Жетісудың 2018 жылғы көшбасшылары анықталды

ED2_7404.jpg

Талдықорғанда 2018 жылдың жас көшбасшылары марапатталды. Алматы облысы әкімінің жыл сайынғы «Көшбасшы - 2018» сыйлығын тапсыру рәсімі Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Б.Римова атындағы театрдың жаңа ғимаратында өтті. Жастарға сыйлықты облыс әкімі Амандық Баталов табыстады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі А. Баталов жастарды Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін орындауға атсалысуға шақырды: 

-  Біздің болашағымыз – жастар. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өскелең ұрпақтың үнемі алға қадам басып, үздік дамып отыруы керектігі жайлы әрдайым айтып келеді. Елбасы күні кешегі Жолдауында жастарға деген қамқорлықты одан әрі арттыра түсуге үндеп, биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Бұл – білім беру, жұмыспен қамту, жастардың бос уақытын ұйымдастыру шаралары жаңа қырынан көрініс табады деген сөз. Сонымен қатар бұл қамқорлық белгілі дәрежеде жастарға жауапкершілік жүктейді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен іргелі жобаларды жүзеге асыруға жастар белсене атсалысуы тиіс, - деді өз сөзінде.

Бұдан әрі облыс әкімі Президент жүктеген жаңа мақсат-міндеттерге де тоқталып өтті.  

ED2_7356.jpg

- Әлеуметтік-экономикалық жағдайға үлкен мән бере отырып, Мемлекет басшысы бүгінгі күннің табыстарының негізгі іргетасы – ұлттық кодты сақтауды үнемі еске салып отырады. Президенттің «Ұлы Даланың 7 қыры» мақаласының арқасында біз бірлесе отырып, Жетісудың тарихи-мәдени мұраларын сақтап қана қоймай, одан әрі байыта түсеміз деп сенемін. Осы іске біздің жастар да өз үлестерін қосуы тиіс. Жастар жылында сіздердің есімдеріңіз «Көшбасшы» сыйлығын иеленуші ретінде аталғанының өзі - үлкен жетістік! Бұдан былай да тынымсыз еңбекпен, мықты азаматтық ұстаныммен, жеңіске деген құлшыныспен алға нық қадам басуларыңызға тілектеспін, - деген А. Баталов бұдан соң марапаттау рәсіміне көшті. Түрлі номинациялар бойынша 19 жас арнайы дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Мәселен, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің І студенті, алакөлдік Елдар Әбдиев «Жас батыр» атанса, Талдықорғандағы «Q-print» полиграфиялық қызмет орталығының директоры Дияс Қилыбаев «Үздік жас кәсіпкер» аталымында үздік шықты. Сол сияқты «Ауыл шаруашылығының үздік маманы» жүлдесі «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның кіші ғылыми қызметкері Қарасай ауданынан Рахия Елназарқызына, «Үздік жас оқытушы» - І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Азамат Тілеубаев, «Үздік жас дәрігер» - Еңбекшіқазақ аудандық орталық аурухананың терапевт дәрігері Азамат Аубакировқа берілді.

2018 жылдың көшбасшыларының атынан «Жас журналист» аталымының жеңімпазы, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Мадина Берікова сөз алып, жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтап, жастардың Елбасының сенімін ақтауға, Отанымыздың гүлденуіне бар білімі мен қайратын жұмсайтындарына сендірді. 

Жалпы «Көшбасшы» жастар сыйлығы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Биыл байқау 19 аталым бойынша сарапқа салынды. 

Атап өтсек, Алматы облысында жыл ішінде жастар саясатын жүзеге асырудағы жетістіктер қорытындыланды. Бірқатар жобалар іске асырылды. Солардың арасында «Жастар жолы» жобасы қолға алынып, соның аясында облыстың 10 ауданында 18 жастардың бос уақытын өткізу орталықтары мен спортпен айналысу залдары ашылды. Сол сияқты биылғы жылы алғаш рет полицияға көмекші студенттер жасағы өз жұмысын бастады. Жобаға облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждерінің 300-дей студенті тартылған. Олар полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде көмекші болмақ. Жас отбасылар арасында ажырасуды азайту мақсатында әр аудан, қалаларда АХАЖ бөлімдері жанынан жас отбасылардың «Бақыт» клубы құрылды. Сонымен қаар Талдықорғанда қазан айында КТК облыстық фестивалі өтті. Қазақстанның әр өңірінен келген командалардың көңілді ойынына 5 мыңға жуық көрермен жиналды. Өңір жастарының зор әлеуеті барлық облыстан 10 мыңға жуық жастар жиналған «Jetysu Style» жастар фестивалінде көнрініс тапты. Биылғы Жастар жылында «Жетісу жастарының 100 жарқын ісі» атты жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ол өз кезегінде өңір жастарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етпек. 



Ұқсас тақырыптар