Пентагон ұзақ уақыт тыйым салынған зымыранын сынауды жоспарлап отыр

3.jpg


АҚШ тамыз айында құрлықтан ұшырылатын 1000 шақырым радиуста әрекет ететін жаңа зымыранды сынақтан өткізуді жоспарлап отыр деп хабарлады Пентагон басшыларына сілтеме жасаған Reuters агенттігі. АҚШ саясаткерлері Трамп әкімшілігінің жоспарын сынайды. Кейбір сарапшылар "бұл - АҚШ-тың Ресейді зымыран туралы келісімге қайта оралуға шақыру нышаны" да болуы мүмкін дейді.

“Біз құрлықтан ұшырылатын қанатты зымыранды сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз” деді АҚШ қорғаныс министрлігінің аты-жөнін айтпаған шенеунігі Reuters агенттігіне наурыздың 13-і күні.

Егер сынақ сәтті өтсе, зымыранның бұл түрі 18 айдан соң белгіленген жерге орнатыла бастайды.

Reuters агенттігіне сұхбат берген шенеунік АҚШ-тың сонымен бірге қараша айында орта қашықтықта ұшатын баллистикалық зымыранды сынақтан өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Министрлік өкілі журналистерге АҚШ-тың Еуропа және Азиядағы әріптестерімен жоспарланған сынақ жайлы әлі ақылдаспағанын жеткізген.

Қорғаныс министрлігінің тағы бір өкілі орта қашықтықта ұшатын зымыранның Қытай немесе Ресей аумағына жақын Тынық мұхитындағы Гуам аралына орнатылуы мүмкін екенін айтқан.

Қарулануды бақылау жөніндегі қауымдастық сарапшысы Кингтон Рейф Reuters агенттігіне "бұл - АҚШ-тың Ресейді зымыран туралы келісімге қайта оралуға шақыру нышаны" болуы мүмкін деген. Дегенмен сарапшы "Трамп әкімшілігі жәй ғана зымыран туралы келісімнен шығуды жоспарлап отыр" деген болжамға көбірек сенетінін айтқан.

"Менің ойымша, Ақ үй мен ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші [Джон Болтон] келісімнен шығуды көздеп отыр, сондықтан олар келісімнен шыққаннан кейін яғни Еуропа немесе Азия-Тынық мұхитында мұндай әрекеттер жасауға тыйым салынбаған кездегі әрекеттерін жоспарлап отыр" деген Рейф.

Ал АҚШ-тың өкілдер палатасындағы қарулы күштер комитетінің өкілі Адам Смит "ресейліктер зымыран туралы келісімді ("Орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою") жылдар бойы бұзып келеді, әлем назарын ресейліктер пікіріне аудартудың орнына Трамп әкімшілігі келісімнен шығу туралы шешім қабылдады" деп сынаған.

1987 жылы АҚШ пен совет одағы басшылары қол қойған "орта және қысқа қашықтыққа арналған ядролық зымырандарды жою" келісімі Еуропа мен өзге де аймақтағы бейбітшіліктің кепілі ретінде қабылданып келген. Келісім бойынша, екі тарап орта (1000-5500 километр) және шағын (500-1000 километр) қашықтыққа ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды шығармау, сынақтан өткізбеу және көбейтпеу туралы міндеттемелер алған.

Вашингтон мен НАТО Ресей келісімді бұзды және оның 9М729 "Новатор" қанатты зымыраны (SSC-8 деп те атайды) келісімде көрсетілген шектен ұзаққа ұшады деп Мәскеуді бірнеше рет айыптаған. Ресей мұны терістеп, зымыран келісімін АҚШ-тың өзі бұзып отыр деп мәлімдеген. Вашингтон Мәскеудің айыптауын жоққа шығарған.

Бұған дейін БҰҰ "келісім күшінің жойылуы - әлем қауіпсіздігі мен тұрақтылығына әсер етеді" деп мәлімдеп, АҚШ пен Ресейді келісімді сақтап қалуға көндіруге тырысқан.

Наурыз айының басында Ресей президенті Владимир Путин кезінде СССР мен АҚШ бекіткен ядролық қаруды бақылау келісіміне Ресейдің қатысуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған. Жыл басында АҚШ 2 ақпаннан бастап зымыран туралы келісімнен шығу процесін бастайтынын хабарлаған.

Ақпан айының соңында Ресей президенті Владимир Путин егер АҚШ Еуропа немесе өзге аймақта жаңа зымырандарын шоғырландырса, оған жауап ретінде ядролық зымыранын немесе сүңгуір қайығын АҚШ-қа жақын аумақта шоғырландыратынын мәлімдеген. Ал НАТО "одаққа мүше елдерге Ресей президентінің сес көрсетуі орынсыз" деп айтқан.

 



Ұқсас тақырыптар