Елімізде әйелдер босана салып, жұмысқа шығуға мәжбүр

3.jpg

Астанадағы сұмдық оқиға еліміздегі талай отбасындағы қиын жағдайдан, тұрмыс тауқіметінен хабар берсе керек. Әйтпесе ақша жетіп, көйлектері көк болса анасы түн қатып жұмыс істемес еді. Бас-көз болып, балаларының қасында отырар еді. Бір сөзбен айтқанда мәжбүрлік осындай жағдайға ұрындырып отыр. Жалпы елімізде босана салып, көп ұзамай жұмысқа шығатын саны артқан. Кейбірі ақша жетпегендіктен амалсыздан осылай істесе, өзгелері карьера қуады екен. Соның салдарынан иммунитеті әлсіз, аурушаң бүлдіршіндердің қатары да артып келеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Дүние есігін енді ашқан сәби үшін бәрінен де қасында анасының болғаны маңызды екенін айтпасақ та түсінікті. Ана сүтінің өзі бала үшін ауамен тең. Тек бүгінде мұны  ұғынып жүрген  келіншектер шамалы, дейді ақ халаттылар.  Өйткені перзентін туа сала жұмысына асығатындар  күн санап артуда.  Тіпті баласының қырқынан шыққанын күтпейтіндері де жетерлік. Салдарынан аурушаң, иммунитеті әлсіз бүлдіршіндердің де қатары күн сайын көбеюде, -дейді дәрігерлер. 

«Жұмыс бабымен  кетіп қалып жататын аналар көп болып кездеседі. Оның кері әсері тек қана балаға. Себебі бала ана сүтінен бүкіл дәріменді, иммунитетті көтеретін дәрумендерді алады. Ал егер бала толығымен алмаса, ол аурушаң болып кетеді» - дейді педиатр Ұлдана Сатыбалды.

Десе де қыз-келіншектер заман талабына сай үйде отыруға мүмкіндігі жоқ. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мардымсыз, одан бөлек несие, пәтер ақысы тағы бар. Айлығы шайлығына жетпейтін отбасы үшін екі адамның жұмыс істеуі әлде қайда жеңіл болады, дейді олар.

Мәселен, танымал кәсіпкер, блогер Дана Есееваның пікірінше, барлығы да  айналып келіп материалдық жағдайға  тіреледі. Өйткені бүгінде бір ғана әкесі үшін бүтіндей отбасыны асырау қиынға түседі. Сондықтан да балалардың болашағы үшін әйел адам ертерек жұмысқа шыққаны  дұрыс,  деп есептейді

«Бірінші балам туылған кезде енді 40 күн үйде отырдым. Бірінші бала ғой,ол басқаша қарайсын. 40 күн отырдым, сосын біртіндеп шыға бастадым енді. Үйде анам болды, екінші балам туылған кезде енем болды. Үшінші балаға да енем көмектесті. Үшінші балаға уже шынымды айтсам 5 күннен кейін шыққан шығармын. Сондықтан да аналарымыз, енелеріміз аман болсын, бізге көмектесетін осындай жағдайда» - дейді блогер Дана Есеева.

Бұл ретте, қоғам белсенділері барлық кінә нәзік жандардың жұмысқа  шығуына рұқсат берген  ер жігіттерде деген пікірде.  Яғни баланың болашағы үшін бей-жай қарамайтын әке отбасын асырау мәселесін толығымен өз мойнына алғанда, қыз-келіншектер мүндай қадамға бармаушы еді, дейді. 

«Баланың өсуіне жалпы қалыптасуына, моральдық тұрғыда қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Бұл жерде біз билікке, пособие аз немесе басқа жағдай болмай жатыр деп, Үкіметке мойнымызды созып отырмай, негізгі мәселені бұл жерде ерлер өз мойнына алып, балаларының жанында анасының болуына жағдай жасау керек. Қырқынан шықпай жұмысқа кету деген үлкен әбестік» - дейді қоғам белсендісі Динара Болат. 

Ал бала тәрбиесін бес саусағындай білетін ұстаз Айсұлу Сейдахметова қандай жағдай болмасын  үш жасқа дейін анасы міндетті түрде сәбиінің қасында болуы керек,- дейді. Өйткені оның  махаббаты мен мейірімі баланың тілі уақытылы шығып, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына ауадай қажет. 

«Анасы ерте жұмысқа шығып кететін болса, жат бауыр болып өседі. Оны кім тәрбиелейді? Қазір кез-келген әже үйінде отырған жоқ. Яғни жас ана өзі жұмысқа шығады да, баласын тәрбиелеу үшін оны жалдамалы бағуға адам жалдайды. Яғни екі отбасының арасында тәрбиеленіп отырған сияқты бала. Өзінің дүниеге келген отбасының тәрбиесі, ортасы бөлек болса, оны тәрбиелейтін күтушінің мінез-құлқы тіпті бөлек. Сонда баланың отбасына, анасына бейімделуі тіпті сырт қалады деген сөз» - дейді ұстаз Айсұлу Сейдахметова.

Ал шетелдегі жағдай қандай? Бірнеше елді мысал етіп келтіріп көрейік. Германиялық әйелдердің декреттік демалысы 3 жылға созылады, тіпті өз қалауыңмен оны 5 жылға дейін де ұзарта аласын оған қоса жұмыс беруші жалақының  67 пайызын төлеуге міндеттеледі.  Финляндияда  әкесіне де, анасына да 7 айлық отбасылық демалыс беріліп,  жалақының 70 пайызы төленеді.  Сондай-ақ  анаға  демалысын 2 жылға дейін көбейтуге құқығы бар. Ал Францияда 16 апта болғанымен, кейін балабақшасы мен материалдық көмектің барлығы тегін беріледі.



Ұқсас тақырыптар