Қазақпыз ғой: 8 жастағы немересін зорлаған қарияның сотта айтқаны

1.jpg

Астанада 60-ты алқымдаған қария 8 жастағы немересін зорлағаны үшін сотталды. Ол бас қалаға Қызылордадан жұмыс істеуге келген ұл-келінімен бірге тұрған.  Алайда, немересін бағып-қағудың орнына біршама уақыт бойы ойына келгенін істепті. Пайғамбар жасынан асып, немересін қорлаған азғын заң алдында жазасын алды. Соңғы кездері өршіп кеткен бала зорлығына неге тосқауыл жоқ? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

“Енді қазақпыз ғой, өткенде мен ештеңе айта алмадым. Ұмытып қалдым айтатын сөзімді. Біз қазақ емеспіз бе? Қазақшылыққа салынып, қазақшылық қой. Бір рет кешіруге болмай ма? Болады ғой. Қазақпыз ғой”.

"Қазақ десең өзіңе тиеді". Айыбын жоққа шығармаған қарт соңғы сотта айылын жимады. Тіпті, "қазақпыз ғой" деп өзін кешіруін сұрап, ақталды. Алайда, ол өз немересіне бір емес, бірнеше рет тиіскені белгілі болды. Атасының әрекетін түсінбеген кішкентай қыз әке-шешесіне бар шындықты жайып салыпты. Содан бері бұл іс бір ай бойы сотта қаралған.

“ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 158 бабына 4-ші бөлігіне жаза ішінара қосу арқылы түпкілікті жаза ретінде кәмелетке толмаған жұмыс істеуге байланысты педагогикалық және олармен жұмыс істеуге байланысты басқа да лауазымдар атқару құқығына өмір бойы айыра отырып 17 жыл мерзімді бас бостандығынан айыру  тағайындалсын.” – дейді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қажымұқан Мекентас.

Қарияның бұндай бассыз әрекетке баруының себебі белгісіз. Кешірім сұрап әлек болғанмен, әрекетін түсіндіре алмады. Бірақ, бұрын-соңды сотталмапты. Ал, заңгерлер соңғы уақытта педофильдік әрекет пен балаларды зорлайтындарға қаншалықты қатал жаза қолданылса да олардың әрекеті өршіп бара жатқанын айтады. "Сот бұндай жағдайларда барынша әділ шешімдер шығарады" -дейді.

“Сот үкімін шығаратын сот иә сот ол мемлекеттің атынан шығарады ол үкімді. Жаңағы жалпы үкімді шығарған кезде қалай болған барлық жағдайды талқылап , жаңағы тұлғаның жағдайын қарап, жалпы қандай жағдайларда жасалған,қанша рет сотталған, рецедив бар ма  сондай жағдайларға байланысты соның бәрін қарап сот өзінің үкімін шығарады” – дейді заңгер Айсана Сман.

Маманның сөзінше,балаларды балғын балалығынан айырып, шектен шыққандарды сот кем дегенде 15 жылға бас бостандығынан айырады. Бұған қоса, соңғы жылдары химиялық кастрация да қоса қолданылып жүр. Бірақ, қоғамды кері тартқандар тоқтар емес. Себебі неде?

“Кішкентай балаларға тиісіп, сексуалдық әрекеттерге  баратындарды психикалық ауруға шалдыққан деп сенімді түрде айта аламын. Әрине, кәмелетке толмағандарды зорлауға себеп көп. Бірақ, көбінесе биологиялық себептер болуы мүмкін. Мәселен, адамның іс-әрекетіне, өз-өзін ұстауына жауап беретінмидағы кейбір қызмет түрлері бұзылғанда адам келеңсіз іс-қимылға барады. Яғни, бұл адамның дені сау деу үлкен қателік.Әр адамға жеке тексеру жүргізіп, бақылау керек” – дейді психолог Қаламқас Қанапиева.

Психологтың пікірінше, қазір бұндай азғындар қатары тым көбейіп барады. Себебі,туған-туыстарына, ең сорақысы бүлдіршіндерге ауыз салатындардың есі дұрыс деуге мүлдем болмайды, дейді. Ал,  қоғам белсендісі бұндай жәйттің осы жылы күрт артқанын айтып, жағасын ұстады. Оның сөзінше, "бұндай қылмысты ақтау тіпті қисынсыз. Себебі, қоғам ондай қылмыскерлерді қақ жарылып жақтап, кейбіреуі даттап жатады. Ал, өзгелер соған қарап бой түзейді. Тіпті, зорлауға да бір өз себептері болуы мүмкін деп ойлайды" -дейді ол.

“Бұны сөзбен түсіндіру де қиын. Біз түрлі жағдайларға тап болып, шешімін табуға көмектестік. Бірақ, ересектердің балаларды зорлауы шектен шыққан әрекет. Тіпті, туған әкесі 4 жастағы қызын зорлағанына куәгер болдық. Түрмеге тоғыту, бас бостандығынан айыру олар үшін жеңіл жаза деп ойлаймын” – дейді қоғам белсендісі Аружан Саин.

2017 жылдың алғашқы жартысында  кәмелетке толмаған балаларды зорлау фактісі ретінде 326 құқықбұзушылық оқиға тіркелген. Ал, өткен жылдың соңғы айларында бұл көрсеткіш 33 пайызға күрт өсіпті. Ал биыл жыл басталмай жатып келеңсіз оқиғалар белең алуда. Бүлдіршіндерді зорлау бойынша алдыңғы қатарда Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облысы көш бастап тұр.



Ұқсас тақырыптар