Тәуелсіздік күніне орай пәтер кілттері тапсырылды

5.jpg

Тәуелсіздік күні қарсаңында талдықорғандықтар қоныстойларын атап өтті. Қаланың Оңтүстік-Батыс ауданында 64 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Көптен күткен пәтерлердің кілтін иелеріне облыс әкімі Амандық Баталов тапсырды. Жаңа баспанаға ие болғандар қатарында мүгедектер, жетім балалар, көп балалы, толық емес отбасылар және басқалар бар. 

Жиналған көпшілікті Тәуелсіздік күнімен құттықтаған облыс әкімі А. Баталов:

- Елбасы халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән береді. Осыған байланысты «Нұрлы жер», «7-20-25» және басқа да тиімді бағдарламалар қабылданды. Облыс бойынша биылғы жылы 706 мың шаршы метр тұрғын үй, ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы алаңы 34,3 мың га болатын 72 тұрғын үй немесе 468 пәтер халық игілігіне берілді. Солардың бірі - бүгін сіздерге ұсынылып отырған үй. Осы жаңа ғана облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанынан неонаталды орталықты ашып келдік, ол сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұндай орталықтар еліміз бойынша санаулы ғана. Жалпы Тәуелсіздік мерекесіне орай облыста маңызды нысандар іске қосылуда. Солардың арасында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым нысандары да бар. Алматы облысы жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылап отырғанын атап өту керек. Осы игілікті істердің, жеткен жетістіктеріміздің бәрі – Президентіміздің сарабдал саясатының нәтижесі. Баршаңынды Тәуелсіздік күнімен және қоныстойларыңызбен құттықтаймын! – деген А. Баталов пәтер иелеріне кілттерін тапсырды. 

Жаңа пәтер иелерінің атынан толық емес отбасы санаты бойынша баспанаға ие болған Гүлсара Иманғалиева сөз алды. 

- Бұл біз үшін – зор қуаныш. Жаңа баспанаға мемлекет қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жақсылығымызға ортақтасып келген барша қауымды, көршілерімді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! – деді ол. 

Жетім бала ретінде пәтер кілтін алған Дина Орманова кезекте 2009 жылдан бері тұрғанын айтты. 

- Дәл осындай айтулы мерекеде қуанышымыз еселеніп, жаңа пәтерге кіріп жатырмыз. Осындай мүмкіндік жасаған Мемлекет басшысына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз, Елбасы біз, жастар үшін барлық қажетті қолдауларды көрсетіп отыр. Біз соған лайық болуға тырысамыз, - деді Д. Орманова.

Атап өтсек, 12 қабатты 64 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын 2017 жылдың шілде айынан бастап «МПФ Жанайдар» ЖШС мердігер ұйымы жүргізген болатын. Жобаның жалпы сметалық құны – 479,7 млн. теңге. Үйдің жалпы алаңы – 4829,6 шаршы метр, пәтерлердің жалпы алаңы – 3325,3 шаршы метр. Мұнда 32 бір бөлмелі, 24 екі бөлмелі, 8 үш бөлмелі пәтерлер бар.

Жалпы, Тәуелсіздік күніне орай бұдан өзге де өңірлерде, атап айтқанда Қапшағай қаласында 50 пәтерлі, Алакөл ауданы Үшарал қаласында 60 пәтерлі, Көксу ауданы Балпық би ауылында 20 пәтерлі жалгерлік және несиелік тұрғын үйлер берілуде. 



Ұқсас тақырыптар