«Patriot CUP» VI республикалық пікір-сайыс турнирі өткізілді

0107.jpg


2019 жылдың наурыз айының басында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында «Қуатты Қазақстан – Елбасы – жаңашыл жастар» атты институт бастығының кубогына арналған  «Patriot CUP» VI республикалық пікір-сайыс турнирі өткізілді.

Турнирдің өткізілу мақсаты – Елбасымыз жариялаған 2019 – жастар жылының аясында Тәуелсіздік дәуіріндегі озат ойлы, жүрегінде Отанға деген сүйспеншіліктің оты жанған, найзағай намысты, асыл текті жастарымыздың  қатарын көбейтуге үн қосу.

Қазіргі «Мәңгілік елдің» ерік-жігері мен еңсесі биік, мінезі өткір өрендерінің шабытын ашуда Бас қолбасшымыз Н.Ә.Назарбаев «Елдік пен тәуелсіздіктің киелі көк туын XXI ғасырда асқақтата желбірететін – жастар, сендер боласыңдар!», – деген еді.

Елбасымыздың сөзін ұран етіп, Еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері мен курсанттары арасында достық пен патриоттық сезімді арттыру мақсатында өткізілген, жастардың талабын шыңдауға және ықыласын көтеруге бағытталған әскерилендірілген пікір-сайыс турниріне қатысуға Қазақстан Жоғарғы оқу орындары арасынан  100 пікір-сайысшылар командалары қатысты. Жалпы саны 300-ге жеткен пікірсайысшылар Қазақстанның жеті қаласынан жиналды.

0101.jpg

Турнир төмендегі бағдарлама жүзінде жүргізілді:

Наурыздың 2 жұлдызында пікір-сайысымыздың ашылу салтанатында институт бастығы полковник Мустабеков Асқар Досбосынұлы баяндама жасап, жастар жылы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар легіне шолу жасады. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты төрағасының орынбасары Медеуов Ержан мырзаның іс-шарамызға қатысып, қолдағаны жастарға үлкен демеу болды. Одан әрі институтымыздың белсенді жастарынан құралған «Байланыс жастары» КТК (КВН) командасының ұйымдастыруымен ән-күйге толы концерт болды. Концерттік шарадан соң автоматты (АК74) шашып, жинаудан әскерилендірілген сайыс ұйымдастырылып, азаматтық оқу орындарының қыз-жігіттері өзара бақ сынасты.

0102.jpg

Пікір-сайысымызға келсек, АПФ (Американдық-Парламенттік форматта) және ЛД (Линкольн – Дуглас) форматтарында өткізілді. Кәсіпқой пікірсайысшылар мен жас пікірсайысшыларды екі бағытқа бөліп, жеке дара сайыс алаңдары құрылды. Пікір-сайысшылар 8 тақырып бойынша өз ойлары мен идеяларын дәлелдеді.

Солардың бір-екеуіне тоқтала кетсек, мысалы, БП (бұл палата): Жауынгерлік рухты көтеретін ең үздік кітапты көрсетеді. Бұл қарарда пікір-сайысшылар осы уақытқа дейінгі жазылған кітаптар ішінен жауынгердің рухын көтеретін бір кітапты тілге тиек етті.

Немесе, БП (бұл палата): Жусан операциясының зиянынан пайдасы көп деп есептейді. Бұл қарарда пікір-сайысшылар алғаш рет болған “Жусан операциясының” ҚР-на пайдасы көп келді ме әлде зияны ма? осы сұрақтарға жауап берді.

Наурыздың 3 жұлдызында пікір-сайысымыз өз мәресіне жетті.

Альфа лигасында, яғни кәсіпқой пікірсайысшылар арасында бас жүлдені Нархоз университетінің, 2-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, 3-орынды Шымкент Оңтүстік Қазақстан мемлекетттік педагогикалық университетінің командалары жеңіп алды. «Үздік спикер» мәртебесіне әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілі Өмірзақ Нұрдәулет ие болды.

Бета лигасында, яғни жас пікірсайысшылар арасында бас жүлдені Құрлық әскерлері Әскери институтының, 2-орынды Ақтөбе қаласының, 3-орынды Сүлеймен Демирел университетінің командалары жеңіп алды. «Үздік спикер» мәртебесіне Сүлеймен Демирел университетінің студенті ие болды.

Мәреге өз күш-жігерімен, үздік идеясымен жеткен жеңімпаздарымызға салтанаты марапаттау кезінде институт бастығының кубогі және тарихи мәні бар бағалы сыйлықтар табысталды.

Еліміздің келешегінің көркеюі, әрине, жастардың қолында, олардың идеясына құлақ асу, ой-пікірімен санасу аға буынның жастарға деген ізеті деп білеміз. Осындай іс-шараларды ұйымдастыру арқылы еліміздегі пікір-сайысшылардың қатарын көбейтіп, ұлттық рухты жүректеріне ұялатқан жастарды тәрбиелеу ісіне үн қосу жұмысы қашанда басты нысанада болмақ.

 

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі

Сурте Е.Алибаевтікі



Ұқсас тақырыптар