Түрксіб ауданында Қоғамдық тыңдау өтті

f6f0037e88d29d251a5b2a527f6ec7d6.jpg

Түрксіб аудандық Білім бөлімі №83 гимназияның мәжіліс залында екінші тоқсанның қорытындысы бойынша ата-аналарға арналған қоғамдық тыңдау өткізді.

Қоғамдық тыңдауға Түрксіб ауданы прокуратурасының аға прокуроры Қуаныш Нұрсаметов, Түрксіб аудандық қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәулен Оңасбеков, №170 мектептің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Роман Таранов қатысты.

Алғашқы сөз кезегін Түрксіб аудандық Білім бөлімінің басшысы Айсұлу Ботаева алып, «Білім саласын көтерудегі ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысы» атты баяндама жасап, аудан мектептерінің екінші тоқсан бойынша қорытындысымен таныстырды.

Алматының қақпасы атанған Түрксіб ауданы қаламыздағы ең байырғы өнеркәсіп ошағы саналатын аудан. Қала орталығынан шалғайлау орналасқанымен, аудан мектептері барлық байқаулар мен спорттық жарыстарда жүлделі орындарды қанжығалап, алдыңғы орындардан көрініп келеді. Халқымыздың ұлы перзенті әл-Фарабидің «адамзатқа ең алдымен тәрбие керек» деген тәмсілін берік ұстанған аудан тұрғындары ұрпақ тәрбиесіне әркез сергек қарап, олардың тәлімді тәрбиені, сапалы білімді алуларын басты назарда ұстап отырады.

Аудандағы 26 мектеп пен 22 мектепке дейінгі мекеме саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін белсене атсалысып, аянбай еңбек ету үстінде. Жаңа оқу жылы басталысымен Түрксіб ауданы қала бойынша алғашқы болып «Мектеп ақша жинамайды» акциясын бастаған еді. Аудандағы мектептер мен мектепке дейінгі мекеме басшыларының қатысуымен «Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу» деп аталатын семинар өтіп, қоғамдағы жегі құрттың алдын алудың алғышарттары қарастырылған еді.

Арнайы құжатпен толық танысқан мекеме басшылары бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын сайтқа орналастырып отырады. Әрбір білім шаңырағында «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» ұйымдары құрылып, арнайы бұрыштар ашылған.

– Ауданымыздағы №44 гимназия­да 2008 жылы авиа үйірме ашылған еді. Болашақ ұшқыштар мен авиаконструкторларды дайындап, олардың армандарына қанат бітіріп отыр. Олар өздері құрастырған авиамодельдерді «Байсеркедегі» оқу-жаттығу аэродромында сынақтан өткізіп, республика бойынша өткен ашық чемпионаттарда он бес мәрте жүлдеге ие болып отыр, – деген Айсұлу Амангелдіқызы өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Түксіб ауданы мектеп бітірушілері қала бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекеттік грант иегерлері атанғанын мақтанышпен айтып өтті.

Аудандық білім жүйесінде ашықтық қалыптасқан. Соның нәтижесінде Қамқоршылар кеңесінің тікелей қатысуымен мектеп басшылары мен балабақша меңгерушілерін тағайындауға мүмкіндік туған. Аудан мектептерінде өтетін іс-шаралардың жас ұрпақ бойына патриоттық сезім қалыптастыруға зор әсері бар. Мәсе­лен, №59 мектепте «Қарттарым – қазынам» атты іс-шара өтіп, оқушылар ауданда тұратын соғыс және еңбек ардагерлерімен кездессе, №71 мектепте мүмкіндігі шектеу­лі жандарға арналған іс-шара өтті. Бұл бір ғана мысал. Жалпы, аудан мектептерінде өтетін көптеген іс-шаралардың барлығы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастырып, адалдыққа тәрбиелеу бағдарына айналып отыр.

Аудан көлеміндегі мектепке дейінгі мекемелердің де жұмыстары қарқынды дамып отыр. Балабақшаға кезекке тұру тәртібі электронды жүйеге көшкен. Сондықтан бұл мекемелерде сыбайлас жемқорлық белең алуы еш мүмкін емес.

Аталмыш іс-шара соңында мектеп асханасын жалға алушылар өздері дайындаған тағамдардың көрмесін ұйымдастырды. Ата-аналар балалары күнделікті асханадан не ішіп, не жеп жүргендерін өз көздерімен көріп, тәтті тағамдардан ауыз тиді. 

Рая ЕСКЕНДІР


Ұқсас тақырыптар