Павлодар шаруалары асыл тұқымды мал басын көбейтуде

1.JPG

Ертіс өңірінің шаруа қожалықтары алыс-жақын шетелден ірі қара мал басын сатып алуда. Қазіргі таңда, Ресей мемлекетінен ангус тұқымдас малдың 600 басы әкелінген.

Ірі қара «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алынған.

Шаруалардың айтуынша, мал басы Брянск облысынан әкелінді. Зеңгі баба тұқымы алдымен тексеріліп, кейін 25 күн бойы карантинде тұрады. Сосын облыстағы шаруашылықтар арасында үлестіріледі деп жоспарланған. Асыл тұқымды мал өсіруге ден қойғандардың қатарында Баянауыл ауданындағы «МТС «Жайма» шаруа қожалығы бар.

Бұл шаруашылықтың тірлігі 10 жыл бұрын 86 сиырдан басталған. Бүгінде асыл тұқымды мәртебесіне ие болған қожалықта зеңгі баба тұқымының саны 2500-ден асады.

«Ангус тұқымын өсіргеніме жеті жылдың жүзі болды. Өңіріміздің мал өсірушілері герефорд, қазақ ақбас сиырларын сатып алғысы келеді. Дегенмен, бүгінгі нарықта осындай тұқымды малды табу оңай емес», - дейді шаруашылық басшысы Батырбек Алдабергенов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айдос Жақұповтың мәліметінше, облыс фермерлері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде екі мыңға жуық мал сатып алған.

«Жыл соңына дейін тағы 800 асыл тұқымды мал жеткізіледі. Болашақта «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7,5 мың ірі қара мал басын әкелуді жоспарлаудамыз. Бүгінде мемлекет қолдауының арқасында шаруалар шеттен әкелінген бір мал басы үшін 225 мың теңгенің несиесін алу мүмкіндігіне ие», - дейді маман.

Baq.kz 



Ұқсас тақырыптар