Аграрлық салада Алматы облысының бәсі жоғары

жемис.jpg

Күз басталғалы Алматы облысының шаруалары егінге орақ салып, көкөністерін жинап, көктемнен бергі тынымсыз еңбектерінің жемісін жеуге асық. 

Аграрлық сала басшыларының мәліметтеріне көз жүгірсек көңіл сүйінерлік. Биылғы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 488 млрд теңгені құраған екен. Жыл басында 952 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдары себіліп, бұл былтырғы жылдан 4,5 мың гектарға артық көрсеткіш болды. Қазіргі таңда масақты дәнді және бау-бақша жемістері толықтай жиналып бітті. Облыс аумағында басымдыққа ие жүгері, картоп, жүзім мен қант қызылшасын жинау жұмыстары жалғасуда. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары атап өткендей, Жетісу жерінде 1192 гектарға жаңадан бау-бақша отырғызылып, аумағы 9 гектарға жуықтайтын 4 жылыжай іске қосылған екен. Күздің жылы бір күнін қажетіне жаратуға тырысатын диқандар қазан айының басына дейін 66 мың гектарға күздік дақылдар сеуіп үлгерген. 

Облыс бойынша аграрлық сектордың өсім көрсеткіші 5%-ға артқан. Атап айтар болсақ өткен жылмен салыстырғанда құс және мал саны 4,4%-ға жоғарылап, өнім өндіру секторы 4%-ға жуықтаған. Сиыр етінің 475 тоннасы экспортқа жөнелтілді. 

Сондай-ақ, 1 қазанға дейін 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы облысы өздеріне бөлінген 36,8 млрд теңгенің 28,8 млрд теңгесін игеріп, 58 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Нәтижесінде 632 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Өңір басшылығы жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 31,3 млрд теңге инвестиция тартқан.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар