Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов сырттай 17 жылға сотталды

3.jpg

Алматы соты ерлі-зайыпты Храпуновтар мен оларға қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталған он адамға сот үкімін оқыды деп жазады Азаттық.

Бүгін түстен кейін Алматы қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында судья Қасым Қалмағамбетов «Храпуновтар ісі» бойынша айыпталғандарға сот үкімін оқыды.

Үкім бойынша, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов - 17 жылға, оның әйелі Лейла Храпунова - 14 жылға сотталды. Бұған қоса, сот Виктор Храпуновтың мүлкін тәркілеуді, Қазақстан президенті атына оның ордендері мен наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасауды үкім етті.

Сот Храпуновтардың «сыбайласы» ретінде аталған Алматы қалалық әкімдігінің бұрынғы қызметкері, қазір шетелде жүрген Аяр Ілиясовты 5 жылға соттап, жазасын қатаңдығы жағынан орташа режимдегі колонияда өтеу туралы шешім шығарған.

Ал қалған тоғыз адам Қылмыстық кодекстің 69-шы бабының 1-ші тармағы бойынша, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұлар: Яков Заяц, Ғабиден Қайымсұлтанов, Қуандық Бискультанов, Абай Сапаров, Алтай Қасымов, Серік Есмұқанов, Айнакүл Садықбаева, Абылайхан Қарымсақов және Абдул-Ғазиз Мұқашев. Бұл азаматтар Алматы қалалық әкімдігінде әр жылдары әртүрлі қызмет атқарған.

«250 МИЛЛИОН ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН»

Ерлі-зайыпты Храпуновтарға «қылмыстық топ құру», «алаяқтық», «пара алу» айыптары тағылған. Виктор Храпунов сонымен бірге «өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену» және «қызмет бабын асыра пайдалану» баптары бойынша айыпталған. Сот материалдары бойынша, олардың «қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген».

Ал қалған азаматтарға «ақша жымқыру» және «қылмыстық топқа қатысы бары» туралы айыптар тағылған еді.

Шамамен екі айға созылған сот процестері басты айыпталушылар ерлі-зайыпты Храпуновтардың қатысуынсыз өткен.

Бұған дейін Швейцарияда тұратын ерлі-зайыпты Храпуновтар мен «олардың сыбайласы» деп саналатын Аяр Ілиясов Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тергеуге бірнеше мәрте шақырылғанмен келмеген.

400 ТОМДЫҚ ІС

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, бұған дейін айыпталушылардың адвокаттары мерзімі өтіп кеткендіктен қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Бірақ сот бұл өтінішін қанағаттандырмаған.

Қыркүйектің 28-і күні өткен жарыссөзде прокурор Алмас Байбарақов Виктор Храпуновты 20 жылға, Ләйла Храпунованы 17 жылға соттауды, дүние-мүлкін тәркілеуді және мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айыруды сұраған еді. Прокурор сонымен қатар Қазақстан президенті атына Храпуновты ордендері мен наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасаған.

 



Ұқсас тақырыптар