Астанада қазақ интернет контент жасаушылардың ІІІ форумы өтіп жатыр

1.jpg

Астана. 6 желтоқсан. Mezgil.kz - Қазақ интернет контент жасаушылардың ІІІ  форумы өз жұмысын бастады. Форум барысында қазақстандық интернет кеңістігінің өзекті мәселелері, аудитория қалыптастыру мен оқырманның талабына сай материал ұсыну, ақпараттың шынайылығы сынды маңызды тақырыптар қамтылуда.

Дәурен АБАЕВ, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Бүгінгі таңда қазақ тілді сайттардың саны да, салмағы да артып келеді. Қазақ тілді сайттардың аудиториясы кеңейіп, бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқаны көңіл қуантады. Форум барысында ортаға салынатын ой-пікірлер отандық журналистиканың мәселерін шешуге ықпал етеді деп ойлаймын.

Форум спикерлері қазақ тілді сайттардың ақпаратты жылдам әрі сапалы жеткізу, мемлекеттік органдар мен компаниялардың баспасөз баянын қазақ тілінде ұсыну, ақпараттық порталдардың арнайы жобаларына баса көңіл бөлу, әлеуметтік желілерден балаларды қорғау, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі тенденцияларға ілесу мәселесін талқылады.

Ерлан ҚАРИН, "Қазақстан" РТРК Басқарма төрағасы:

- Бұл форумның дәстүрлі шараға айналып келе жатқаны - қазақ интернетінде контент жасаушылардың үлкен күшке ие бола бастағанын көрсетеді. Ортақ мәселені осындай форум алаңында талқылап, жаңа идеялармен қаруланып шығуға мүмкіндік береді. Қазақ тілді оқырман интернеттегі негізгі тұтынушы болып қалыптасты деп айта аламыз.

Форум қатысушылары қазақ тілді аудиторияға сапалы контент жасау үшін жаңа тәсілдерді енгізу, маркетингтің жаңа технологияларын пайдалану, веб-аналитика құралдарын табысты қолдану, монетизациялау үлгілері, автоматтандырылған журналистика, жасанды интеллектіні қолдану, технологиялық болжам, газеттің болашағы деген мәселелерді көтеріп, келешек жаңа медиа трендтер мәселесін ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Қазақ интернетінде контент жасаушылардың ІІІ форумын ұйымдастырушы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, "Қазақстан" РТРК, Қазақстан баспасөз клубы. Форумды қолдаушы Kaspi.kz, Air Astana, Kcell компаниялары.

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар