымды малға, тұқымды малға қойылатын талаптар жіктелмеді. Шетелден валютаға сатып алынған малдың біздің отандық малға тигізген ықпалы да сараланбады. Сондықтан, импорттық мал төңірегінде әңгіме көп, ал тұшымды жауап жоқ. Қолдан ұрықтандыру арқылы малтұқымын жақсарту уақытты қажет ететіні болмаса, өте қолжетімді әдіс. Ал, эмбриондарды салу тек біздің жағдайға бейімделген асылтұқымды аталық малдарды өсіру үшін қажет, оны жаппай маласылдандыру мақсатында қолданса қымбатқа түседі. Эмбрионнан алынған аналық мал донор ретінде, аталық мал тұқымдық мал ретінде пайдаланылады. Әзірге, елімізде осы мәселенің аражігін ажырата алмай жатқандар байқалады. Жалпы, әлеуметтік желіде Төлеутай Рахымбеков жасаған есеп дұрыс, оның айтқан уәжі де орынды. Шекара асып келген тайыншалар бағасы, әрине, жергілікті ортада эмбрионнан өсірілген малдан қымбат болатыны ақиқат. Мәселенің тоқетеріне тоқталсақ, сырттан келген малдың бейімделуіне уақыт қажет, ол тұрақты өнім беріп, өз төлінен көбейгенша қандай экономикалық табыс әкелетінін ешкім де дәл басып айта алмайды. 

– Ал, жергілікті асыл тұқымды малдардың гендік қорын сақтау және оларды көбейту шаралары нақты жолға қойылды ма?

– Бұл сұрақта саясат аясына еніп кеткен мәселе. Дамыған елдерде болсын, көрші Ресейде болсын, әлемдік ұстаным бойынша көптеген елдерде малдардың тектік қорын сақтау орталықтары жұмыс жасайды. Генетика заңдылығы бойынша мал тұқымдары өздеріне тән қасиеттерді өздері өскен ортада толық жүзеге асырады және осы белгілер басқа ортаға түскенде бейімделу сатысынан өтеді, немесе өзгеріскеұшырайды. Сондықтан, әлемдік тәжірибеде  маласылдандыру және мал өнімділігін арттыру жұмыстарын қолдан ұрықтандыру арқылы жүзеге асырады. Мажар мемлекеті, Белорусь, Украина мемлекеттері бастапқыда асылтұқымды мал басын көбейту үшін эмбриондарды салу жұмыстарын жүргізді де, асылтұқымды мал басын жеткілікті деңгейге жеткізген соң, қолдан ұрықтандыру арқылы бүгінгі таңдағы жетістіктерге жетті. Осы мемлекеттердің барлығында маласылдандыру орталықтары бар. Біздің елімізде, кезінде Елбасының тапсырмасымен маласылдандыру орталығы құрылған, мамандар тұрақсыздығынан және малшаруашылығындағы саясаттың ызғарынан қазіргі уақытта тұралап тұр. Сонымен, отандық малдардың тектік қорын сақтау мәселесі күрмеуі шешілмеген күйінде тұр. 

– Қазір әлемде агротуризм саласы жандануда. Егер де бұл саланы бізде де қолға алатын болса, өзіндік, ұлттық ерекшелігіміз қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Агротуризм саласын жандандыру бастамасы еліміз үшін өте маңызды және түсетін пайдасы зор бағыт. Аграрлық мемлекет ретінде Қазақстан диқаншылық саласында да, малшаруашылығы саласында да ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу үлгісінде агротуризмді жандандыруға толық мүмкіндігі бар. Мысалы, «экомекен» үлгісінде киіз үйлер тігілген ауыл құрып, сол ауылда қазақтың қонақ күту рәсімдерін көрсету арқылы ұлттық дәстүрімізді дәріптесе қандай жарасымды. Қазақта киіз үйдің бірнеше түрі болған, кереге санына қарай үйдің үлкендігі анықталған, күнделікті тұрмыста 4 қанатты, 6 қанатты үйлер пайдаланған – дәулетті отбасына «ақ үй» тігілсе, шаруаларға «қараша үй»» тігіледі, ал 8, 10, 12, 18, 24 және 30 қанатты үйлер салтанатты жағдайда тігілген.  Жас жұбайларға жеке үй тіккен оны «отау» деп атайды, арнайы қонақтарды, құдаларды немесе жекжаттарды  күтуге арнайы үй «ақ шаңқан» тіккен,  осындай киіз үйлерді, олардың  безендірілу ерекшеліктерін және ішіне қойылатын жиһаздарды келген қонақтарға көрсете отырып, киіз үйде отыру тәртібінен басталған таныстыру, қонақты күту рәсімдерімен ұштастырылса туристерге үлкен әсер қалдыратыны анық. Қонақтарға ас беру барысында ұлттық тағамдар барынша ұсынылса, қазақтың жеңсік асы – қазы-қарта, құрт-ірімшік, жент және сусындары қымыз бен шұбат туристердің есінде сақталары анық. Осындай шараларды ұйымдастыру үшін сол ауылда малдар бағылып, ұлттық тағам өнімдерін дайындайтын шағын цехтар жұмыс істейтін болар еді. 

Бой сергітуге шыққанда қазақтың ұлттық ойындарын сахналап  таныстыруға болады, садақ тарту, көкпар тарту, аударыспақ, тенге ілу және т.б. Агротуризмді осылай ұлттық нақышта дамытқан қазақстандық брендтің қалыптасуына және танылуына мұрындық болар еді.

Қазіргі таңда, Алматы маңында түйеқұс, марал, балық өсіру негізінде агротуризмнің алғашқы нышандары бар, енді осы бағытты ұлттық дәстүрлерімізге орайластырып ұйымдастыратын шаралар қарастырылса іс алға жылжиды. Республикалық деңгейде қасиетті жерлер картасы жасалды, ендігі қадам, осы аумақтардағы табиғаты әсем жерлерде агротуризм саласын дамытып, оны ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу бағытында өрбітсе, кәсіпкер де ұтады, туристерге де қызықты болады. 

– Елімізде ғылым мен өндірісті байланыстыруға, эксперимент жасауға бірден-бір қолайлы сала – осы ауылшаруашылығы саласы. Қазіргі таңда қандай тәжірибелер жасалып жатыр? Және қайсысының бизнес-болашағы бар?

– Ауылшаруашылығы саласы табиғатқа етене жақын болғандықтан, биологиялық факторлар әсерінен ұдайы қозғалыста. Осы қозғалысты өз игілігіне айналдыру адамзаттың басты мақсаты. Биологиялық нысандардың адамзатқа берер игілігін анықтау үшін  ғылыми ізденістер керек, осы ізденіс нәтижесі эксперименттер арқылы өндіріске ендірілетіні аксиома. Республика көлемінде ауылшаруашылығында жасалып жатқан тәжірибелер көп, олардың қаншасы тиімді болады  оны уақыт көрсетер. Ауылшаруашылығы негізінен өсімдік және малшаруашылығы болып екі негізгі саладан тұрады, ал салалааралық қаншама ғылым бар. Малшаруашылығында ғылым мен өндірісті ұштастыратын тәжірибе қатарында маласылдандыру мәселесі бойынша Қостанай облысы, Денис ауданында «Агротехнологиялық компания» серіктестігі эмбриондарды салу арқылы генотипі бағалы мал басын көбейту бағытында атқарып жатқан игі істерді атауға болады. Мал саласында мақтанышпен айтатындай отандық ғалымдардың жетістігі аз, дегенмен технологияны трансферттеу кең етек алуда, өйткені, жаңа технологияларды енгізуде ізденістерді талап етеді. Мал тұқымын асылдандыру, малдарды азықтандыру және мал өнімін өңдеу мәселелері бизнес болашағы бар ізденістер.

Өсімдік шаруашылығына келсек, бұл саладағы ізденістер өте көп және беретін нәтижесі де зор. Дақылдарды өндірудің қарқынды технологиясы іске асуда, осы бағыттағы ізденістердің болашағы зор. Қарқынды технология өнімнің өзіндік құнын арзандататыны белгілі, ал  экологияға зияны тимейтінін ескерсек, бұл тауарлар әлемдік нарықта тұрақты сұранысқа ие. Топырақ астын ылғалдандыру технологиясы, гидропоника технологиясы, жылыжайларда көкеністерді өсіру,шөлге немесе тұзды топыраққа төзімді дақылдардың жаңа сұрыптарын шығару,  микробиологиялық  жолмен өсімдіктердің өнімділігін арттыру, топырақта азот жинақтайтын  өсімдіктердің белсенділігін көтеру, алқаптағы өсімдік зиянкестерімен күресу және өнім өңдеу саласында қышқылды сүт өнімдерін шығару сияқты бағыттарда нәтижелі ізденістер мол. Мал көңі мен құс саңғырығын микробиологиялық әдіспен органикалық тыңайтқыштқа айналдыру да болашағы зор бизнес. 

Қазақ ғалымдары «гуминт» атты органикалық-минералдық композициялық тыңайтқыш әзірлеп бітті. Бұл өнім жауын-шашынды кезеңде суды бойына жиып, құрғақшылық кезеңде топырақ пен өсімдікке беріп отырады. Құны миенералдық тыңайтқыштардан еке еседей арзан, өнімнің төзімділігін арттырып, шығымдылығын арттыратыны анықталған.

Адам баласын азық-түлікпен толық қамти алмай отырған заманда, азыққа қатысты өндірістің барлығы болашағы зор бизнес жобалар дер едім.

– Еліміздің аграрлық әлеуетін арттыру үшін қандай шараларды қолға алу керек деп санайсыз?

– Аграрлық әлеуетті толық пайдалану үшін өсімдік және малшаруашылығы салаларының үйлесімділігін ескере отырып, мультипликациялық көбею негізінде, жалпы өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің мөлшерін арттыруға бағытталған шаралар жүзеге асу керек. Өнімнің молаюы тауардың өзіндік құнын төмендетсе, өндіріс үрдістерін автоматтандыру мен цифрлық технология еңбек өнімділігін арттырады және өнімнің сапалық көрсеткіштерін ұдайы бақылап отыруға қол жеткізеді. Өндірістің осы алғышарттары мемлекеттік қолдауға ие болып, өндірілген артық тауарларды экспорттау да мемлекет тарапынан ынталандырылса, шаруаның да тұрақты табысы артып, мемлекетке де тиімді болар еді. Қазіргі таңда, мемлекеттік көзқарас тұрақты емес, бүгін кооперативтерге қолдау көрсетілсе, ертесі етті сиыр шаруашылығын қолдауға басымдылық беріліп жатқанын көріп отырмыз. Қолдағы бар қаржы тарыдай шашылып, діттеген мүддеге жетпейді. Қазақ «бірлік бар жерде, тірлік бар» деген, өнімдерді өңдеу саласын жетілдіре отырып, үйлесімді салаларды бір мақсатқа жұмылдыратын тетікті іске қосу керек. 

– Салиқалы сұхбатыңызға көп рахмет!

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар