Қазақ көміріне қожайын болған Блаватник кім?

3.jpg

Блаватник Леонид Валентинович (Америкалық аты-жөні сэр Леонард Блаватник) – әлемдегі ең бай миллиардерлерің бірі. Ол 2007 жылы  “Forbes”  тізімінде 45 орында болған. Оның сол кездегі байлығы 7,2 млрд долларды құрапты.

Алайда оның миллиардтарынан қазақтың да үлесі бар десек қателеспейміз. Өйткені ол  Екібастұздағы “Богатырь” разрезінің қожайыны болыпты.

Негізінен Қазақстан көмірінің 70 процентін Екібастұз көмір кені береді. Ол  жерде  “Восточный”, “Богатырь”, “Северный” деген үш көмір разрезі бар. Кезінде, “өзімізде маман болмағандықтан”  “Восточный” разрезін – Машкеевичке, “Богатырь” разрезін – Блаватник, Карпухович, Червовичке, ал “Северный” кенішін ресейлік Чубайстің меншігіне беріппіз.

Сонымен, қазақ көміріне қожайын болған Блаватник кім?

1957 жылы Одессе да дүниеге келген. 1978 жылы отбасымен Америкаға қоныс аударады. Сол жердегі Колумбия университетін, кейіннен Гарвардың бизнес мектебін бітіреді. 1986 жылы “Access Industries” компаниясын құрады. Ол компания әр түрлі салаларға инвестиция тартумен айналысады екен. Ал 1991 жылы “Ренова” деп аталатын ресей-америка бірлескен кәсіпорнының құрылтайшысы болған.

2014 жылдың соңында «The Sunday Times» Леонид Блаватниктің жағдайын 13,17 млрд. фунт (20,0 млрд. доллар) деп бағалап, Британ азаматтығы болмаса да, оны ең бай британдық деп атаған.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Блаватник және оның қасындағы екі әріптесіне “Богатырь” кен орнын 40 млн долларға саудалайды. Блаватниктер қағаз жүзінде 40 млн доллардың жартысын төлейді. Сөйтіп біздің көмір кенішін жекеменшікке алып, меншік иесі екенін дәлелдейтін құжаттарды Нью-Йорк банкісіне тапсырады. Сөйтіп ол жерден 500 млн доллар несие алады. Сонда бұдан кім ұтты? Кім ұтылды?

Айтпақшы ол  өзінің  Иркутск алюминий зауытындағы серіктестеріне:

“Мен алюминийдің қалай жасалатынын түсінбеймін, бірақ ақша қалай жасалатынын түсінемін. Сондықтан сіздің міндетіңіз алюминий жасау, менің ақшамды көбейту” - деген екен.

Бәлкім ол, көмірдің де қалай алынатынын түсінбейтін болар? Біз де оның “ақшасын көбейтуді” өз міндетімізге алған болсақ ше?

Елімізде жылда қыс басталарда көмір тапшылығы болады. Кеше ғана қысы қатты Семейліктер көмір жоқ деп дабыл қақты. Тіпті көмір алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрып, 2-3 шелек көмірді әрең алатын көрінеді. Былтыр да көмірдің аздығынан төтенше жағдай жарияланғаны есімізде.

Халық осылай тарығып жатқанда Машкеевич, Блаватниктер байлыққа белшесінен батып жатыр. Ал, олар қазақ байлығын кім арқылы иеленді? Халықтың байлығын ойланбай сатқандар “кесенің түбіндегі нақақ жастан” неге қорықпайды?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz



Ұқсас тақырыптар