Вундеркиндтерді дұрыс тәрбиелей алып жатырмыз ба?

Мемлекеттің өркендеуі үшін, озық мемлекеттермен иық тірестіруі үшін қоғамға дарынды, талантты адамдар керек. Ғылымды дамытып, жаңалық ашып, адам баласының жасампаздығын әлемге паш ететін осы тұлғалар. Сол дарын иелері елімізде қаншалықты, оларға жағдай жасай алдық па, ол адамдарды кұрметтей алдық па деген сауалдар барлық мемелекетті мазалайды. 

вундер.jpg

Қазақ халқы да ежелден өз орталарында өмірге келген дарынды тұлғаларды ерекше құрметтеген. Қазақ дәстүрінде тектілікті әспеттеу, сол арқылы ұлттың тектік қорын қабілетті гендермен толықтыру тамаша үрдіс болғаны шындық. Қалыптасқан үрдіс жасампаз болғанымен, ол замана ағымына ілесе алмады-ау. Кеңес дәуірінде кеңестік билік қазақтың сауаттылығын ашқаны рас, ал қазақтың табиғи қабілетін пайдалана алды ма? Қазақтан шыққан оқымыстыларды, білімді азаматтарды патша заманында да, кеңес дәуірінде де қудалауға ұшыратқаны шындық. 

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, өзі аз халықтан шыққан білімді адамдарды, олардың ұрпағын репрессияға ұшырату халық ішінен суырылып шығатын дарынды топтардың шоғырына кері әсер еткенін ешкім сараптап жатқан жоқ. Өйткені, саяси астары бар мәселе. Ұжымдастыру кезеңіндегі солақай саясаттан қаншама текті адамдар елден кетті, қайта оралғанда олар ғасырлар бойы жиналған тектік қорды сақтай алды ма, түйткүл мәселе осында. Ал, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының аяғына қарай етек алған репрессиядан қаншама зиялы қауым жапа шекті. Ат төбеліндей аз халықтың осындай сергелдеңге түсуі, олардан шығатын қабілетті, талантты ұрпақтың тамырына балта шапқандай болды.

Егемендік алып, етек жеңімізді жиыстырып, өз ғылымымызды, өзіміздің отандық өндірісімізді өркендетуге бағыт алдық. Қазіргі таңда, Назарбаев зияткерлік мектептері, талантты балаларға жақсы білім беруге талаптануда. Дегенмен, «осы бағыт алға қойған мақсатты толық игеру үшін тағы қандай мәселелерді қамту қажет?» деген сауал туындайды. Әлемдегі дарынды балаларды іздеу, оларды әспеттеу және оларға жан-жақты мүмкіндіктер жасау тәжірибесі сараптаудан өтті ме? Сауалдар көп, мәселе жан-жақты ойластырылды ма? Күмән басымдау болып тұр.

Дарын иелеріне аса ерекше көңіл бөлген ел американдықтар, бірақ, олардың тәжірибесінде талантты балаларды сатып алу, жағдай жасау әдісімен өз еліне шақыртып алу арқылы шоғырландыру бағыты басым болды. Буддизмде «геген» (моңғолша «тірі құдай» деген сөз) іздеу ғылым ретінде қарастырылады. Кеңес дәуірінде де талантты адамдар шетелде оқытылып, барлық жағдайларын жасау арқылы ғылымды дамытты. Осындай жұмыс барысында кеңес ғалымдары атом бомбасын ойлап тауып, ғарышқа алғаш рет зымыран, адам ұшырып, көптеген дамыған мемлекеттерден озық болды. Дарын иелеріне деген жүйелі істің қалыптаспауы осындай жетістіктерге жеткен елдің, қазіргі таңда, заманауи технологияларға ілесе алмауына әкеліп соқты. Озық технологияларды ойластырып, өндіріске әзірлегендер тобының құрамын сараптасақ, кеңестік мектептің білімін алған ғалымдар жеткілікті. Сонда істің тетігі «қолымыздағы алтынның қадіріне жете алмағанымызда» болып тұр-ау.    

Дарын иелері қолдан жасалмайды, қиялдан туындамайды. Олар да адам баласы, тек табиғат оларға ерекше қабілет берген. Қазақша айтқанда, болмысынан ерекше жаратылған жандар. Генетика іліміне сүйенсек, талантты адамдардың генотипінде шоғырланған гендер жиынтығы ғасырлар бойы адам баласының бойына жиналған қабілеттілікті толығымен іске асыра алатын оңтайлы комбинация құрайды-ау деп пайымдаймыз. 

Сондықтан болмысынан дарынды туған балаларды әлпештеп, оларға жан-жақты көмек көрсетіп, олардың қабілетіне орай мақсат-мүдделеріне демеу беріп, жүйелі жұмыстар ұйымдастырса екен дейміз. Білім беретін мектеп бар, жоғары білім беретін «Назарбаев университеті» бар. Осы білім ошақтарында алған білім қай жерде халық игілігіне жаратылады. Осы кілтипан маңыздылау ма дейміз. Қазақстан малшаруашылығынан бастап, жер қойнауынан алынатын қазба байлықтарды игеру үшін қажетті барлық  салаларда өзінің дербес ғылымын дамытса, сонда ғана біздің ел егеменді болар еді. Жалтақтап көршіге телміну, сырттан мамандар шақыру, әйтпесе, сырттан тауар әкелу сияқты үдерістер егеменділіктің беріктігіне сызат түсіреді деп пайымдаймыз.

Осы орайда «үш тұғырлы тіл» ұстанымы жан-жақты ойластырылды ма, күмән басымдау. «Ағылшын тілін білгендер ғана ғылымды игереді» деген пікірге де күмәніміз бар. Әлемге шашыраған ағылшын азаматтары немесе ағылшын тілін еркін меңгергендер шетінен дарынды ма? Орыс халқының қаншама мамандары бар, қаншама мемлекеттер орыс тілін меңгерген, сонда жаңалықты ашып жатқандар солар ғана ма? Қазақстанның өзінде ағылшын тілін ұршықша иіретіндер, орыс тілінде сөйлеу ғана емес, орысша ойлайтындар қаншама, солар жаңалық ашып жатыр ма? Мәселе тілде де емес, мәселе – қабілетте, табиғат жаратқан дарын иесінде. Дарынды жандарға табиғат ғылымды игеретіндей және жаңалық ашатындай қарым-қабілет берген. Дарынды адамдар үш тіл емес он тілді де игере алады. Мақсат – сол талантты жастардың қабілетіне қарай мүмкіндіктерін толығымен ашу және олардың армандарын мемлекеттік қажеттілік тұрғысынан орайластыра отырып, барлық жағдайларды жасау болуы керек. Ал, «үш тұғырлы тіл» деген саясатпен ана тіліміздің аясын тарылтып, аяғына тұсау салсақ – қазақы ойлау жүйемізге де сызат түсері – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ойланатын мәселе...

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

академик



Ұқсас тақырыптар