Маңғыстауда мектеп директорлары кең кабинеттерін босатып жатыр

IMG-20190315-WA0018.jpg

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері және арнайы мониторингтік топ мүшелерінің қатысуымен аймақтағы 141 мектеп әкімшіліктерінің 75-нің қызметтік бөлмелеріне мониторинг жасалды.  

Нәтижесінде Ақтау қаласындағы №21, №29 және Жаңаөзен қаласындағы №9 мектеп директорларының қызметтік бөлмелері шағын бөлмеге көшірілді.  

Мысалы, Ақтау қаласындағы №21 орта мектептің директорының қызметтік бөлмесі - 47 шаршы метр, ал қабылдау бөлмесі – 13 шаршы метр екендігі анықталып, бірінші қабаттағы шағын бөлмеге көшірілді. Босаған бөлме балаларды қосымша оқытуға берілді. Сондай-ақ аталған мектеп директорының қызметтік бөлмесін жаз маусымында жүретін күрделі жөндеу кезінде «Open space» технологиясы бойынша жабдықтау жоспарлануда. 

Ал Жаңаөзен қаласында - 5, Мұнайлы ауданында - 12,  Бейнеу ауданында - 8, Ақтау қаласында 4 мектеп (№17, 21, 23, 29) бойынша мектеп директорларының қызметтік бөлмелері бойынша артық алаңдар анықталып, қызметтік бөлмелер шағын кабинетке көшіріліп, босаған бөлмелер оқушылардың шығармашылығына, қосымша оқыту, т.б. мақсаттарға арналып жасақталуда.  

 Агенттіктің аумақтық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұргүл Мұқатайдың айтуынша, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметші мемлекет пен қоғам арасын мейлінше жақындату міндеті тұр. Осы мақсатта мемлекеттік қызметшілермен қатар мектеп, аурухана, емхана, колледж, бала бақшалар мен басқа да мекемелердің басшылары халыққа жақын болу мақсатында, мемлекетке шығын келтіретін кең кабинеттерден бас тартып, бірінші қабатқа орналасқан шағын бөлмелерге көшуде.  

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында тиімсіз болып келетін бюджеттік шығындарды оңтайландыру туралы атап көрсеткені баршамызға мәлім. Жолдаудан туындағын тапсырмаларды орындау мақсатында 2018 жылдың ІV тоқсанында мемлекеттік органдардың пайдаланып отырған алаңдарына мониторинг жүргізіліп, артық алаңдар оңтайландырылған болатын», - дейді ол. 

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мекеме басшыларының азаматтар үшін қолжетімділігін арттыру мақсатында «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері мен арнайы мониторингілік топ мүшелерінің қатысуымен алдағы уақытта өзге де мекемелерге  мониторинг жасау жоспарланған. Босаған кабинеттер қосымша білім беру, факультативтік оқыту және т.б. мақсаттарға пайдаланылмақ. 



Ұқсас тақырыптар