Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалануға жол берілмейді

2.jpg

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің тарапынан Әдеп кодексі талабының сақталуына әрдайым мониторинг жүргізіп отырады.

2019 жылдың қаңтар айында жүргізілген мониторинг нәтижесінде Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Биляловтың тарапынан ағымдағы жылдың  қаңтар айының 13 күні «Ақтау-Форт-Шевченко» бағытындағы тасжолда қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану арқылы жол көлік оқиғасын жасағаны анықталған.

Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен аталған дерек бойынша тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді.

Тексеру барысында анықталғанындай, оқиға болатын күні Б.Билялов Мұнайлы ауданы әкімінің өкіміне сәйкес таңертеңнен кешке дейін кезекшілікте болған. Ал, кешкісін, яғни жұмыс уақыты аяқталған соң, іргелес орналасқан С.Шапағатов ауылында тұратын туыстарының үйіне барған. Ақтауға кері қайтып келе жатқан кезде, тас жолда жол көлік оқиғасын жасаған. Айта кету керек, Б.Билялов қызметтік автокөлікті өзі басқарған.

Алайда, қызметші Б.Биляловтың жұмыс орны немесе кезекшілігі Мұнайлы ауданының аумағында жүргізілуі тиіс болатын. Өкімде «кезекшілік аудан әкімінің аппаратында ұйымдастырылсын» делінген және қызметтік автокөліктерді пайдалану мәселесі қарастырылмаған.

Егер, кезекшілік қызметтік автокөліктерді пайдалануға рұқсат берген күннің өзінде, ол тек Мұнайлы ауданының аумағына ғана тиісті.

Әрине, жол көлік оқиғасына Б.Биляловтың тікелей кінәсі дәлелденген жоқ, көлік құралын  басқарған кезде ол масаң күйде болмаған. Ол жөнінде құқық қорғау органдарының берген қорытындысы бар.

Бірақ та, тәртіптік істің құжаттарын талқылаған Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Б.Биляловтың қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғаны мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарының бұзылуына әкелетінін басып айтты.

Себебі, мемлекеттік мекемелер мен мем¬лекеттік қызметте жүрген лауа-зымды тұлғаларға қызметтік көліктер өздеріне жүктелген функциялық міндеттерін атқару үшін беріледі. 

Осы орайда мемлекеттік қызметші өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда оларды тек қызметтік мақсатта пайдалануы қажет.  Қызметтік көліктерді жұмыстан тыс уақытта қолдану өзекті мәселелердің бірі және оны жеке мақсатта пайдалану дерегі де елімізде аз емес. 

Бір жағынан, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Б.Билялов әдеп жөніндегі уәкілдің функциясын қоса атқарып келеді. Яғни, өзі аудан көлемінде мемлекеттік қызметшілер тарапынан осындай деректердің орын алмауын қадағалайтын лауазымды тұлға.

Тәртіптік істі талқылай келе, кеңес мүшелері Б.Биляловқа жоғарыда көрсетілген жағдайда әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін, оған қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.  



Ұқсас тақырыптар