Шымкентте 14 жасында ана атанған әйел 12 баласымен әлдекімнің бөлмесін паналап отыр

5.jpg

Шымкентте көпбалалы отбасы көше кезіп жүр. 13 жасында тұрмысқа шығып, 14-де ана атанған келіншек 12 баласымен әлдекімнің бөлмесін жалға алуға мәжбүр екен. Себебі, олардың басыбайлы баспанасы жоқ. Ал, отағасы болса, денсаулығының жарамсыздығына қарамастан, Шымкенттен Атырауға жұмыс іздеп кетіпті. Сондықтан, күнделікті ас ауқаттың қаражатын қарастыруға қыздары көмектесетін көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.

Айсұлу Жәлелқызы тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жанның бірі. Ол соңғы бес жылдан бері әркімнің есігін қағып, бос бөлме іздеп жүр. Осы кезге дейін, қанша пәтер ауыстырғаны есінде жоқ. Санынан жаңыламын дейді. Тіпті, ай сайын көшкен күндері де болыпты. "Кедей болсаң, көшіп көр" деген мақалдың мәнін отанасы өзгеден жақсы біледі.

АЙСҰЛУ ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА: "Бала шаға көп болған соң, тұра алмайсыз. Пәтер иесі келіп, бала шағаң көп болып кетіпті ғой, кеше маған 3-4 деп айтқан едің ғой, неге бұлар 6-7-8 болып кетті дейді. Сөйтіп мен ойланып, бұлар қонақ деп айтамын. Ертесіне тағы келгенде шкафтың ішіне, шифоньерге, анда-мұнда жасыруға тура келеді, душқа кейде жасырамын".

Айсұлудың жасы 34-те. Тұрмысқа небәрі он үш жасында шығыпты. Ал, он төртінде ана атанып үлгерген. Бүгінде он екі перзенті бар. Оның төртеуі ұл, қалғаны қыз бала. Көпбалалы ана іштен шыққан перзенттерінің төртеуін Түркістандағы мектеп интернатында оқытып жатыр екен. Жетіскеннен емес әрине, қу баспананың жоқтығынан дейді. Егер басыбайлы баспанам болса, барлығын бауырыма жинап алар едім деп күрсінді. Ал, жолдасы болса, сырқат көрінеді. Соған қарамастан, Атырауға жұмыс іздеп кетіпті.

АЙСҰЛУ ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, КӨПБАЛАЛЫ АНА: "Күйеуім алысқа кетіп қалған кезде күтіп отырамын. Бірде жалақы әкеледі, бірде жоқ. Өткенде екі ай алмады жалақысын. Бермей қойыпты. Басшы келу қажет деп сылтауратып, сол күйі бермей қойды. Содан жәйттен қорқамын. Өзіміз әрекет жасай береміз, күйеуім болмай қалған кездері".

Алысты арбалап кеткен жолдасынан әлі бір хабар жоқ. Жұмысқа қабылданды ма, жоқ па ол жағы да белгісіз. Сондықтан, отанасы өз тіршілігін жасауға тура келеді. Айтпақшы, бүгін ол осыдан бірнеше күн бұрын жалға алған екі бөлмені босатып беруге мәжбүр. Қожайын ұл-қызың көп деп үйден шығарып жатыр екен. Енді қайда барары белгісіз. Уақытша екі бөлмелі пәтер жалдапты. Сонда паналамақшы. Қайырымды жандар көмек қолын созып жатыр. 

САУХАН АТАШБЕКҰЛЫ, ДЕМЕУШІ:"12 баласы бар азаматшаны көріп, шыдап тұра алмадық. Осы кісіге көмегіміз тисінші деп, кішкене жәрдем берудеміз. Барлығы Алланың разылығы үшін. Бұл да бір Қазақстанның азаматтары, біздің болашақтарымыз. Соған жәрдеміміз тисін деген ой бізде".

Көпбалалы ана тұрғын үй кезегінде 1300-ші орында тұр екен. Егер дәл былтырғыдай ел-жұртқа пәтер берілетін болса, онда биыл менің де кезегім келіп қалар дейді. Жуырда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алуға құжатын өткізген. Бірінші тоқсанда алғашқы жәрдемақыны алуы мүмкін.

ДАРИЯ ОРДАБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:"600 мың теңгеден астам ақшалай көмек тағайындалды. Сондай-ақ, оның 20 жастағы баласы біздің жұмыспен қамту орталығының техникалық және кәсіптік оқыту арқылы 2,5 жылға грантқа өз таңдаған мамандығы бойынша оқуға жолданады. Мемлекет тарапынан тегін оқып, маман иесі болып, ары қарай жұмысқа орналаса алады".

Дегенмен, Айсұлу тағдыр тауқыметін уақытша қиыншылық деп есептейді. Тек, баспанам жоқ дегенім болмаса, өзім "Бақытты анамын" дейді. Себебі, әрбір перзенті ерлі зайыптылардың баға жетпес асылдары. 



Ұқсас тақырыптар