100 жаңа оқулық: Харари мен Кови қазақша сөйледі

2.jpg

Бүгін «Ұлттық аударма бюросы» аударған әлемдік сұраныстағы екі оқулықтың тұсауы кесілді. Нақты атап айтар болсақ Стивен Р. Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және Ювал Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітаптар қалың оқырманға жол тартты.

«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-ның атқарушы директоры Рауан Кежнеханның айтуынша, бұл кітаптар 100 жаңа оқулықтан тыс, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен аударылған.

«Бұл кітап әлемнің ең үлкен кітап дүкендерінде көп тиражбен сатылып, ішіндегі ойлар мен ұсыныстар кең талқыға түсіп жатқан бүгінгі күннің бестселлері. Біз тұңғыш рет осындай кітаптарды аударып Қазақстандағы оқырмандарға, оқу орындарына, жалпы білімге, қазіргі айтылып жатқан идеяларға қызығатын адамдарға таратуға мүмкіндік алып отырмыз», -дейді Р. Кенжехан.

Ювал Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабының мұқабасына осы кітап жайлы айтылған мынандай пікірлер жазылыпты. Соның бірі «Елсіз аралға өзіңмен бірге ала кететін он кітаптың бірі осы шығар» деген Билл Гейтстің пікірі, сондай-ақ Барака Обама сияқты әлемге танымал адамдардың да пікірі бар.

Жалпы осы кітаптарды аудару жөніндегі ұсыныс Алматы қаласындағы 38 ЖОО-ның басын біріктіретін Ю-38 деп аталатын алаңда айтылған екен. Сондықтан 10 мың данамен басылып шыққан бұл кітаптар 110 ЖОО-ға және барлық кітапханаларға таралады. Сондай-ақ оқырмандар бұл кітаптардың электронды нұсқасын да оқи алады.

«Бұл кітапты қазақы ортадағы беделі бар адамдар мен ғалымдар оқып, өз пікірлерін білдірсе деген ойымыз бар. Өйткені кітапта түрлі ойға жетелейтін тосын идеялар, ұсыныстар бар. Яғни адамзат тарихы бүгінгі күнге дейін қалай дамыды? Жалпы адамзат 100 жылдық тарихына кері бұрылып қарайтын болса өзіне-өзі риза бола ала ма? Осы күнге жетіп адам баласы өзін бақытты сезінді ме?, деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді», -дейді Р. Кенжехан.

Бұл кітап 2011 жылы басылып шығып, содан бері 40 шақты тілге аударылып, 7 млн данамен басылып шығыпты.

Ал, Стивен Ковидің кітабы «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» деп аударылыпты. Сондай-ақ ол еліміздегі «Меломан» кітап дүкенінде 10 жыл бойы ең көп сатылған кітаптар қатарында болыпты.

«Өйткені жақсы өмірдің кілтін іздеген жасөспірім баладан бастап, өзінің қарым-қабілетін дамытқысы келетін мемлекет басшыларына дейін осы кітапты қолдан түсірмей оқыған, және ол әлі күнге дейін талқыланып келе жатыр. Сондықтан бұл да қазақ оқырмандар үшін қызықты болады деп ойлаймын», -дейді аударма бюросының директоры.

Естеріңізде болса, 100 жаңа оқулық бойынша бұған дейін 18 кітап қазақ тіліне аударылған болатын, қазір тағы 30 кітапты аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

BAQ.KZ



Ұқсас тақырыптар