Жер ана еңбегіңді жемейді

алайда топырақтың құнарлығын сақтау басты талап

2.jpg


Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты мен Топырақтану қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Топырақ ресурстарын және қоршаған ортаны қорғау» тақырыбында Х Халықаралық конгресі (ІІІ  Еуразиялық топырақтану конгресі – 2018) болып өтті. Конгресс жұмысына Түркия, Сербия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай секілді 30 шақты мемлекеттен келген ғалымдар қатысты. 

Халықаралық шараны Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Абдулла Сапаров ашып, топырақтың тозуы жер шарында қарқынмен белең алып отырғандығын алға тартты. Ғалымдардың дерегінше, қазіргі таңда әлемде топырақтың 70 пайызға дейінгі көлемі тозып кеткен. Ал 30 пайызы шөл-шөлейтке бейім жерлер. Маманның айтуынша, Қазақстанның топырағы да антропегендік қысымдарға төзімсіз, нәзік әрі тозуға бейім келеді екен. Сондықтан жер қыртыстарын қорғайтын егістік және жайылымдық жерлердің құнарлығын сақтауға шаруаларды міндеттейтін заң керек, деді ғалым.

Бұдан кейін сөз алған Әлемдік топырақтану қоғамының президенті Такачи Казаки жер ананы қорғауда әлемде атқарылып жатқан істерге тоқталды. Оның айтуынша бұл мәселеге әр елде әр түрлі көзқарас қалыптасқан.  Топырақты заңмен қорғап, құнарлығын нақты іспен сақтап отырған елдер де бар. Керісінше әлі дұрыс көңіл бөлмей келе жатқан мемлекеттер де кездеседі екен. Тіпті, топырақты химиялық тыңайтқышпен улап жатқан елдер де бар. Бұл істе Еуропа елдерінен үлгі алу керектігін алға тартты ғалым.

Конгресс жұмысы бұдан ары секцияларда жалғасты. Онда әлемдегі осы саланың білікті мамандары топырақ пен қоршаған ортаны қорғау тақырыбын қозғап, климаттың өзгеруі, жердің тозуы, шөлейттену үдерістерінің қатысты ізденістерін ортаға салып, шешу жолдарын  ұсынды. Олардың қатарында топырақты күтіп, емдеудің жаңаша жолдары мен жаңа технолгияларды игерудің маңыздылығы зор екені дәлелденді. Мысалы, Белорус елінде 1 гектар жерге 270 килограммға дейін табиғи тыңайтқыш берілетін болса,  біздегі көрсеткіш 3-5 кг шамасында ғана екен. Украина, Канада елдерін алсақ та, онда топыраққа ерекше күтім жасайды, тоздырмауға тырысады. Ресейде қара топырақты аумақтар бізден 10 есеге артық, ылғалдылығы да басым. Десек те, Ресейде ауыл шаруашылығына арналған жерлерді басқарудың өзіндік заңы бар. Сондықтан да бізге де осы тәжірибені басшылыққа ала отырып, топырақтың құнарлылығын азайтпай, тұздануға жол бермей күту қажет. Мәселен, Сербиядан келген ғалым Елмира Салжникова Сербия Заңы бойынша әрбір жер иеленуші жерді күтіп, оның құнарлылығын арттыруға міндетті екенін айтты.  Егер шаруа жерді өңдеп, одан өнім алмаса, ең болмағанда шөбін шауып, өрт қауіпсіздігін сақтамаса, жыл сайын құнарлылығы арнайы зертханада тексертіп, оны арнайы органдарға тіркетпесе, ол жерлер үкіметке қайтарылады. 

Ал Қазақстанда топыраққа қатысты мәселелер Жер Кодексінде, өзге де мелекеттік нормативтік құжаттарда қарастырылғанмен, арнайы заң қажеттілігін уақыт талап етіп отыр. Мұндай маңызды құжат топырақ сапасын төмендетпеудің барлық кешенді мүмкіндіктерін қарастыратыны сөзсіз. 

Экологияның нашарлауы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, т.б. көкейкесті мәселелердің алдын алу үшін арнайы карта жасалуы қажет. Мұндай карталар алғаш рет 1938, кейіннен 1975 жылы жасалған. Бүгінде заманауи жетістіктердің арқасында картаны ғарыш арқылы жасаудың, гистехнологиялардың әлеуеті зор. Яғни, карта жерді тиімді пайдалануға негіз болады. Ендігі кезекте картаны пайдаланумен қатар жердің агроөндірістік топтамасын жасап, геоақпараттық технологияларды жүзеге асыру қажет, деді ғалымдар.

Үш күнге созылған конгресс соңында оған қатысқан ғалымдар арнайы қарар қабылдады. Ол қарарды әр елден келген өкілдер өз Үкіметтеріне тапсыруға, және сол қарардың орындалуын бақылауға шешім шығарды.

Mezgil.kz 



Ұқсас тақырыптар