Банктерге зейнетақы қорынан 300 млрд теңге бөлінеді

3.JPG

Банктерге зейнетақы қорынан тағы да қыруар ақша бөлінеді. Бақандай 300 млрд теңге! Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Екінші деңгейлі банктерге берілетін қаражаттың тең жартысы халықтың жинағынан аударылады екен. Бүгін Мәжілістегі есеп-қисаптан хабары бар бір топ депутат Үкімет мүшелерін шақырып алып, бюджет туралы заң жобасын талқылады.  Кейбір министрліктердің игерілмеген қаржысы енді жаңадан құрылған Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жіберіледі. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұрын статистика комитетін басқарғанымен, сандарды есте сақтау Смайылов мырзаға оңай тимей жүрген сыңайлы. Жаңадан келген министрліктің есеп-қисабын жатқа соғу қиын болған соң, байыпты басшы әр қағазын асықпай қарап алды. Президенттің  жуырдағы Жолдауы бойынша маңызды жобаларға несие беру үшін екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге бөлінуі тиіс. Енді оның тең жартысы, яғни 300 млрды зейнетақы қорынан алынады екен. Қордағы жинағымыз қарап жатпайды, біз зейнетке шыққанша басқалардың қажетіне жұмыс істейді екен. 

«Ол ақша екінші деңгейлі банктерге коммерциялық, нарықтық мөлшерлеме бойынша қайтарымды негізде беріледі. Қазір біз қаржының мақсатты орындалуын, экономикамыз үшін басым бағыттар мен жобаларға бағытталғанын бақылау тетіктерін әзірлеуіміз керек. Зейнетақы қорындағы ақша  қордың  активтерінің өсуі үшін инвестицияланып, табыс әкелуі керек. Сондықтан оларды бір жаққа инвестициялау керек. Бұл қалыпты жағдай. Мұндай тәжірибе барлық әлем елінде қолданылады» - дейді ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Әлдеқашан бекітіліп қойған алдағы үш жылдың, 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгеріс енгізуге себеп бар. Түркістан облысы құрылды, Шымкент қаласына жаңа мәртебе берілді.  Аталған өңірлерді дамыту үшін кейбір министрліктердің игерілмеген қаржысы тартып алынады.   

«Кейбір қаржыны атап айтсақ, 29,7 млрд теңге Түркістан облысы  мен Шымкент қаласына қосымша бағытталады. Осы өңірлердің әрі қарай дамуына» - дейді  ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Бюджет қаржысын қайта қайта есептеу кезінде 155 млрд теңге артылып қалыпты. Білім  және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Инвестициялар және даму министрліктерінде  қыруар қаржы игерілмеген.  Тәуелсіздіктік алғашқы жылдарындағы қиын кезде  министр болып, қазір Мәжілістің қаржы және бюджет комитетін басқарып отырған Гүлжан Қарақұсова  игерілмей қалған млрд-тарды естігінде эмоциясын жасыра алмады. 

«Я хочу из опыта, когда те годы министры по 40 мин, иногда 1,5 часа доказывали. А сейчас у вас млрд туда-сюда гуляют, это оказывается ничего» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова.

Сондай-ақ, соңғы үш айдағы доллардың көтерілуін ескерген Қаржы министрлігі алдағы үш жылдың бюджетін 350 теңгеден есептеді. Бұрын 1 доллар 340 теңге деп бекітілген еді.  

Бюджет жобасын талқылау кезінде депутаттар тағы бір мәселе көтерді. «7-20-25» бағдарламасы ауыл-аймақта да жүзеге асырылуы керек. Өйткені, елдімекендердегі салынып жатқан жаңа үйлер тек санаулы адамға беріледі. Ал қарапайым тұрғындардың таңдауы ескерілмеген. Әсіресе, шекаралық облыстардағы ел-жұртты тұрақтандыру үшін тұрғын үй бағдарламасының кейбір тұстарын қайта қарау керек дейді халық қамын ойлаған қалаулылар. 


Ұқсас тақырыптар