Қызылжар – Қазақстан астығының астанасы

зерно 0.jpg

Астық науқаны кезінде біздің Солтүстік Қазақстанға қарай елеңдеп отыратынымыз рас. Егіннің бітік шығуы, өнімді болуы Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды. Себебі біз ауыл шаруашылығы өнімдерінен ұнды, бидайды, қара бидайды, майлы дақылдарды  экспортқа шығарып белгілі бір көлемде пайда көріп отырмыз. 

Бұл арада астықты өңір саналатын Солтүстік Қазақстан облысының алар орны ерекше. Аталмыш өңірдегі еңбек өнімділігінің арқасында биылғы жыл басында Қазақстандағы астық өінімінің де көлемі артып келеді.

Негізінен, биыл жыл басынан бері еліміз сыртқа жөнелткен  бидай мен қара бидай экспортының көлемі 1,1 млн тоннаны құраған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 98,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Сыртқа тасымалданған бидайдың ғана сомасы 167,3 млн долларды құрайтынын е скерсек, бұл бюджетке айтарлықтай түсім енгізетін сома. Міне, осы көрсеткіштердің ішінде Солтүстік Қазақстан облысынан өндірілетін астық өнімдерінің де үлесі бары даусыз.

Астық өнімдерімен қоса 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында тоннасы 452,3 мың тоннаны құрайтын, қазынаға  86 млн доллар түсім түсірген ұнды да экспортқа жібергенбіз. Ауыл шаруашығы өнімдерінен ең негізгі экспортқа шығарылатын осы өнімдер екенін ескерсек, астықты аймақтағы тыныс-тіршіліктің қалай өрбитіні біз үшін маңызды.

зерно 1.jpg

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты ауылшаруашылығы бөлімінің мамандары алға тартып отырғандай, аталмыш өлке бізді биыл да астықсыз қалдырмады. Жыл сайынғы егіннің бітік шығып отырғанындай, биылғы жылы да облыста егін бітік шығып,  еселене түскен.  Сала мамандары келтіріп отырған мәліметтерге сүйенсек, ауқымы 2801 мың гектарды құрайтын егістік аумағында жиын терім 100 пайызға аяқталған. Нәтижесінде 5241,4 мың тонна астық жиналған (5 млн 241,4 мың тонна авт.).  Майлы дақылдар егілетін аумағы 976,1 мың тонна гектар егістіктен, 931,5 мың тонна өнім алынған. Картоп (587,9 мың тонна), көкөніс (110 мың тонна) алынған.

Жалпы, егістік аумақтарына  519,5 мың тонна тұқым себілген.  Олардың 403,6 мың тоннасы астық, майлы дақылдар 25,6 мың тонна, жем-шөп, 1,4 мың тонна, картоп 88,9 мың тонна.

Сала мамандарының айтуынша, облыста жылдан-жылға өнім беру көрсеткіші артып келеді. Сондықтан да егіс алқаптарында жүрген техникаларды да жаңарту, жөндеу жұмыстары ұтымды ойластырылған. Мәселен, биылғы жылы құны 26,5 млрд теңге тұратын 1385 бірлік жаңа техника сатып алынған. Бұған қоса 229 трактор мен 205 астық жинайтын комбайн жаңартылған. Өткен жылы 21,1 млрд теңгеге 1190 бірлік техника сатып алынған болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш осылайша жоғары болып отыр. Сондай-ақ астық науқаны барысында техникаларды  дизельді отынмен қамтамасыз ету жағы да маңызды. Биылғы жылы астық науқаны барысында дизельді отынның бір литрі 172 теңгеге бағаланып дизель тапшылығы болмаған.

Ал ең негізгі мәселе астық қабылдаушы орындардың талапқа сай болуы екені ескерсек, облыста бұл мәселе де шешімін тапқан. Сала мамандары алға тартып отырғандай облыс бойынша астық сақтайтын орындардың көлемі 6,6 млн тоннаны құрайды. Биылғы жылы астық сақтаушы кәсіпорындарға 1,4 млн тонна астық, 845,4 мың тонна бидай, 153,6 майлы дақылдар, 405,4 тонна тағы басқа өнімдер тапсырылған. Осылайша астықтың аймақтың егіні бітік шығып отырған жайы бар.

Жалпы, облыстың жоғары көрсеткіші жайында экономист-ғалымдар да хабардар. Бұл ретте экономика ғылымының докторы, егін шаруашылығы саласын зерттеуші маман Ормантай Ғалжановтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы астық өндірудің үздік өңірі екені даусыз.

«Солтүстік Қазақстан облысы республикадағы астықтың үштен бірін өндіретін аграрлы өңір. 5241,4 мың тонна дегеніңіз ұғынықты етіп айтқанда 5 млн 241 мың тоннадан асатын өнім. Бұл рекордтық көрсеткіш. Мұнда орташа түсім 18 центнерден асып тұр. Жиын-терім науқанында диқандарға арзандатылған бағамен 75 мың тонна жанар-жағармай берілгені де айтылып жатыр. Шаруалар қазір қамбаларын толтырып алды. Ендігі егін Орта Азия мен Еуропаға экспортталады. Жалпы биыл еліміз 20 млн тонна астықты қамбаға толтыруды жоспарлаған болатын. Оның 5 млннан астамын Солтүстік Қазақстан облысы өнідіріп отырса бұған неге қуанбасқа?! Сондықтан бұл өңірді расыменде астық өндірудің үздігі деп атауға болады», - дейді экономист-ғалым Ормантай Ғалымжанов.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар