Мұстафа Шоқай: Керенский «Орыс өкіметіне сенуге болмайды» деген болатын

Мұстафа Шоқайдың Францияда эмиграцияда болған кезінде 10 жыл бойы (1929 – 1939) шығарған «Жас Түркістан» журналында жарияланған мақалалары екі томдық жинақ болып туған елі Қазақстанда жарық көрді. Осыған орай санамызда көптен бері жауап іздеп жүрген сұрақтарымызды қойып, публицист, саясаткер Шоқайдың кітабымен сырласқан едік.

муст 1.png

– Мұстафа аға, «Жас Түркістан» журналын шығару шешіміңізге не себеп болды? Сіз бұл журналсыз да Еуропада шығып жүрген әртүрлі орыс және басқа тілдегі басылымдарда, жеке кітап беттерінде де Кеңес үкіметінің саясатын, кеңестік үкіметтің қол астындағы Түркістан халықтарының саяси-әлеуметтік жағдайын ашық айтып, ащы сынап жүрдіңіз. Солар жеткілікті емес пе? Әлде бұның бәрі сізді өз ойыңыздағыдай дәрежеде қанағаттандыра алмады ма?

М.Ш. – Жаңадан шыққан кез келген саяси журнал не газет оқырмандарына өзінің саяси мұратын, жолын және мақсатын таныстырып өтетін әдеті бар. Дәстүрге айналған осы әдетке біз де жүгінеміз. Жолымыз бен мақсатымыз:

- Біз Отанымыздағы Кеңес үстемдігінің ұлттық езгісіне қарсы күресіп жатқан миллиондаған түркістандықтардың шағын ғана бөлшегіміз. Біздің үніміз атамекеніміздегі зор дауыстың бір әлсіз жаңғырығы ғана.

- Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын бұзбай, күшін әлсіретпей «Жас Түркістан» беттерінде көтере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік.

– Сіздің журналыңызда жарық көрген мақалалар мазмұнына қарағанда, «Жас Түркістан» барып тұрған ұлтшылдық басылым. «Ұлтшылдық» пен «шовинизм» - негізінде буржуазияның таптық, қанаушылық мүддесін қамтамасыз ететін идеологиясы деп оқытып еді бізге.

М.Ш. – Большевиктердің атамекеніміздегі ұлттық қозғалысқа қарсы қолданып отырған ең залалды құралдарының бірі бізді «ұлттық шовинизммен» айыптауы болып табылады. Өзінің ұлттық құқығын аз да болса қорғағысы келетін кез-келген түркістандықты большевиктер «шовинист», «төңкеріс пен пролетариаттың сатқыны» қатарына жатқыза салады. Бір мысал келтірейін. 1927 жылы Самарқандта зиялылар құрылтайы шақырылды. Осы құрылтайда ысқаяқ тілмаш Камал Акрамов атамекеніміздегі мұғалімдердің жартысынан астамын «Залалдыларға» жатқызып, оларға өткір шаралар қолдануды талап еткен еді. Жұмысқа жарайтын мұғалімдердің көбі мектептерден қуылды, тіпті, кейбірі қамауға алынды. Ол-ол ма, жүздеген жас оқушыларымызды ұлтшыл мұғалімдер тарапынан уланғандар деп мектептен шығарып тастады (60-б.). «Ұлтшылдардың ықпалына ұшырадыңдар» - деп Түркістанның көптеген шаруаларын қамап тастады және қолдарынан келгенінше азаптады. Жүздеген кінәсіз шаруаларды ұлтшылдар, діншілдер деп қырып жіберді (61-б.). Бұл халқымыздың ұлттық мұраттары жолындағы күрестің бір көрінісі ғана.

– Егер «ұлтшыл» деп түркістандықтарды айыптаса, онда  «шовинизмнің» тегі қайда болмақ?

М.Ш. – Енді соған келейік. «Шовинизм» деп басқа ұлттардың мүдделері есебінен тар ұлтшылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмірлік мүдделерін тек өз ұлтының мүддесі үшін құрбан етуді айтады. Шовинизмнің бой көрсетуі - шовинизммен айыпталып отырған ұлт өзі өмір сүрген елде үстем орынды иемденуі, мемлекеттік билікті қолында ұстауы шарт. Түркістанда билеуші ұлт орыстар болды. Әкімшілік те солардың қолында. Бұрын Түркістан және түркістандықтардың ұлттық мүддесі Ресей мен орыс халықтарына тәуелді еді, енді Ресей орталығына тәуелді (63-б.).

– Сіздің осы айтқандарыңыздан кейін СССР тарихын бізге оқытқандағы талай жағдайлар түсінікті болғандай. Сталиннің Сізді не себепті жақтыртпағаны анықталды. Есіңізде шығар 30 – 40-шы жылдары Сіздің талай отандастарыңыз «шоқайшылдар» деп айыпталып сотталды да, тіпті атылды да...

М.Ш. – Мен сол Шоқайұлы өзім болуым себепті большевиктердің ойдан шығарылған жалаларына жауап қайтаруға және сонымен бірге «шоқайшылдар» жөнінде өз көзқарасымды білдіруге міндеттімін деп есептеймін. Большевиктер «шоқайшылдарға» кімдерді жатқызып отыр. Боль-шевиктер басылымы беттерінде мені сөгуге келгенде Түркістандағы барлық лениншілдерден асып түскен Рахым Анғамұлы мәскеулік қызылдардың шынайы сиқын көріп, олардың Түркістандағы ұлт саясатының отаршылдық сипатын танысымен, ол «Өзбекстанға орыстардың басшылығы керек емес» деп мәлімдеген еді. Орыстар оны сол заматта-ақ «шоқайшылдар» қатарына жатқыза салды. Тіпті, Кеңес үкіметіне қарсы насихат жүргізген молдаларды да «шоқайшылдар деп атады.

Большевик мырзалар «Рошаһи» атты бір арзанқол газетін самарқандық еврейлер сынай бастағанда оларды да «шоқайшылдар» ордасына кіргізіп жіберді (78-б.).

муст 2.jpg

Біздің естуімізше, Сізді ағылшын агенті деп те жүрген екен. Осы шын ба?

М.Ш. – Камал Акрамов сияқтылардың айтуынша, мен «Түркістан ағылшындардың қол астында болғанда ғана өмір сүре алады», - дейтін көрінемін. Олардың мұнысы шылғи өтірік. Қып-қызыл жала. Мен ешқашан олай деген жоқпын және дей алмаймын да.

Большевиктердің Сізге таққан көп айыптарының ішінде «Шоқай – пантүркист» деген айып та бар. Бұған не айтар едіңіз?

М.Ш. – Алдымен кеңестік басқарудағы түріктер арасынан шыққан «пантүркизм» жөнінде қысқаша тоқтала кетейік. Ол тек Ресейге қараған, сонымен қатар Каспий теңізінің ар жағында жатқан түріктердің басын қосу тұрғысынан шыққан болатын. Осындай идея 1919 жылы Ташкентте ашылған «мұсылман коммунистік ұйымдары» конференциясында қойылған. Қызыл Мәскеудің ықпалында өткен осы конференцияда «Түрік тұқымына жататын татар, башқұрт, қырғыз, қазақ, өзбек, түрікмен және басқалардың жік-жік болып бөлінуін аяқтап, олардың бәрін жалпы «түрік» атымен кеңестік Ресейге қараған Түркістан социалистік Кеңестік Республикасы туы астына жинауға қаулы алған. Арада көп өтпей-ақ, большевиктер ес жиып алысымен, мұндай саяси құрылымнан «пантүркизмнің» елесін көріп қалды да, ұлты да, экономикасы да біртұтас болған Түркістанды бірнеше «рулық Республикаларға» бөлшектеп жіберді.

Тағы да бізді алакөңіл қылып, түсіне алмай жүрген жағдай – Сіз бен Керенский сияқты орыс демократтарының арасындағы қарым-қатынастар. Керенскиймен Ташкентте де, Петрборда да жақын дос болдыңыздар. Зайыбыңыз Мария Яковлевнаның айтуынша, екеулеріңіздің Францияға кетулеріңізге себеп болған сол елде Александр Федорович Керенский сияқты орыс демократтарының саяси пана табуы. Тіпті бірнеше жыл Керенскийдің «Дни» атты газетінде жұмыс істегеніңізді білеміз.

муст.jpg

М.Ш. – Бұрынғы Ресей уақытша үкіметінің төрағасы Керенский – Ресей қоластындағы орыс емес ұлттар мәселесінде эмиграцияда жүрген атақты орыс саяси қызметкерлері арасында өзіндік орны бар адам. Кезінде ол біздің атамекеніміз Түркістанда едәуір беделге ие еді. Оның 1916 жылы Түркістанға жасаған сапары, Ташкент, Әндижан және Ниһайаттардағы Мемлекеттік Дума мінберлерінен патша өкіметі саясатына қарсы Түркістанда дүрбелең тудырған себептерді айғақтаған сөздері Керенскийдің атын тек Түркістанда ғана емес, Ресейдің күллі түркіліктер қоныстанған аймақтарына да белгілі етті. Керенскийдің революциялық тұлғасы үміт жұлдызындай көрінген еді. Мен Керенскиймен оның Түркістан сапарында бірге болдым. Сол кездегі Керенский сөздерінің жалпы мазмұны гана емес, тіпті кейбір тұстарының нақты мәтіндері де әлі күнге дейін менің есімде. Егер жаңылыспасам, 1916 жылдың 22 тамызы күні Керенский Әндижандағы жамиғат мешітінің ауласында түркістандықтар мен орыстардың достық, адамгершілік қатынастарына арнап дұға бағыштатқан болатын. Ол осындағы сөзінде патша өкіметінің тоталитарлық саясаты үшін орыс демократиясы өз мойнына ешқандай да бір жауапкершілік жүгін ала алмайтынын, орыс демократиясы мемлекет басқару өз қолына өтуі үшін күресіп отырғанын және түркістандықтар орыстармен тең болып, бірдей құқықтар пайдалануы керек екендігін айтқан еді (105-б.).

Мен және Керенскийдің 1916 жылғы қарашада, Петрборда өз үйінде біздің дала қазақтарымен өткізген бір сұхбатын есіме алып отырмын. Торғай уәлаятынан келген өкілдер түркістандықтардан алынатын жұмысшылардың орнына он мың ат бергісі келетіндіктерін білдіріп, осыған өкіметті көндіру үшін Керенскийден екі араға жүруін өтінген еді. Сонда Керенский оларға: «Орыс өкіметіне сенуге болмайды. Ол сіздің атыңызды да алады, содан соң жігіттеріңізді де жұмысқа жегеді» деген болатын. (105-б.)

Ал енді Керенскийден де, орыс демократтарынан да неге алшақтадыңыз?

М.Ш. – Ақпан революциясы келді. Керенский өкімет басына отырды... Қазан революциясы басталды. Керенский эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. Ақпанға дейінгі және ақпаннан кейінгі Ресей артта қалды. Алдымызда жалғыз большевиктік Ресей ғана тұрды.

Орыс әскерлері мен жұмысшы шаруалары тарапынан Түркістан халқына істеген жауыздықтарды әшкерелейтін дәлелдер мен дәйектер жетіп жатыр. Жауап алушылық аса қатыгездікпен жүргізілгенін бұл күнде большевиктердің өздері де жасырмайды. Орыс большевиктерінің Түркістанды «аштық құрсауына алу саясаты» салдарынан 1 миллион 114 мың түркістандық қырылды. 1917 жылғы қарашада өткен үшінші Кеңестер конференциясында түркістандықтарды басқару ісіне жолатпау туралы қаулы шығарылды. Орыс әскерлері кінәсіз Түркістанның бейбіт қыстақтарын қылышпен кескіледі. Орыс мұжықтары малшы қазақтардың малдарын тартып алуға «Заңдық» негіз жасау мақсатымен олардың көштері өтетін жолдардың үстіне «омарталар» қойып тастады.

Сталин орыстардың бұл озбырлығын «бүкіл дүние жүзінде бірінші болып пролетарлық революция жасаган ұлы орыстардың орынды тәкәппарлығы» деп сипаттаған еді.(106-б.)

Шетелдерде тентіреп жүрген Керенский тектес кейбір орыс демократтары Түркістандағы ұлттық қозғалыс туралы бос қиялдарға берілгенше, осы айтылған фактілер төңірегінде аз да болса пікір жүргізіп көргендері жөн болар еді дегім келеді.(106-б.)

Керенскиймен 1926 жылы Парижде «Дни» газетінің мекемесінде жолыққанымды әлі ұмытқан жоқпын. Ол Ресейден бөлінуді жақтайтын ұлт өкілдерін өз маңына топтасып «жалпы демократиялық» мақсаттар мен принциптер жолында күрескілері келмегендіктері үшін айыптайды. Ал оның бұл демократиялық принциптері бірте- бірте «бюрократиялық аршынына» айналып бара жатқанын ол көрмейді де көргісі келмейді. 1930 жылдың 23 мамыры күні «Дни» газетінде болған басқосуда Керенский былай деді: «Түркістанды Үндістанмен салыстырыңыз. Ресейдің Түркістандағы «мемлекеттік істері» Англияның Үндістандағы мемлекеттік істеріне қарағанда әлдеқайда салауатты негізде құрылған». («Днидің» 91-ші санын қараңыз) (108-б.)

Керенский ғана емес басқа да көптеген орыстар ағылшындардың үнділер алдындағы «ұлттық тәкәппарлығы» дегенді көлденең тартады. Меніңше, мұндай «ұлттық тәкәппарлық» тек ағылшындарға ғана тән «ұлттық қасиет» емес. Оның ішінде Керенскийдің өзі де бар жалпы орыстарға да тән. (109-б.)

Бұл арада мен түркістандық бірнеше жастың Германияға келуіне байланысты орыс демократ газеттері олардың киген киімдеріне қарап: «Түркістан түйелері мен Бұқара есектері» - деп келемеж ете жазғандарына тоқталып та жатпаймын. (110-б.)

«Дни» газетінің 1926 жылғы 10-шы қарашадағы санында большевиктер тарапынан қазақ даласына жер аударылған бір орыстың хаты басылды. «Днидің» Бас редакторы Керенский мына төмендегі жолдарды жариялап жіберіпті... «Эмигранттардың бір бөлігі үш жылға да шыдай алмай, жергілікті ұрғашылармен (сочетается браком с каким-нибудь произведением местной фауны женского рода) байланыс жасай бастауы көңіл аударарлық жайт» деп келіп, хат авторы осыдан көп ұзамай «орангутаннан» жаралып бірте-бірте шаруашылық басқаруға жетуінің өзі де жаман нәрсе» деп қазақтарымызды келемеждейді. (110-б.)

«Орангутанг» атанғаны ұлтымыздың жадынан ешқашан да шықпайтынын Керенскийдің біліп қойғаны жөн...

Біздің мұратымыз - ұлттық тәуелсіз Түркістан. Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. (115-б.)

шокай.jpg

Ұлттық рухтың негізі неде?

М.Ш. – Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Көне Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын.

Кешегі патшалық Ресейді бүгінгі кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағандарымен біздің ұлттық мәдениетіміз тұрғысынан қарағанда ештеңе өзгермейді. «Мемлекет аппараттарын ұлттандыру» жүзеге асырыла қалған күннің өзінде ана тіліміз «ұлы орыстың» рухани мәдениетін таратушы техникалық құралдың рөлін ғана атқаратын болады.

Пушкин, Тургенев, Толстойлар жасаған «ұлы орыс тіліне» Ленин өзі ғана табынып қалмастан, барлық большевиктерді оған бас июге үндеді.

Пушкин дворяндар тобына жататын. Тургенев те қыруар мүлікке ие жоғарғы жікке тән болатын. Толстой болса, асқан бай «граф» еді. Орыстың осы аттары аталған ақын-жазушылары жасаған ұлы әдебиеттің іші де сырты да ұлттық болды. Онда пролетариаттың иісі де жоқ...

Ал біздің Түркістанда ұлттық тілімізді байытуға, дамытуға қабілетті ақын-жазушыларымыздың қол-аяғын байлап-матап, ауыздарын аша алмас етіп қойды.

Мәселен, Ахмет Байтұрсын мен Шолпан – ұлттық әдебиетіміздің ең үздік тұлғалары. Олардың шығармаларынан біз орыс тепкісінде қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес, өміршең қуатын көреміз.

Қазір Ахмет пен Шолпан қайда жүр? Олар неге қуғын-сүргінге ұшырады?

Орыс әдебиеті мен рухани мәдениетіне қатысты дүниелердің бәрі Пушкин, Тургенев, Толстойсыз шығарылмайды. Ал біздің халқымыз өзінің Байтұрсыны мен Шолпандарын неге оқи алмай отыр?

Оның себебі – Пушкин, Тургенев, Толстойлар «буржуазия», «капиталист», «элита» өкілдері болғанына қарамастан, ұлты орыс болғандықтан орыс пролетарлары үшін де қасиетті тұлғалар.

Ал біздің Ахмет пен Шолпандарымыздың ұлты түрік болғандықтан, Түркістан түріктеріне жау қылып көрсетілуде. Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді бір екі-үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түрік тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр (152-154-бб. «Жас Түркістан» 1-15 сандары, 1929-1931 жыл).

                                   Бақыт САДЫҚОВА,

                             Саясат ғылымдарының докторы.

                                  Зәмза ҚОҢЫРОВА,

                      Ақын, публицист, Жазушылар одағының мүшесі.

          «ЖАС ТҮРКІСТАН»



Ұқсас тақырыптар