80 мыңға жуық студентке жатақхана жетіспейді

1-1.jpeg

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы орталығы Білім және ғылым министрлігімен бірігіп, жатақханаға сұраныс бағытында сараптама жасаған. Нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде 80 мыңға жуық орынға сұраныс бар екені анықталған. 2022 жылға дейін 75 мың орынды пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры Біржан Әлімжанов студенттердің жатақханамен қалай қамтылатынын айтып берді.

«Бүгін Білім және ғылым министрлігі мен Қаржы орталығы еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының арасында келісімшартқа қол қойылды. Бұл келісімшарттардың нәтижесінде 4 мыңға жуық жаңа жатақхана орны пайда болады және оның 2810-ы 2019 жылдың соңына дейін іске қосылады. Жалпы, бұл механизм мемлекеттің және жеке сектордың әріптестігінің негізінде құрылған. Жатақхананы жоғары оқу орны өз қаражаты есебінен немесе жеке сектордың инвестициясын тарту арқылы іске қосады. Нәтижесінде мемлекет әрбір іске қосылған жатақхана орны үшін (егер студент сол жатақханада тұрса), ғимарат құрылыс арқылы іске қосылғанда - 122 айлық есептік көрсеткіш, реконструкция арқылы іске қосылғанда - 47 АЕК төлейді. Осы жылдың көрсеткішін негізге алсақ, 122 АЕК – бұл бір студентке жылына шамамен 300 мың теңге. Мемлекет бұл тапсырысты жатақхана іске қосылғаннан кейін 96 ай, 8 жыл бойы орналастырады. Бірақ, міндетті алғышарт - сол жатақханада студенттің болуы. Мысалы, егер жатақхана 500 орынға есептелсе, бірақ ол жатақханада тек 400 немесе 300 студент тұрса, сол студенттердің санына ғана қаражат төленеді. Яғни, ақша студенттің соңынан жүреді», - деді Әлімжанов берген сұхбатында.

Ол Қаржы орталығы Білім және ғылым министрлігімен бірігіп, жатақханаға сұраныс бағытында үлкен сараптама жұмысын жүргізгенін айтты. Зерттеу нәтижесінде бүгінгі таңда елімізде 80 мыңға жуық орынға сұраныс бар екені анықталған. Маманның мәліметінше, қазір еліміздің барлық аймағында жатақханаға сұраныс бар. Олардың ең жоғары көрсеткіші жастар көп шоғырланған Алматы, Астана мен Шымкент сияқты мегаполистерде тіркелген.

«Негізгі жоспар бойынша 75 мың жатақхана орнын іске қосу керек. Бұның барлығы әрине кезең-кезеңмен, 2019-2021 жылдар аралығында жүзеге асады. Негізгі жобаны 2022 жылы аяқтау көзделіп отыр», - деді Біржан Әлімжанов.

Маман жатақханадағы студент төлейтін төлем құны тек қана нарықпен анықталатынын айтты. Бағасын меншік иесі, яғни жатақхана иесі өзі анықтайды. Қазір жатақхана орнының орташа бағасы 10-15 мың теңге шамасында құбылады.

«Бүгінгі күні жоғарғы оқу орындары құрылыс компанияларымен келісімшартқа тікелей өздері отырады. Яғни, бұл тарапта оларға ешқандай шектеу жоқ. Ал Қаржы орталығы бүгін Қазақстан ипотекалық компаниясы және Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім қорымен меморандум жасасты», - деді «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры.

Атап өтсек, бүгін Білім және ғылым министрлігінде студенттерді жатақхана орындарымен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырыстың алғашқы келісімшарттары жасалды. Бағдарламаның операторы – Қаржы орталығы және шарт тараптары – БҒМ мен еліміздің бірқатар жоғары оқу орны келісімшарттарға қол қойды. Сонымен бірге, іс-шара барысына Қаржы орталығы мен Қазақстан ипотекалық компаниясы арасында Студенттердің тұру жағдайын жақсарту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.



Ұқсас тақырыптар