Олар осылайша бір емес ,бірнеше жыл бойы мемлекеттің қаражатын иемденіп, ай сайын жалақы алып жүрген. Мұндай заң бұзу дерегін прокурорлар анықтаған. Құзырлы орган қызметкерлері тексеріс барысында бұдан басқа тағы қандай кемшіліктерді тапты? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қалалық прокуратура білім бағдарламаларының орындалуы мен мемлекеттік тапсырысқа бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына тексеріс жүргізген. Қадағалаушы орган қызметкерлері алты орта арнаулы білім ұясын назарға алыпты. Нәтижесінде, кейбір оқу орындары студенттердің степендиясы мен жол ақысына бөлінген қаражатты аудармағаны белгілі болған. Ал, студенттер болса, мұндай жеңілдіктің бар екенін естіп, таңданысын жасыра алмады.
Екі колледж 500-ден астам студентке 2,5 миллион теңге берешек болған. Қыруар қаражат прокурорлық тексерістен кейін ғана заңды иелеріне қайтарылған. Құныққаны соншалықты оқу орнының бірі заңды белден басып, мемлекеттік сатып алулар байқауының талаптарын өрескел бұзған. Бұл былық та ашылып, 40 миллион теңгеге жуық ақшаның әлдекімдердің қалтасында кетіп қалмауына тосқауыл қойылған.
"Жалпы, осы тексеру нәтижесімен 11 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Осы прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде, 7 миллионнан астам қаржы өтелді. Одан бөлек, заң бұзушылыққа жол берген 35 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды" – дейді Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Батыр Ергешев.
Сондай-ақ, осы тексеру барысында бірқатар мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істеп келгендері белгілі болған. Құзырлы орган дәл осындай жеті деректі анықтағанын айтады. Соның бірі - елімізге белгілі өнер ордасы екен. Талай шәкірттің түлеп ұшуына мұрындық болған білім ұясы бір сәтте осындай келеңсіздікке тап болды. Осында кітапханашы болып еңбек еткен төрт баланың анасы білдей мамандық иесі екенін құжат жүзінде дәлелдей алмапты. Оқығанын растағанымен, бірақ, дипломы шикі болып шыққан.
"Оны біз білмейміз, жоғары оқу орнын бітіріп келді, осындай дипломмен істеп жатыр екені туралы. Оказывается, оның құжаты фальшивка болған ғой" – дейді колледж директорының орынбасары Күміс Толыбаева.
Осы күні жалған дипломмен жұмыс істеп келгендер жұмыстан босатылған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер олардың заңсыз әрекеті дәлелін табатын болса, онда осы уақытқа дейін төленген жалақы кері қайтарылады екен.
Прокурорлық тексерудің нәтижесі, қаладағы 6 арнаулы білім беру мекемелерінің былығын әшкерелеп берді. Мысалы, 1,5 мыңдай шәкірт өзіне тиесілі 7,5 миллион теңгені ала алмай келген. Олардың ішінде кәмелет жасына толмағандар мен тұл жетімдер де бар. Заң бұзу дерегі анықталғаннан кейін, әлгі миллиондаған қаражат кері қайтарылыпты. Ал, жауапты тұлғалар тәртіптік, әкімшілік, тіпті, кейбіріне айыппұл да салыныпты.