Көлеңкелі экономикамен күрес: Қандай тетіктер енгізілді

3.jpg

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов көлеңкелі экономика үлесін қысқартуға бағытталған қадамдарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартудың және бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайтудың әсерлі құралдарының бірі - импорттан немесе өндірістен бастап оны түпкілікті сатуға дейін тауар қозғалысының үзіліссіз мониторингін жүргізу. Бұл мониторинг жүйесі тауарларды жеткізудің тұтас тізбегін бақылай отырып, тауарларға бағының қалыптасуын талдауға мүмкіндік береді. Бұл тауарларды сату кезінде маржа және тиісінше салықтардың дұрыс төленуін анықтауға бағытталған», - деді министр.

Осы орайда, үздіксіз мониторинг жүйесі мынадай жобаларды қамтиды: «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі; «Тауарларды таңбалау» ақпараттық жүйесі; «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі; «Виртуалды қойма» модулі; Онлайн бақылау-касса машиналары; Қосылған құн салығын бақылау шоттарын қолдана отырып, қосылған құн салығын әкімшілендіру.

«Бүгінгі таңда «АСТАНА-1» жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа, үшінші елдермен олардың Қазақстанға рәсімделген экспорттық кедендік декларациялар бойынша «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі арқылы ақпараттық алмасу жұмысы басталуда. Бұл осы елдерден келетін тауарларды бақылауды күшейтуге және көлеңкелі экономиканың көлемін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов.

Еске сала кетейік, «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі енгізілгенге дейін кедендік брокер кеден органдарына барлық құжаттарды, оның ішінде кедендік декларацияның өзін де қағаз түрде ғана ұсынған. Осыған байланысты құжаттарды өңдеу қолмен жүргізілді, бұл кедендік рәсімдеу процесін қиындатқан болатын.Тиісінше, бизнес үшін бұл уақыт және қаржы шығындарына себеп болды.

«Бүгінгі күнде біз «Астана-1» жүйесінің алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Атап айтқанда, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың үнемдеуі шамамен 77 млрд теңгені құрады және «жасыл дәліз» бойынша рәсімдеу уақыты 1 минутқа дейін қысқарды», - деді ведомство басшысы.

 



Ұқсас тақырыптар