Қазақтан басқада жоқ мал тұқымына Еуропалықтар қызығып отыр

Farmers.kz   ет 1.jpg

Фото: farmers.kz

Еліміздің Биологиялық материалдарды зерттеу орталығы ұсынып отырғандай, қазақ малының етіне Еуропалықтар оң баға бере бастады. Экологиялық таза, құрамында екпесі, қанында ауруы жоқ қазақ малының еті болашақта әлемдік сұранысын жоғарлатуы әбден мүмкін. Бұл ретте аталмыш зерттеу орталығының мамандары Израилдің генетиктері ұсынған мәліметтерді алға тартты. 

Мамандардың айтуынша, Израилдегі Рафаел Реканати атындағы генетика институты 2014 жылдан бері экспортқа шығатын ет және ет өнімдерін зерттеумен айналысып келеді. Биылғы жылы да институт мамандары экспортқа шыққан Қазақстанның малының етіне «гендік модификацияға түспеген, таза табиғи шөптермен қоректенген, екпе салынбаған сапасы жоғары» деп баға беріпті. Шетелдік мамандардың бұл пікірін еліміздің мал шаруашылығы саласын зерттеп жүрген ғалымдар да құптап отыр. Мәселен, мал шаруашығы ғылымының докторы, профессор Мәкен Тойшыбековтың айтуынша,  бізде дүниежүзінде жоқ мал тұқымдары бар екен.

ok.ru   жылкы.jpg

Фото: ok.ru 

«Жылқы етіне қатысты сөз етсек, бізде дүниежүзінде жоқ етті, қымызды мұғалжар тұқымы бар. Алтай өңірінде Өскемен жақта қабы жылқысы бар. Көпшілік біле қоймайтын адай жылқысы бар. Оның қасиеті теңіз суын ғана ішетіндігі. Жер жүзінде тұзды су ішетін бірде-бір мал жоқ. Ал бізде бар. Қазақы Еділбай қойы әлемде жоқ. Бұл тұқымда бізде бар. 1916-1918 жылдары Қазақстанда 22 қойдың түрі өсірілген. Батыс Қазақстанда Азғыр түқымды қой. Шығыста Шыңғыс тұқымды қой. Орталық Қазақстанда бес ата қойлары өсірілді. Қазір бұлардың барлығы құрып кетті. 21 түрлі сирек кездесетін қойдың тұқымын құрттық. Тек осы Еділбай қойы ғана қалды. Мұның өзін дамыта алсақ, үлкен жетістік болар еді. Қазір мұндай құнды тұқымды мал басы әлемде жоқ. Демек бізге осы қасиетімізді дамытып, әрі қарай өрбітуге күш салу керек»,-дейді ғалым Мәкен Тойшыбеков. 

Сала маманының айтуынша, қазір Қазақстанда асыл тұқымды мал басын өсіріп, оны экспортқа шығарып жүргендер осындай құндылықтарымыздың қадірін білмей отыр.  

«Бізде Еділбай қойын және қылшықты жүнді қойларды өсіруге мардымды қаржы бөлінбейді.  Биязы жүнді қой өсіретіндерге ғана аздаған жеңілдіктер қарастырылған. Біле білгенге, қылшықты жүнді қойлар суыққа төзімді, климатқа тез бейімделгіш. Бірақ бізде қой өсіру, оның етін экспортқа шығару жағына аса мән берілмей отыр. Өз басым сүт және сүт өнімдері экспортынан гөрі ет экспортынан түсетін пайда ұтымды екенін айтып жүрмін. Ет өндірудің сүт өндіруден машақаты аз, экономикалық тиімділігі мол. Сондықтан бізге келешекте ет экспортына қатысты сауатты шешімдер қабылдауға тура келеді»,- дейді Мәкен Тойшыбеков.

Farmers.kz  кой.jpg

Фото: farmers.kz

Жалпы, мамандар ет және ет өнімдерінің экспортын жетілдіру үшін шетелден асыл тұқымды мал тасымай-ақ,  өзіміздің жергілікті мал тұқымын өсіруге ден қойған жөн екенін алға тартып отыр. «Егер біз болашақта жоғарыда аталған тегі, тұқымы мықты әлемде жоқ қазақы мал басын өсіруді нақты жолға қоя алсақ, онда халықаралық нарықта қазақтың етіне деген сұраныс күрт өседі» дейді сала мамандары. 

Бұған қатысты мал шаруашылығы ғылымының кандидаты Асқар Әйтімов мемлекеттік арнайы бағдарламаны сауатты пайдаланған жөн екенін алға тартты. 

«Біз 188 миллион гектар жайылымдық жері бар Қазақстанда тұрамыз. Мұндай жайылымдық жер Еуропада жоқ. ТМД және Еуропа елдері бойынша жайылымдық жеріміз үлкен. Ал енді осындай ауқымды жеріміз бола тұра мал басын өсіріп, ет экспортында жоғары деңгейге жетпеске?! Елімізде 1,5 млн жылқы бар. Жан басына шаққанда жылқы еті еліміздегі әрбір адамға айына 4 келі 300 граммнан ғана тиеді. Еуропада бұл көрсеткіш 9 келі екен. Сонда «қаны мен жаны жылқымен үндес деген қазақ баласы жылқының етін Еуропадан аз тұтынып отыр» деген сөз ғой. Біздің елдегі 1,5 млн жылқының 5,5 пайызы асыл тұқымды жылқы. Жылқы өсіру аса бап талғамайды. Жылқы қысы-жазы далада жайылады.  Әлемге осындай асыл тұқымды малымызды танытып, оны экспортқа көптеп шығарсақ ұтымды ғой. Сондықтан болашақта мемлекеттік бағдарламаларды сауатты пайдалануға тырысқан абзал. Тіпті бұл ретте әлемде кездеспейтін қазақы мал тұқымын сақтап қалуға қатысты арнайы мемелкеттік бағдарлама жүзеге асса да артық етпейді. Сирек кездесетін мал мұқымын өсіретін шаруашылықтарды мемлекет осылай қолдаса жөн болар еді», - дейді ғалым Асқар Әйтімов. 

Мамандардың пайымдауынша, тиімді үйлестіре алса ет экспортынан түсетін пайда ұтымды болмақ. Егер 2025 жылға дейін ірі қара малының ет экспортының көлемін жылына 100 мың тоннаға дейін, қой етін 45 мың, құс етін 150 мың тоннаға дейін арттыра алатын арттыратын болсақ, бұл кәсіпкерлер үшін де мемлекет үшін де тиімді болмақ. Мәселен, қазіргі күні Қытайда Қазақстаннан экспортталатын сиыр етінің бір келісі 70 юаньға бағаланады. Бұл теңгеге шаққанда 3200 теңге. Сол тәрізді Ресейде Қазақстаннан  баратын сиыр етінің бір келісі 571 рубль бұл да теңгеге шаққанда 2500 мың теңгеден асады.

SN.kz  ет.jpg

Фото: sn.kz

Бұған қатысты экономист-қаржыгер Дәурен Арын: «Экспортқа шығатын өнім бағасы қымбат болғандықтан мемлекеттік бағдарламалар арқылы алған жеңілдіктер өзін-өзі ақтайды. Сондықтан мал етін экспорттаумен айналысатын ірі кәсіпорындар осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдалануы керек. Мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдалана алса, кәсіпорындар ұтады. Болашақта ет экспорты тек қана пайда ғана әкеледі. Себебі қазір әлем елдері үшін мал басын сақтау, одан ет және ет өнімдерін алу өте өзекті мәселе болып отыр. БҰҰ-на қарасты әлемдік мал шаруашылығына қатысты зерттеу жүргізіп отыратын ФАО орталығы бар. Сол орталықтың зерттеуінше,  2025 жылға қарай Орта Азия және Таяу Шығыс елдерінде ет тапшылығы орын алып, олар өзге елдерден ет импорттауға мүдделі болады. Міне, осы кезде Қазақстанның таза экологиялық етіне сұраныс үш есеге жоғарлайды деген болжам бар. Егер біз осы сәтті ұтымды пайдалана алсақ, халықаралық нарықта кеңінен көсілуге жол ашылады. Бұл арада Үкімет пен бизнес бірлесіп жұмыс істесе отандық ет және ет өнімін өндірушілерге үлкен мүмкіндіктер ашылады. Қазір Еуропалықтар қазақтан өзгеде жоқ біздің мал тұқымына қатты қызығып отыр. Ертең шетелдік ақшалы инвесторлар келіп сол сирек кездесетін қазақы мал тұқымдарын өсіре бастауы да әбден мүмкін. Демек бұл арада бізге серпілу керек. Отандық мал өсіру жобасы сауатты қалыптасып Үкімет мұндай істерді қолдауды тоқтатпауы тиіс» дейді.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар