Ұлттық банктің валюта алыпсатарларына шамасы жетпей ме?

Жаңа жылдың алдында ұлттық валютамыздың құны айтарлықтай әлсіреп елде бір доллар 384,68 тиын болды. Кешелі бері теңгеміздің екі теңгеге күшейгенін айтып, «теңге күш алды» деп біразымыз қуанып-ақ жатырмыз. Қазір қор биржасында бір доллар 381,68 тиын болып отыр.  Бір аңғаратынымыз, бізде қор биржасында долларға деген сұраныс арта бастаған тұста елдегі валюта айырбастау орындары да доллардың бағамын өсіре қояды. Мәселен, сол жаңа жыл қарсаңында қор биржасында бір доллардың құны 384 теңгеден асқанда елдегі валюта айырбастау орындары бір долларды 387 теңгеден сата бастады. Осыған қарап, экономист-сарапшылар «біздегі валюта айырбастау орындарына қатысты заңды күшейту керектігін алға тартып отыр. 

вал.jpg

Экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, валюта айырбастау орындары яғни валюта алыпсатарлары әркезде де «ажиотаж» тудыруға ықпал етеді. 

«Біздегі валюта алыпсатарлары қазір валюта бағамын өзгерту арқылы нарықта әжептәуір пайда тауып отырғаны жасырын емес. Сондықтан бұл арада солқылдақтық танытпай Ұлттық банк валюта алыпсатарларына талап қоя білу керек. Бізде қор биржасында доллар бір бөлек бағаммен сатылады. Ұлттық банк өзі бағамын бекітеді. Заң бойынша валюта алыпсатарлары Ұлттық банк белгілеген бағамға екі теңге ғана үстеме қосуға құқы бар. Ал бізде кейбір валюта айырбастау орындары бұл заңға бағынбай жатады. Ресей рубльінің төмендеуіне нақ осы валюта  алыпсатарлары да қоса ықпал етіп отыр. Олар үнемі «ажиотаж» тудырып, халықты дүрліктіріп жібереді. Бұдан тек өздері ғана пайда көреді. 2016  жылдың қаңтар айында теңге  құлдырап, бір доллардың құны 393 теңге болған сәттер болды. Сол кезде валюта алыпсатарлары айналымдағы долларды көбейтіп жіберді де, Ұлттық банк оны сатып ала берді. Осыдан барып доллардың айналыстағы көлемі артып теңге әлсіреген болатын. Қалай десек те қазір теңгеге валюта алыпсатарларына бақылау қоя білу керек. 1992 жылы АҚШ-та «қаралы бейсенбі» орын алды ғой. Сол кезде АҚШ-тағы валюта алыпсатарлары биржадағы акциялардың құнын түсіріп жіберіп, АҚШ бір күнде 25 млрд доллар шығын көрген болатын. Бұл қазірше есептегенде 320 млрд доллар. Сондықтан бізге болашақта «Валюта алыпсатарларына қатысты заңды да күшейтіп, мемлекеттік бақылауды реттеп отырған дұрыс», - дейді сарапшы Дәурен Арын.

Сарапшы маманның байыптауынша, Қазақстанда былтырғы жылдың өзінде валюта айырбастау орындарының саны 81-ге көбейіп 2952-ге жеткен. Олардың ішінде валюта айырбастау орындарының 64 пайызы (1900 айырбастау орталығы) банктердің иелігінде. Ал қалған 1052-сі  заңды тұлғалардың еншісінде. 

«Міне, бізге қауіптісі де осы банктерге бағынбайтын заңды тұлғалардың еншісіндегі валюта айырбастау орындары» дейді маман. 

«Осы банктердің құрамына енбейтін заңды тұлғалардың еншісіндегі валюта айырбастау орындарына бақылауды күшейткен жөн. Бұған қатысты заңға арнайы өзгертулер енгізу қажет Олай етпесек теңгеге қысым бола береді. Мұнай бағасы бір. Валюта алыпсатарлары бір, әлемдік экономикалық ахуалдар жан-жақтан қысқан кезде күйреп кетеміз. 2019 жылы әлем экономикасын жақсы болжамдар күтіп тұрған жоқ. Сондықтан бұл арада ішкі нарықтағы осындай жайттарды реттеп алғанның артықтығы болмайды»,-дейді сарапшы Дәурен Арын. 

Сарапшы, Дәурен Арынның пікірін, экономист-ғалым Тоғжан Шаяхметова да қуаттап отыр. Экономист-ғалымның айтуынша, қазір қолында ақшасы бар халықтың басым бөлігі қаржысын шетелдік валютада жинағанды жөн көреді. «Доллар өседі» деген сыбыс естілсе бірден валюта айырбастау орындарында кезекке тұратындардың қарасы көбейеді. «Сондықтан бұл арада заңды қатайтқанның артығы жоқ» дейді маман. 

«Әсіресе Алматы халқы «доллар өседі» десе дүрлігіп кетеді. 2017 жылы елде рубль, евро, долларды сатып алғандардың саны күрт өскен. Тіпті қазір теңгемен несие алып оны долларға айналдырып депозитке салып жатқан таныстарым да бар. Міне, осындай сәтті валюта алыпсатарлары үнемі ұтымды пайдаланады. Қазір доллар, евро, рубль бағамын жоғары, төмен көтеріп «ойнау» валюта айырбастау орынларына тиімді болып тұр. Соңғы бес жылда валюта айырбастау орындары халықтан доллар мен евроны арзанға сатып алып, оны қымбатқа қайта сатудың әрекеттерін әбден меңгерді. Сату мен сатып алу бағамдарының арасында арақашықтық баршылық. Мысалы, сізден валюта айырбастағанда олар долларды 377-теңгеден сатып алса, өздері қайтара сатқанда 382 теңгеге сатады. Айырмашық бар ма, бар. Дамыған елдерде мұндай айырмашылыққа айыппұл салынады. Ал бізде ондай талап жоқ. Сондықтан оларға талапты төтесінен қоятын кезең жетті», - дейді экономист-ғалым Тоғжан Шаяхметова. 

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша біздегі валюта алыпсатарларына нақты талап қоятын кезең жетті. «Олай етпесек, валюта айырбастау орындары тым еркінсіп кетті» дейді мамандар. 

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар