Шымкентте 20 жасар қызды жабылып зорлаған

2.jpg

Шымкентте тағы бір бойжеткеннің ары тапталды. 20 жастағы қала тұрғынын белгісіз біреулер жабылып зорлап, абыройын айрандай төккен. Арам ойларын іске асырған қаскөйлер әлі тәртіп сақшыларының қолына түспепті. Бұл жайлы белгілі адвокат Айман Омарова хабарлады. Тіпті, олар жәбірленуші тарап бізді кешірмесе, біз лағнет айтамыз деп бақсы-балгерлер арқылы олардың туыстарын қорқытып-үркітіп жатқан көрінеді. Ал Абай аудандық ішкі істер басқармасы сезіктілерді іздемей отырған көрінеді. Бұған қатысты полицейлер не дейді? Күдіктілердің саны қанша? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

АДВОКАТ АЙМАН ОМАРОВАНЫҢ FACEBOOK-ТЕГІ ПАРАҚШАСЫНАН:

"У меня есть дело - изнасилование девушки группой лиц. Ребята, совершившие изнасилование, находятся сейчас в бегах. Полиция УВД Абайского района города Шымкента, мне кажется, их не разыскивает. Их поймать можно было легко”. 

Бұл белгілі адвокат Айман Омарованың әлеуметтік желіде жариялаған жазбасы. Оның айтуынша, шымкенттік 20 жастағы бойжеткенді белгісіз біреулер жабылып, зорлап тастапты. Енді олар тәртіп сақшыларынан бойтасалап жүр екен. Алдын ала болжам бойынша, күдіктілер үш адам болған. Олар осы күні қарап жүрмей, жәбірленушінің туыстарына кәдімгідей доқ көрсетіп жүрген көрінеді. 

АДВОКАТ АЙМАН ОМАРОВАНЫҢ FACEBOOK-ТЕГІ ПАРАҚШАСЫНАН:

"И тем самым они дают возможность примирения сторон. Но какое может быть примирение при групповом изнасиловании? Сейчас пускают такие слухи, что "если потерпевшая сторона нас не простит, мы будем ее проклинать". Это настолько абсурдное явление". 

Заңгер сондай-ақ, бұл істе тәртіп сақшылары да немқұрайдылық танытып жүр дейді. Күдіктілердің ныспысын анықтап, оларды ертерек ұстаудың орнына, қылмыстық істі сағызша созып жатқанын айтады. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып жүрген сезіктілер амал-айласын пайдаланып жатқан көрінеді. 

“Неге полиция іздеу салған жоқ, бұларға. Әлі іздеу салған жоқ. Мен сенбеймін полиция білмей олардың қайда екенін дегенге. Себебі, олардың тамыр-таныстары келіп жатыр да, біреу арқылы келіссек деген сондай әңгімелер болып жатыр. Ол дұрыс емес. Менің ойымша олар әдейі осылай жасап отыр. Әдейілеп ұстамай отыр. Мүмкін олар бір бірімен келісіп қалар ма деп. Сөйтіп, бізді басынып отырған секілді” – дейді адвокат Айман Омарова. 

Дегенмен, полицейлер құр қарап отырмағандарын айтып отыр. Күдіктілердің аты жөндерін анықтап, мекен жайларын да тауыпты. Енді қолға түсірмекші екен. Басқа ақпаратты Қылмыстық- процессуалдық кодексінің 201-ші бабына сәйкес, көпшілікке жариялауға болмайды дейді.

"2019 жылғы 1 қаңтарда Шымкент қаласының тұрғынын зорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы, 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктілердің жеке басын анықтады. Қазіргі уақытта оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу ісі жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, жариялануға жатпайды".

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жазбаша жауабынан. 

Осы күні әділдікке жете алмай жүрген бойжеткеннің құқығын Айман Омарова қорғамақшы. Заңгер жуырда Шымкентке келіп, істі өз қолына алмақшы. Сөйтіп, кінәлілерді жазаға тартуды көздеп отыр.



Ұқсас тақырыптар