Полиция "Атажұрт еріктілерінің" жетекшісін ұстап, "кеңсесін тінтті"

4.jpg

Наурыздың 10-ы күні полиция Қытайдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлері" жайлы жиі айтып, мәселе көтерген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті ұстап, "ұлтаралық араздық қоздыру" ісі бойынша тергеген. Ал кейінірек ұйым кеңсесінде тінту жүргізіліп, заттар тәркіленгені хабарланды.

Наурыздың 10-ы күні полиция "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесін тінтіп, компьютер, камера және өзге де заттарды тәркілеп алып кеткен.

"Ол компьютерлерде [Шыңжаңда қысым көрген] азаматтардың куәліктері сақталған еді" деген ұйым өкілі Гүлжан Тоқтасын AFP агенттігіне жексенбі күні. Кеңседе тінту болғанын, заттар тәркіленгенін ұйымның өзге де өкілдері растады.

AFP тілшісі кеңседен шыққан полиция қызметкерлерінің қара түсті пакетпен заттар алып бара жатқан сәтін түсіріп, Twitter-де жариялаған.

Кейінірек "Атажұрт еріктілері" кеңсесі мөрмен бекітіліп, жабылған. Полиция тінтуге байланысты әзірге Азаттыққа жауап бермеді.

СЕРІКЖАН БІЛӘШТІҢ ҰСТАЛУЫ

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті полиция қызметкерлері наурыздың 10-ы күні Алматыдағы қонақ үйден түнгі екі жарым шамасында ұстап алып кеткен.

Ұйым өкілі Қайрат Байтолланың айтуынша, сенбі, 9 наурызда "Серікжан Біләшті белгісіз біреулердің аңдығаны белгілі болғаннан кейін" әріптестері қауіпсіздік мақсатында үйіне емес, қонақ үйге баруға көндірген. Түн жарымда есікті теуіп ашып кірген 10-15 шақты адамның арасында форма кигендері де, қарапайым киіммен жүргендері де болған. Олар Серікжан Біләшті ұстап, дереу ұшақпен Астанаға жеткізген.

"Таңертең Серікжанның өзі бізге хабарласты. Әзербайжан, татар мәдени бірлестіктерінің жиынында сөйлеген сөзін біреулер бұрмалап, полицияға арызданған екен. Сол арыз негізінде ұстаған. Бұл прокуратура санкциясымен сотқа жіберілген дүние емес екен. Баса-көктеп кіріп, халықты қорқытып үркітуге бола ма?" деді Қайрат Байтолла Азаттық тілшісіне.

Астана қалалық полиция департаменті "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ұсталғанын растаған.

"10 наурызда Астана қалалық полиция департаменті қызметкерлері әлеуметтік және ұлттық арандатуға бағытталған іс-әрекеттерге барды деген күдікпен Серікжан Біләшті ұстады. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне орай басқа жайттар жария етілмейді" делінген полиция мәлімдемесінде.

Ал Серікжан Біләштің әйелі Лейла Әділжан кейінірек AFP агенттігіне полиция Серікжан Біләшті кепілдікпен босату үшін 3 500 АҚШ доллар талап еткенін, ұйым еріктілерінің сол үшін қаржы жинауды жоспарлап отырғанын жеткізген.

СЕРІКЖАН БІЛӘШТІҢ ВИДЕОМӘЛІМДЕМЕСІ

Наурыздың 10-ы күні түстен кейін "Атажұрт еріктілері" ұйымы Facebook-тағы парақшасында Серікжан Біләштің видеомәлімдемесін таратты. Онда ұйым жетекшісі өзінің Астана қалалық полиция департаментінде отырғанын, өзінен Баймағамбетов есімді тергеуші сұрақ-жауап алып жатқанын айтқан.

"Маған "ұлтаралық араздық тудырды" деген бап бойынша айып тағып отыр. Мен бұл айыппен келіспейтінімді айттым. Істің Астана емес, Алматыдан қаралуы туралы шағым түсіремін" деген Біләш өзінің "ешқандай да қорлық-қысым көрмегенін" де жеткізді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде "ұстау кезінде оған күш қолданылғаны туралы" болжам да айтылған еді.

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдың көктемінен бастап белсенді жұмыс істей бастады. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келеді.



Ұқсас тақырыптар