8 жасында чемпион атанған Елназ

Елназ Қалиахмет – жас шахматшы, блицтен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, классикалық шахматтан Батыс Азия чемпионы, спорт шеберлігіне кандидат. Небәрі 8 жастағы Елназ Әлемдік ареналарда бақ сынап, Қазақстанның даңқын асқақтатуда. Шахмат ойынының қыр-сырын білмекші болып, оны әңгімеге тарттық.

2.jpg

- Алғаш рет шахмат ойнағаның есіңде ме? Спорттың бұл түріне қызығушылығың қашан оянды?

- Ия, есімде. Менің алғашқы жаттықтырушыларым әкем және әпкем Елдана. Олар маған шахмат фигураларының жүрістерін үйретті. Бірнеше күннен кейін әкеммен алғашқы партиямды ойнадым. Ол ойында әр фигураны дұрыс жүруге тырыстым. Бірақ, көп қателіктер жібердім. Өйткені, әр фигураны тақта үстінде жеке-жеке көрсеткен кезде оңай көрінген жүрістерді ойын барысында қолдану қиынға соқты.  Көптеген жаңа ережелерді ойын барысында үйрене бастадым. 

Шахматқа деген қызығушылығым шамамен 3-4 жасымда оянған еді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, ол кезде әпкем Елдана шахматты жақсы ойнайтын. Ол ел ішіндегі көп жарыстарға қатысып, қатысқан жарыстарында жүлделі орындарға ие болатын. Мен де әпкем сияқты шахмат ойынын жақсы үйреніп, ел аралап, медаль мен грамоталар алғым келді. 2015 жылы әпкемнің Грекияда өткен әлем чемпионатына қатысуы шахматқа деген қызығушылығымды арттыра түсті. 

3.jpg

- Жарысқа қалай дайындаласың? Қорқыныш сезімі болады ма?

- Анашым 5 жасымда Алматы қаласындағы «Мир шахмат» атты шахмат мектебінеапарып, кәсіби шыңдалуыма мүмкіндік берді. Үйірмедегі алғашқы жаттықтырушым спорт шебері Балгужинов Бақытжан ағай, спорт шеберлігіне кандидат Хайбулин Дамир ағай. Қазіргі кезде мені халықаралық гроссмейтер Филиппов Антон Валерьевич жаттықтырады. Шахмат жарыстары жыл бойы өтеді. Сондықтан, әр жарыс алдында күніне 3-4 сағаттық дайындық өткіземіз. Дайындық барысында теориялық және практикалық даярлыққа мән беріледі. Әрине, аталмыш даярлықтан бөлек, денені шынықтырумен де айналысу қажет. Әр жарыс белгілі бір жауапкершілікті жүктейді. Алғашқы жарыстарда жас ерекшелігімен мұндай жауапкершіліктің маңызын түсіне бермейтінмін. Бірнеше жарыстарда жеңімпаз атанғаннан кейін ғана жауапкершілік жүгін аздап сезіне бастадым. Алғашқы жарыстарда қорқыныш сезімі болатын. Бірнеше турнирге қатысқаннан кейін тәжірибе жинау арқылы қорқыныш сезімі біртіндеп басылады екен.

6.jpg

- Шахмат ойнаудағы ерекшелігің неде? Сенен жеңілген қарсыластарыңнан қай жағың басым болды?

- Шахмат ойнау барысында жылдам шешім қабылдағанды, қарсыласты қыспаққа алғанды ұнатамын. Қарсыластарыммен шахматтың блиц түрін ойнаған кезде маған осы қасиеттерім көп көмектеседі.

- Сен үшін қиын болған жарыс бар ма? Кімді мықты қарсылас  санайсың?

- Жарыстарды қиын немесе оңай деп бөлуге болмайды деп есептеймін. Әр жарысқа жауапкершілікпен қарап, дұрыс дайындалмаса, жарыстан оң нәтиже күтуге болмайды. Әрине, республикалық, халықаралық жарыстардың деңгейі қалалық жарыстарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Себебі, мұндай жарыстарға әр аймақтың, әр елдің тәжірибелі шахматшылары қатысады. Мұндай жарыстар мықты шахматшылармен бақ сынасуға, өзіңнің деңгейіңді анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, биылғы жыл мен бірнеше халықаралық жарысқа қатыстым. Олар: Таиландтың Чиангмай қаласында (1-10 сәуір аралығында) өткен Жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты, Беларусьтың Минск қаласында (21-25 маусым аралығында) өткен Жасөспірімдер арасындағы Рапид пен блицтен әлем чемпионаты, Қырғызстанның Ыстықкөл облысында (21-29 шілде аралығында) өткен Д.Дербишев атындағы халықаралық жарыс, Испанияның Сантьяго қаласында (3-16 қараша аралығында) өткен Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты және Өзбекстанның Ташкент қаласында (17-25 қараша аралығында) өткен Батыс Азия чемпионаты. Осы жарыстарға қатысу нәтижесінде блицтен Азия чемпионы, классикалық шахматтан Батыс Азия чемпионы, блицтен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, спорт шеберлігіне кандидат атағына ие болдым.  

5.jpg

- Бауырларың да шахматпен айналысатын көрінеді. Үйде кім мықты?

- Ия, үйде әпкем Елдана, інім Елсұлтан шахматпен айналысады. Кейде, әкем, әпкем, мен және інім төртеуіміз шағын турнир өткізіп отырамыз. Жарысымыз өте тартысты өтеді. Әр жарыста жеңімпазымыз өзгеріп отырады. Себебі, барлығымыздың ойын деңгейіміз бірдей.

- Жаттығуға күніне қанша уақыт жұмсайсың? Сабағыңа кедергі емес пе?

- Жаттыуға күніне 3-4 сағаттан жұмсаймын. Шахмат тұрақты дайындықты қажет етеді. Сонымен бірге, физикалық әрі психологиялық тұрғыдан да шынығу керек. Әзірше шахмат сабағыма кедергі келтіріп отырған жоқ. Бірінші сабағымды оқып, содан кейін шахматпен дайындығымды жалғастырамын. 

- Жақсы шахматшы болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

- Мен әлі Қазақстанның үздік шахматшысы бола қоймадым. Алар асуым әлі алда. Ол үшін маған аянбай тер төгу қажет. Ал, жақсы шахматшы болу үшін бірінші кезекте шахмат ойынын жақсы көру керек. Өйткені, адам ұнатқан ісімен айналысқанда ғана жетістікке жетеді деп сенемін. 

4.jpg- Болашақта кім болғың келеді?

- Болашақта әлемге танымал қазақтың шахматшы қыздары Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Айша Закирова сияқты әлем чемпионы атанып, халықаралық гроссмейстер дәрежесін алғым келеді.

- Қандай арманың бар?

- Армандарым көп. Олардың біреуі – ерлер арасында әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлердің алғашқы бестігіне кіру.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар